30 Шілде, 12:24 389 0 Нұр Отан Анар ЛЕПЕСОВА

Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы өзекті мәселелерді жан-жақты зерттеп, оны шешудің жолдары өңірлік партия бағдарламаларында көрініс табуы қажет екенін атап өткен болатын.

«Партия басшылығы, Мәжіліс пен мәс­лихат депутаттары жергілікті жерлерді ара­лауға тиіс, соның ішінде, шалғай аудан­дарға баруы керек. Адамдармен кездесіп, проблемаларды жан-жақты зерделеу, олар­ды шешу маңызды. Бұл мәселелердің бар­лығы өңірлік партия бағдарлама­ларын­да кө­рініс табуы қажет», – деді Н.Назарбаев.

Елбасы айтқандай, партияның үш мақ­саты бар. Ол біріншіден, халықтың пікірін білу, халықтың сөзін сөйлеу және оны би­лікке жеткізу. Қазақстанның дамуына қа­тыс­ты партияның нақты ұстанымы бар, тиіс­ті стратегия мен жұмыс жоспары бекі­тілген, қажетті ресурстар қарастырылған. Мақ­сат – айқын, бағыт – түзу. Ендігі жерде ел болашағына жауапты халықтық пар­тияға айналу жолында нақты істер қолға алынуы тиіс. Осы жолда ең маңыздысы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай партияның, оның ішінде облыстық филиалдардың халықтың мұң-мұқтажы мен өтініш-талаптарын қана­ғаттандыруы, Үкімет пен халық ара­сындағы байланысты нығайтуы, сонымен қатар қиын кезеңде халықпен бірге болып, барынша қолдау көрсетуі.

Әсіресе, карантин кезінде қиын жағ­дайға тап болған, әлеуметтік көмек пен қар­жылай қолдауға мұқтаж жандардың талап-тілегін орындау – партия үшін кезек күттірмес мәселелердің біріне айналды. Бүгінде заман талабына сай әлеуметтік же­лілер арқылы келіп түскен өтініштер мен Call-орталығына шалынған қоңырауларды қабылдау жалғасып жатыр.  Жұмыс халық­тың өтінішін қараумен және орын­даумен ға­на шектелмейді, азаматтардың өтініш­терін сапалы қарауға бақылауды күшейту де қолға алынған.

Мысалы, Түркістан облыстық филиалы қо­ғамдық қабылдау бөлмелеріне 2020 жыл­ғы 16 наурыздан 11 шілдеге дейінгі ара­лық­та 15 184 арыз-шағым келіп түскен. Оның 76,1 пайызы оң шешімін тауып, 3 553 өті­ніш бойынша заң аясында кеңес берілген. Ал қаңтар-наурыз айларында барлығы 2 773 қана өтініш келген. Салыстырмалы түрде соңғы үш  ай көлемінде арыз-өтініш­тер саны 6 есеге артқан. Яғни, еліміз бойын­ша енгізілген карантин жағдайы азамат­тардың талап-тілектерінің мазмұнын өзгер­тіп, бұл өз кезегінде партиядан көмек сұраушы азаматтар санын арттырып отыр. Жалпы, тұрғындардың өтінішін орындау бойынша партияның Түркістан облыстық филиалы республика бойынша бірінші орында.

Биыл Оңтүстік Қазақстан халқына коро­навирус індетімен қатар Мақтаарал ауданын басқан топан су ауыр соққы болды. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы апат болған алғашқы күннен бастап, жедел штаб құрамында жұ­мысқа кірісті. Партия филиалы тұр­ғын­дарды эвакуациялық орталықтарға орна­лас­тыру, гуманитарлық көмектерді үйлес­тіру және зардап шеккен тұрғындарға түсін­діру жұмыстарын жүргізді.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы 10 эвакуациялық орталықта үш мыңдай тұрғын орналасқан.  Оларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр, ал туыстарының үйін уақытша паналаған азаматтарға да азық-түлік таратылуда.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, партияның бірнеше бағдарламалық жобасы әлеуметтік саланы жақсартуға негізделген. Мә­с­елен, облыстық партия филиалының үй­лестіруімен қолға алынған «Бақытты от­басы» жобасы аясындағы «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен 1 600-ден аса отбасы анық­талды.

