Дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты

Дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты

Дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты
ашық дереккөзі
Алматыда дәріханалар препараттарды өз бағасынан екі есе қымбатқа сатып жатыр. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қызметі көз жеткізді. Рейд кезінде әлеуметтік ара қашықтық сақталмағаны анықталды. Тіпті сағаттап кезекте тұрғандардың іздеген дәрілері табылмай, бары қымбат бағаға сатылып жатыр, деп хабарлады КТК. Тосыннан келген тексерушілерді күтпеген мұндағылар біраз әбігерге түсті. Тіпті дәріхана басшысының өзі сынай келген қызметкерлер мен депутатты далаға алып шықты. Сөйтіп, "талапқа сай жұмыс істеп жатырмыз" деп тыраштанғандар дәрі бағасы бекітілген қағазды көрсетуден бас тартты. "Жоқ, рұқсат бермеймін. Барлығы жұмыс істеп жатыр. Кезекке тұрыңыз да, бағасын біліңіз. Біз тек қала әкімдігіне бағынамыз және тек соларға есеп береміз. Ал сіздерге мұнда айтып тұрмаймыз". Дәріхана басшыларының рейдке келгендерді сыртқа қуып шыққаны былай тұрсын, тіпті жай ғана дәрінің бағасын білу үшін де кезек күту керегін айтты. Ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға тура келеді. Осылайша әзер дегенде ішке кірген мамандарға "бағаны бақылауда ұстап отырмыз, шекті бағада шектен шықпадық" дейді. Сондай-ақ, мұндағы кейбір дәрінің жоқтығына халықтың өзін кінәлап отыр. "Парацетамол 125 теңге. Сумамед 5600, зитмак 4900 теңге. Бұл айтып тұрған бағаларым 500 мг. Тамифлю 9990 теңгеден болды. Бірақ қазір жоқ. Гипарен де жоқ. Сұраныстағы дәрілер келе салысымен, бір-ақ күнде таусылып кетуде. Өйткені адамдар көптеп сатып алады да, өзгелерге жетпей қалады", - еп түсіндірді бөлім меңгерушісінің орынбасары Оксана Aлиева. Осылайша дертіне дауа іздегендер дәріханаларды кезуге мәжбүр. Таңертеңнен бері күн астында тұрып күткендердің іздегені табылмай,  уақыты зая кетуде. "Міне, бүгін сағат 10-нан бері дәріхана аралап жүрмін. Бұл 15-ші дәріханам. Орталық дәріханаға келіп тұрмын. Ешқандай дәрі жоқ. Тек парацетамол бар дейді. Іздеген дәрімнің ешқайсысы жоқ. Парацетамол үшін үш сағат бойы кезекте тұрмын", - дейді қала тұрғыны. Екінші дәріханада да жағдай дәл осылай. Ұзын-сонар кезек. Қаптаған қараша халық. Мұнда да қабағы қар жауған басшылық дәрінің бағасына шаң жуытпады. Ал сынай барғандар мәселені бұлай қалдырмаймыз деп ашулы. "1800 теңге тұратын антибиотик қазір 2600 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Барған дәріханалардан дәрілер бағасының бекітілген қағазын сұрадық. Барлығында жоқ деген жауап. Демек өз бетімен баға қойып, қымбатқа сатуы ғажап емес. Бұл жағдайды шұғыл түрде өзгертіп, шешімін табу керек. Енді әкімдік пен ішкі істер министрліктеріне ресми хат жолдайтын боламыз", - деп атап өтті парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.