«Фариза»

«Фариза»

«Фариза»
ашық дереккөзі
Өткен аптадағы елді дүр сілкіндірген мәдени жаңалықтың бірі – ақын, Қазақ­­­-стан­­ның халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың сексен жасқа толуына байланысты қойылған «Фариза» драмасы болды. Көптен бері М.Әуезов атындағы академиялық театрының көрермен залы дәл осыншалықты толғанын бірінші рет байқадық. Әрине, ол театрға адам жиналмайды немесе жақсы қойылымдар қойылмайды деген сөз емес! Бұл ақын оқырмандары мен көзкөргендерінің оның сыршыл да ұлылыққа толы шығармаларына шө­лір­кеп, поэзияға жаңа леп әкелген, әйел махаббатының биік шыңын қалыптастырған, өліп-өшіп сүйсе де, өзінің өр мінезі және тәкаппарлығымен тарихта қалған Фаризаға деген махаббат жетелеп келгендей. Бар-жоғы бір сағат он бес минутқа со­­зылған спектакль соңғы нүктесін қойғанша, залдан тыныс алған бір дыбыс естілмеді. Үнсіздік. Қазақ халқының маңдайына біткен, көрнекті ақын-қыздың жүрегінен суырылып шыққан жырлары сынды тағдыры көз алдымыздан сырғып өтіп жатқандай. «Керегі жоқ, маған өлеңіңнің керегі жоқ, жар сүйгім, бала сүйгім келеді...» деп еңіреген Назгүл Қарабалина бейнелеген Фаризаның зарлы даусы құйқамды шымырлатып, еріксіз езілдім. Қатал тағдыры – Лейло Бекназар-Ханинга болса, «Жоқ, сенің өмірің де, тағдырың да – өлеңің, басқаша болуы мүмкін емес» дегеніне амалсыз мойынсұнған ақын жан-жүрегі, бар болмысымен қалшылдап-дірілдеп, жындануға шақ қалады. Шыны керек, драманың осы бір тұсы М.Әуезовтің «Қарагөзін» көз алдымызға әкелгендей болды. Қап-қара шашын жайып тастап, бетін қызыл-ала қанға бояған Қарагөз бейнесі «Мейлі, осы тағдырмен өмір сүруге дайынмын» деп жігерленген Фаризаға айналып сала бергендей. Жыр – менің планетам: Бәрі осында жазғаным,    тергенім де, Сезінгенім, сүйгенім, сенгенім бе, Мінезім бе, болмыс па, кермек үн бе – Бәрі осында, басқасы қалды құмда. .......................................................... Жатпаса да мені жұрт елеп керім, Ұранына ергем жоқ желөкпенің Қылмысым да осында, тұрмысым да, Тағдырым жоқ жырымнан бөлек менің..., – деп ақынның өзі айтқандай, әрбір шығармасынан өз тағдыры, өз мінезі, өз өрлігі, арман-мақсаты айдан анық байқалып тұрады. Кейде мұңға толы махаббаттан шаршаған, кейде лапылдаған от сезімге бас қойған ақын жырларын оқыған сайын, Өлең-Фаризаға, Фариза-Өлеңге айналып жүре береді. Ол сөзсіз шындық, ақиқат! Сылаң қағып, бойжете бастаған бүл­дір­шін шағымызда-ақ, Фариза боп өлеңге еліттік, Фариза боп өлең оқыдық, Фариза болып ғашық болуға, өмірді сүюге тырыстық. Кез келген өлеңін жаттап өстік. Әлдебіреулердің «жылаңқы ақын» дегенін естігенде, поэзияның ғана емес, қазақ қыздарының адал да аңғал сезім-махаббатын сезіне білмеген түйсіксіздікке жыладық. Ақын жанын, ақын туындысын ақтадық, арашаладық. Өзімізді автормен күнде бірге жүргендей, етене араласып ғұмыр кешіп жатқандай сезіндік. Бір сөзбен айтқанда, шығармалары сынды өмір ағысына ілеспей, оған қарсы жүзетін қайсарлығынан, тазалығынан, адалдығынан қазақ қыздарына тән тәлім-тәрбиені де ақын жырларынан алдық, ұғындық, түйсіндік. «Фариза» пьесасының авторы, белгілі қаламгер Роза Мұқанованың өзі айтқандай, қасиетті сахнаға араға жиырма екі жыл салып, біраз үзілістен кейінгі сахналанып отырған бұл туындының бойынан да ақынға деген ұлы сағыныштың лебі сезіліп тұр. Тіршілігінде  етене жақын, тығыз араласып кетпесе де, байланыстары үзілмеген драматургтің ақын апасына деген шексіз сыйластығы болар, бар-жоғы бірер айдың шамасында жазылған спектакль­дің продюсері мен авторы Айнұр Көпбаса­рованың есімі де көпшілікке өзінің ұйым­дастырушылық істерімен етене таныс. – Идея авторы Айнұрдан ұсыныс түскенде, тосылыңқырап қалдым. Фариза апама деген сағыныш түбі бір шығармаға арқау болатынын ойлап жүрсем де, дәл осындай ұсынысты күтпегенім рас. Оның үстіне ақынды, ақын шығармаларын жақсы білсем де аңызға айналған қазақтың дара қызының бейнесін шығара алмасам ше, деген де күдіктен арыла алмадым. Дегенмен, ол кісінің эмоциясынан драма, трагедиясынан философия іздедім. Ол да барлық пенде сияқты адами сезімдерді басынан кешіргені, ашуланғаны, жылағаны, күлгені, тіпті жалғыздықтан шаршаған-қажыған сәттерінде жанына жалау болған поэзиясымен ғана арпалысқан жұмбақ жан екенін, бүкіл сөз құдіретін түсінетіндіктен де жазу оңай болмады, – деген Роза Мұқанова жанарына келіп қалған жасты көмейіне іркіп қалды.   Ал, менің жаным мүлдем басқа бір сарынды аңсап, ерекше күйзеліске түскендей. Көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанындай болып кеткен, ақын апасынан кейін ұзамай қайтпас сапарға аттанып кеткен қазақтың кәсіпкер қызы Асаубаева Маруся апайымның телефондағы жылап тұрып айтқан мына сөзі жадымда жаңғырып, еріксіз көзіме жас толды. «Айналайын, Маруся-жан, мен өмірімде өлеңді ғана серік еткен, мына пешенеме басқадай тағдыр жазылмаған пендең ажалды қуана қарсы алып отырған жайым бар. Өлімнен қорықпаймын. Есігімді қағатын сәт те алыс емес. Бірақ менің бақытым, құрсағыма шарана бітпесе де, алпыс екі тамырым иіп сәби сүймесем де, аналық махаббатты сезіне алмай өтіп бара жатсам да, маңдайыма әйелдің ғана бойына беретін әйели-сырқатпен Алланың алдына барам, соған да шүкір», – дегенін айтып жылаған Маруся апатайымның үні еміс-еміс құлағымда жаңғырды. Айналам тұманданып бір сәт оңашаланып қалған есімді залдағы шапалақ үні селт еткізді. Ақынды сағынған елдің жанарында жас. Алматы кеші де бұлттанып, нөсер жауды. Менің де көз жасым тоқтар емес...   Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ «Тúrkistan»