«Аталған отбасыларды сүйемелдейтін аудан, қала, ауыл округ әкімдері, мекеме бас­шылары, кәсіпкерлер, депутаттар, пар­тия белсенділерінен құралған 908 куратор бекітілді немесе бір кураторға орта есеппен 5 отбасы белгіленді. «Қамқорлық» бағдар­ла­масы арқылы әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларды толыққанды қатарға қосу үшін 4 бағыт бойынша қолдау жүр­гізіл­е­ді. Атап айтқанда, қажетті азық-түлік­пен қамту, медициналық жәрдем беру, кә­сіпке бейімдеп тұрақты жұмысқа орналас­тыру мен демеушілер арқылы баспанамен қамту жоспарланған», – дейді Б.Тәжібаев.

Ал жақында «Nur Otan» партиясы Пав­лодар облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері өңірдегі медициналық мекемелерге Қытай мен Ре­сейден жеке қорғану құралдары мен дәрі-дәрмек препараттары түрінде келген гу­манитарлық көмекке мониторинг жүргізді. Сонымен қатар партияның мұрындық болуы­мен өңірдегі халық қалаулылары мен кәсіпкерлер медициналық мекемелерге бірнеше рет көмек көрсетті. Ал аймақтағы жасотандықтар аталмыш акцияның жүзеге асуына өз үлесін қосты.

Қостанай облысында халықтың әлеу­меттік әлсіз тобына жататын тұрғындарға 50 мың теңге бір реттік төлемін жыл ба­сынан бері өңірде 22 мыңға жуық отбасы алған. Халықтың әлеуметтік әлсіз топ­тары­на антисептик, маска және бірінші қа­жеттілік өнімдері жеткізілді. Мұндай игі бас­тамалар айта берсек өте көп. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді партия өзінің басты міндетіне айналдырып үлгерді.

Елбасының бастамасымен партия та­ра­пынан енгізіліп жатқан жаңалықтар – прай­мериз бен өңірлік даму бағдар­лама­лары. Осы ретте «Nur Otan» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек: «Партия еліміздегі проб­лемаларды біліп қана қоймай, оларды шешу үшін қажетті қадамдар жасамақ. Олардың біріншісі – праймериз, яғни ішкі партиялық іріктеу өткізу арқылы қолынан іс келетін, білімді, елге сөзі өтімді, адал да абыройлы азаматтардың билікке, өкілетті органдарға келуіне ықпал ету болса, екіншісі – әрбір өңірдің ерекшеліктерін, нақты қажет­тіліктерін ескере отырып, арнайы даму бағ­дарламасын әзірлеу», – деген болатын.

Праймериз ең белсенді және сенімді мү­шелерді анықтауға мүмкіндік береді. Партия мүшелерінің ынтымақты дауыс беруіне қол жеткізу арқылы жаңа көшбас­шыларды анықтау – аймақтар бойынша атқарылып жатқан жұмыстың ең маңыз­дысы. Мәселен, партияның Алматы облысы бойынша филиалы партия беделінің халық алдындағы іскерлігін көрсетуде депу­тат­тыққа лайықты тұлғаларды ұсынуға жол ашып отыр. Бұл партияның жас мүшелері мен жақтаушыларының өздерін іс жүзінде көрсетуге және еліміздің дамуына өз үлесін қо­суға мүмкіндік береді.

Еліміз бойынша партиялық жоба аясында аудан, қалаларда мүмкіндігі шек­теулі азаматтарды жұмыспен қамту мақ­сатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Сонымен бірге партия өкілдерінің қатысуымен білім ме­кемелерінде инклюзивті ортаны қалып­тастыру бойынша мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Енгізілген карантин режиміне бай­ланыс­ты партияның өңірдегі филиалдары азаматтардың мұң-мұқтажы мен арыз-ша­ғымын онлайн режимде қабылдауды кү­шейтіп, әлеуметтік желіде тікелей эфир ар­қылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге көшті. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асы­рудың бірден-бір алғышарты.

 

 

Соңғы жаңалықтар