Түлеген, мың бояулы түрге енген

Түлеген, мың бояулы түрге енген

Түлеген, мың бояулы түрге енген
ашық дереккөзі
Түркістан облысының құрылғанына – 1 жыл 2018 жылдың 19 маусымы. Тарихи сәт. Елбасы Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойған айтулы күн. Сол күні Елбасы Н.Назарбаев түркі дүниесі ұзақ жыл күткен шешімді қабылдап, мерейін әп-сәтте асқақтатты. «Қазақстан Республикасының Әкім­ші­лік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғалы отырмын. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталатын болады. Осы әкімшілік аумақтың құрылымына өзгеріс енгізу арқылы бұл өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген тарихи құжат болып саналады», – деп атап өтті. Бұл қадам көне шаһардың қойнауында жатқан тарихи жәдігерлердің қайта жарқырап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тінің көтерілуіне, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына оң ықпал жасайтыны сөзсіз. 1500 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр. Көне тарихтан – жаңа ғасырға Бұл жаңалық күллі түркі жұртын, әсіресе түркістандықтарды ерекше қуантты. Бөркін аспанға атып, шаттанбаған адам кемде-кем. Сол күннен бастап өңір халқы Түркістан облысын құру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Елбасының Жарлығын ел болып мерекелеп, атап өтті. Міне, сол тарихи шешім қабылданған күнге де бір жыл толды. Түркістан жұрты айтулы мерекені тойлауға кірісіп кетті. Бір жылдың ішінде ерекше түрге еніп, түрленген қасиетті шаһардың экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші де өсіп келеді. Қаланың аумағы кеңейіп, «Бес әлеуметтік бастама» бойынша тұрғын үй құрылысы басталып кетті. Ең бастысы, қаланың келбеті өзгеріп, тіршілігіне жан бітті. Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай, облыс әкімі Өмірзақ Шө­кеев Түркістан қаласындағы Жастар ре­сурстық орталығында баспасөз-конференциясын өткізді. Жиынға республикаға танымал БАҚ өкілдері және өңірлік төр­тін­ші билік өкілдері арнайы қатысты. Небәрі бір жыл өтсе де өңір қарқынды дамудың жолына түскен. Мәселен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Оның ең маңыздысы – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары». Сонымен қатар, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында облыста ауқымды жұмыстар ат­қарылуда. Атап айтсақ, көпбалалы аналар­ға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөл­шері орташа есеппен 40 пайызға артып, 2019 жылы 103 464 мыңнан астам отбасы өтініш білдірген, оның 65 946-на атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Түркістан облысы бойынша жыл соңына дейін 1032 көпбалалы отбасы  пәтермен қамтамасыз еті­летін болады. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша  барлығы 1724 пәтер тапсырылды. Жыл қорытын­дысымен 50 тұрғын үй, яғни 2 613 пәтер пайдалануға беріледі. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, медицина саласында облыстық бюджет есебінен 2018 жылы шалғай елді мекендерге 62 модульдік медициналық пункт сатып алынса, 2019 жылы 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланған. «Облыста 2 қалалық, 4 аудандық емхананың құрылысы және Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентханасы және 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүруде. Биыл мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 3315 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 24 478 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты», – деді облыс бас­шысы. Өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тапты. Облыс орталығының дамыту жоспарымен таныстырған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев: «Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56 пайыз газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83 пайызға ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан бой көтереді. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы басталды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы», – деді Өмірзақ Естайұлы. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. На­зар­баевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында туризм саласы бойынша колледж ашу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленді. Соның бірі – Қасқасу туристік-рекреациялық кешені, «Ұлы Жібек – жолы» ұлттық қол өнер шеберлері орталығын» жасақтау, Шығыс базары.   Инвестиция тартуға қолайлы аймақ Жібек жолы арқылы алыс-жақын елдермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі мол әрі Еуразиялық кеңістіктің кіндігінде орналасқан Түркістан облысын дамытуға шет мемлекеттер де қолдау көрсетіп, инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Соның нәтижесінде өңірде шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келеді Мәселен, 2017 жылы 482 млрд теңге қар­жы құйылды. Енді тағы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.  Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше жағдай жасалған. Сондай-ақ, 2 млн тұрғыны бар Түркістан өңірі Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан облысқа жатады. Мұндағы ауылшаруашылық саласы аймақтық экономиканың драйверіне айналған деп айтуға болады. Атап айтсақ, жылына 1 млн тонна бақша өнімдері жи­налады. Респуликадағы жылыжайлардың 90 пайыз үлесі осы облысқа тиесілі. Қазір облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында аудандарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жетісай ауданында 2018 жылдың 11 айында 300 млн теңге инвестиция тартылды. Атап айтсақ, «Khansuar invest» ЖШС және «Тұңғатар» өндірістік кооперативтері ауданға шетелдік мақта теретін комбайндар, жер жыртуға арналған техникалар және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын алып келіп, ауданға қосымша 1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Қазіргі таңда тиісті құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ, шетелдік инвесторларына зәйтүн майын шығаратын зауытқа қажетті 20-30 гектар жер учаскесі ұсынылған. Қазір ұсынылған жерлердің топырақ құрамын анықтау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, ауданда баламалы энергия көздерін дамыту арқылы тапшылықты жоюға бағытталған «Компания Кади» ЖШС-ның қуаттылығы 4,8 МВт-тық күн электрстансасы жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандағы сүт өңдеу зауыттарының санын арттыру мақсатында желтоқсан айының соңына дейін Қарақай ауылдық округінен сүтті қайта өңдеу цехы ашылмақ. Аталған жобаның құны 100 мың АҚШ долларын құрайды. Нәтижесінде Жетісай ауданында сүт өңдейтін екі кәсіпорын болады. Оның біріншісі Асықата кентінде бұрыннан жұмыс істеп келеді. Аудандағы «Ақ алтын Береке» ЖШС 2008 жылы құрылған. Кәсіпорын жылына 400 тонна сүт өнімдерін өңдейді. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдері негізінен облыс аумағында саудаланады. Ал Сайрам ауданында 2018 жылдың 10 айында 13,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Облыс көлемінде инвестиция бойынша ауданның үлесі 6,5 пайызды құрайды. Аудандағы кәсіпкерлік саласы бойынша белсенді субъектілердің саны 14665 бірлікке жетіп, өсім 12,8 пайызға тұрақтады. Өңірде 324 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 992 жұмыс орны ашылған. 2018 жылы кәсіпкерлік саласында 85,8 млрд теңгенің өнімін өндіру жоспарланып, 10 ай көлемінде 93,7 млрд теңге өнім өндірілген. Нәтижесінде жылдық жоспар 109,2 пайызға орындалған. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 10 ай көлемінде 5 жобаға 103 млн теңгеге қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлікті қаржы институттары арқылы қаржылай қолдау мақсатында аудан көлеміндегі микрокредиттік ұйымдар арқылы 8 мыңға жуық адамға 4 млрд 367 млн теңге несие берілген. Өңірдегі инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жұмыс жүргізіп келе жатқан «TURKISTAN INVEST» компаниясы да ауқымды жобаларды қолға алуда. Қазіргі таңда «TURKISTAN INVEST» компаниясында облысқа жалпы құны 507 млрд тенгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде баламалы электр энергиясын өндіру бойынша – 6, ауылшаруашылық саласына қатысты – 5, өңдеу өнеркәсібіне қатысты 8 жоба бар. Өткен жылы 4 кәсіпорынның құрылысы басталды. Барлық жобаларды жүзеге асыру аясында 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары пайда болуы тиіс. Олардың қатарында жалпы құны 13 240 млн теңгелік «ЭкоПроТех-Астана» ЖШС күн электростанциясы – 20 адамды, құны 95 000 млн теңгені құрайтын «Standard Petroleum & Co» ЖШС мұнай өңдеу зауыты – 1000 адамды жұмыспен қамтымақ. Сонымен қатар, инвестициялық компания тарапынан әлеуетті инвесторларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында «InvestInTur­kistan.org» инвестициялық порталы әзірленген. Ондағы ақпарат ағылшын, француз, қытай, түрік, араб, орыс және қазақ тілдерінде көрсетілген. Бұл порталдың көмегімен инвестор әлемнің кез келген бұрышынан, кез келген уақытта өзіне қажетті өңірдегі инвестицияға қатысы бар ақпаратты алу мүмкін­дігіне ие болады.   Тоғыз жолдың торабын тоғыстырған Елбасының тікелей ықпалымен 1991 жылы Түркістан­да Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситеті құрылды. Бұл бастама қаланың түркі дүниесіндегі орнын тағы бір айшықтай түсті. Сонымен қатар, 1998 жылдан бастап Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына арналған дайындық шараларына ұласты. Атап айтқанда, 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайы да осында өтті. Бұл құрылтайда қандастардың елге оралу цмәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды. Түркістан еліміздің Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары үшін сауда орталығы болса, сондай-ақ, қала «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан және бір жағынан Қытайға, екінші жағынан Ресейге қатынайтын темір жол торабы да бар. Тамырын тереңге тартқан құт мекен – Түркістан 2017 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркі әлемі­нің мәдени астанасы атанып, осы жыл көлемінде қалада бауырлас ха­лықтардың бірлігі мен мәдениетін паш ететін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Елбасы Түркістан облысын құру туралы арнайы Жарлыққа қол қойғаннан