1 Сәуір, 16:11 456 0 Аймақ Анар ЛЕПЕСОВА

Түркістан облысы: Жетісайлықтар жаппай маска киіп жүруге міндеттелді

Бес тұрғын коронавирус жұқтырған Түркістан облысының Жетісай ауданының тұрғындары жаппай маска киіп жүруге міндеттелді. Бұл туралы Жетісай аудандық әкімдігі хабарлады. 

«Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты құрылған штабтың шешіміне сәйкес аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және короновирус індетінің алдын алу мақсатында Жетісай ауданына маскалық режим енгізілетінін хабарлаймыз. Осыған орай көшеге шығар кезде жалпы қоғамдық тәртіпті сақтауға, мейілінше кез келген жерге маскасыз бармауға кеңес береміз. Төтенше жағдай кезінде тәртіпті бұзғаныңыз үшін заң алдында жаупкершілікке тартылып, ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзу туралы кодексінің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеміз» делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік, ауданда індеттің алдын алу мақсатында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Арнайы блок бекеттер құрылып, полиция инспекторлары мен медицина саласының мамандары тәулік бойы әрбір көлікті тоқтатуда. Арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуын өлшеп, тексерістен өткізуде.

Сонымен қатар, блокбекетте тіркеуден өткен әрбір азаматқа қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, ойын-сауық орталықтарына бармау мен көпшілік орындардан оқшаулану, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мен бетпердемен жүру керектігі түсіндірілуде.

Еске сала кетсек, Жетісай ауданында бес адамның коронавирус жұтырғаны анықталды Оның төртеуі - бір отбасының мүшелері болса, бір адам Алматы қаласына іссапарға барған болып шықты.

 

Соңғы жаңалықтар