Қоңыр әулие

                                Қоңыр әулие

                                Қоңыр әулие
ашық дереккөзі
Қоңыр әулие үңгірі – Шыңғыстау бөктерінің батыс бөлігінде Шаған өзенінің іргесінде орналасқан қасиетті мекен. Ғалымдардың зерттеуі бойынша үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, кейбір жерінің тереңдігі 5 метрге дейін, көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған. Судың температурасы 4С шамасында. Жергілікті халықтың айтуына қарағанда ерте заманнан көлдің емдік қасиеті бар. Шыңғысхан әскері де осы көлге тоқтап, жараларын емдеген деседі. Көлдің ерекшелігі суға кіргенде адамның тұла бойы мұздап, шыққаннан кейінгі сергектік пен дененің қызып, жылынуында. 1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Онда бұл үңгір жайында: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді» деп жазылған екен. Үңгірдің алдындағы аласа төбелерде жүздеген адам жерленген қорым бар. Бұлар Шаған шайқасында қаза тапқан қазақ сарбаздарының зираты деп есептелінеді. Оның дәлелі зират тастарындағы қазақ руларының таңба-белгілері. Бұл тарихи мекенге қазіргі таңда әр елдің түпкір-түпкірінен туристер келіп,ем мен шипа іздеуде. Жан мен тән тыныштығын табу мақсатында түнеп, құлшылық етіп, құрбандық та шалуда.

Түйіндей келсем, Қоңыр әулие ескерткіші – ең алдымен өткен тарихтың куәсі,баба тарихы мен мұрасы. Қазақтың аңыз-әңгімелері, Шыңғыс хан тұлғасына қатысты аңыздар, Абай дәуірінің жаңғырығы болып саналатын  Қоңыр әулие үңгірінің тарихи құндылығын ұрпақ жадынан өшірмейді.

 АльбинаТумарова,

Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының 3 курс студенті