кейін, өңірге алғаш рет сапарлаған ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның бірінші отырысына қатысып, қаланың даму жоспарымен танысты. Мәселен, жаңадан жасалған бас жоспарға сәйкес қала аумағының көлемі 35 мың гектарға ұлғайған. Ал Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп, оның 170 гектар аумағына әкім­шілік-іскерлік орталық салынса, 300 гектарына көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылатын болады. Аталған қалашықта 65 мыңға жуық тұрғын тұрады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа жоспарға сәйкес инфрақұрылымдық жүйелерді және көліктік-логистикалық бағытты да­мыту жолдары қарастырылды. «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. «Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылды. Оның біріншісі «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдер­дің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақыш­та қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.    Туризмге сұранып тұрған шаһар Ерекше тарихи-архитектуралық және археологиялық ескерткіштері, айрықша табиғаты бар өңірдің бірінші даму бағыты – туризм. Қазірдің өзінде мұнда келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Өңірге былтыр миллионыншы турист келгені салтанатты түрде жария етілген. Ал 2020 жылы 5 млн турист келеді деген болжам бар. Қазір облыс басшылығы осы мақсатқа жетуге жұмыла кіріскен. ҚР Премьер-министрі А.Маминнің 2019 жылғы 4 наурыздағы тапсырмасы және ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға сәйкес, туристер көп баратын облыстарда туристік полиция құру жөніндегі жол картасы бекітілген болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін арттыру, өңірге келген шетел азаматтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін Түркістан облысында туристік полиция бөлімі құрылған еді. Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің туристік бөлімшесі 10 қызметкерден тұрады, оның бесеуі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болса, қалған бесеуі Отырар ауданы Полиция бөліміне, яғни Арыстан баб мавзолейіне берілді. Әр обьектіде модульдік түрдегі стационарлық бекеттер орналастырылды. Мамандар бейнетіркегіштермен, планшеттермен, рациялармен жабдықталған. Сонымен қатар, Түркістандық туристік полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби және қызметтік қасиеттері жоғары болуымен қатар, туристермен қарым-қатынас жасау үшін бірнеше тілді меңгерген мамандар. Сондай-ақ, туристерге туындаған мәселелерін шешу үшін өзге құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауды қамтамыз етуде қызмет жасауға дайын. Бұдан былай киелі мекен – Түркістанға сапарлайтын туристер мен жолаушылар саны артпаса, кемімейді. Сондықтан да теміржол, авто бекеттерді жарақтандырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту маңызды. Ол үшін цифрландыру талабына орай соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтау да күн тәртібінен түспек емес. Таяуда ғана қаланы әлеммен байланыстыратын халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды. 2020 жылдың аяғында қолданысқа берілетін әуежай Түркістан қаласына жақын орналасқан Шаға ауылынан 3 шақырым қашықтықта салынуда. Бұл – Түркістан облысының даму стратегиясының бір бағыты еді. Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков: «Жеке инвестицияның есебінен 19 қызмет көрсету нысандары салынып жатыр. Шетелдік туроператорларды осында әкеліп, туристік нысандарымызды көрсетіп, нақты туристер алып келу бойынша келісімшарт жасастық» деген жаңалығымен бөлісті. Айта кету керек, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалды. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркітілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алына бастады. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы аясында басталып та кетті.    Түркістан – текті төр Түркістан облысының құрылуы тек Түркістан қаласы мен шаһар төңірегінде тұратын жұртшылықтың ғана емес, ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке атанған өңір халқының қала берді тұтас қазақтың, түгел түркінің қуанышы! Түгел түркі әлеміне қымбат, қасиетті тұлға – Ясауи бабамыз: «Іштүгіне қулық толғандардың, көкіректерінде ар-ұят солғандардың жүректері дірілдемейді, жандары тебіренбейді», – деген. Түркі дүниесінің текті төрі Түр­кіс­тандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 19 биі, 52 батыр қолбасшысы жерленген. Текті төрді рухы тербеткен Ахмет Ясауи бабамыз: «Өз дініңдегіні дос тұт, өзге діндегілерді де дұшпан тұтпа», – деген.  Осы тұрғыда белгілі жазушы Мархабат Байғұт: «Бүкіл ел­дің назары ауып, ықыласы түскен шаһарда бәрі болады. Алайда халқының мәдениеті де соған сай биік болуы керек», – дейді. Сол үшін биыл­­дан бастап бүкіл түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің, спорт және өнер жұлдыздарының басын қосып, пікір алмасатын алаң құрылмақ. Осылайша, ғасырлар бойы Қазақ хан­дығының орталығы болған шаһар енді тұтас түркі жұртының руха­ни һәм мәдени астанасына айналмақ.  

Дайындаған Динара Мыңжасарқызы