21 Маусым, 11:41 463 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

Дәрігерлер күні – баршаға ортақ мереке

Дәл қазіргідей ел басына күн туған шақта індет ошағында жүріп, отбасынан алыста жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің еңбегі ерекше. Науқастарға медициналық және моральдық көмек көрсету жолында аянбай еңбек еткен дәрігерлердің бүгінгі мерекесі де ерекше жағдайда өтіп жатыр. Олар індет жойылғанша аурудың қызған ортасында еңбек ете бермек. Тіпті Covid19 індетін жұқтырған дәрігерлер емделіп шығып, вируспен күрес жұмысына қайта жұмылдырылып жатыр. Бейбіт күннің батыры атанған ақ халатты абзал жандарды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс тілейміз.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы:

Дәрігерлер жайлы үлкен шығарма жазатын кез жетті

– Антына адал дәрігерлер пандемиямен күресте өздерінің жанын аямай, айлап бала-шағасының жүзін көрмей еңбек етіп жатыр. Дәрігердің еңбегі ерен екенін осы жолы шын сезіндік. Бұған дейін біз «Дәрігерлер науқасқа қарамайды екен» деген секілді шындыққа аса жанаспайтын, нақақты, құлаққа сіңбейтін, өткінші, қысыр әңгімелерді көп айтып келдік. Ал пандемия кезінде дәрігерлердің патриоттық рөлі біздің қоғам үшін үлгі болды. Індет біздің қоғамда дәрігерлердің маңызын арттырып, беделін көтерді.

Қазір мерзімді басылымдарда елімізде белгілі бір саланың дәрігер мамандары жетіспейтіні жазылып жатыр. Әсіресе вирусологтар, пандемияға қарсы тұратын мамандар керек. Өз арасында дәрігерлердің жетіспеушілігіне қарамастан, ақ халатты абзал жандар уақытпен санаспай, күн-түн демей, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жанын салып жұмыстарын жасап жатыр. Сондықтан дәрігерлердің еңбегі біз үшін әр уақытта үлкен мәртебеге ие.

Менің жолдасым – дәрігер. Сондықтан болар дәрігерлердің жанын жақсы түсінемін. Биылғы дәрігерлер күні мерекесі ерекше жағдайда өтіп жатыр.  Бұл мереке дәрігерлер қауымы үшін ғана емес, біздің еліміз үшін де ерекше мейрам екені анық. Сондықтан біз дәрігерге деген құрметімізді одан ары асыра берсек, ұтылмайтын дәрежедеміз. Дәрігерлерге деген біздің тарапымыздан толықтай құрмет пен көмек көрсетіп жатқан жоқ. Біз оларды тек қана құр сөзбен мадақтаумен, 1-2 айлық көлемінде жәрдемақы берумен немесе жалақысын аз ғана мөлшерде көбейтумен айналыспауымыз керек. Бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылуы тиіс. Медицина қызметкерлеріне деген біздің көзқарасымызды түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір адамның ауырмай-сырқамай өмір сүруінде үлкен рөл атқаратын дәрігерлік қызметті біз әрқашан да жоғары қоюымыз қажет. Осы ретте қазақ әдебиетінде де дәрігердің бейнесін ашатын, дәрігерді басты қаһарман етіп қоятын толыққанды үлкен шығармалар тудыратын уақыттың өзі келген сияқты. Болашақта елімізде дәрігер мамандығы үлгі тұтатын мамандықтардың бірі болатынына сенімдімін.

 

Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, актриса, Мәдениет саласының үздігі:

Дәрігерлердің жағдайы жасалса, халықтың да дені сау болады

– Әлемді шарпыған эпидемия мемлекетіміздің төтеннен келетін жағдайларға қаншалықты дайын екенін көрсетті. Дәрігер мамандығының алтыннан да қымбат, ең қажетті мамандық екенін, медицина қызметкерлеріне көрсетілер құрметтің бұдан да жоғары болуы керектігіне әбден көзіміз жетті. Әуелі Алла, одан кейін ақ халатты абзал жандар адам өмірінің арашашысы. Мен дәрігерлерге мың қайтара басымды иіп тағзым еткім келеді. Өйткені Елбасын да, президентті де, өнер адамдарын да, әдебиет майталмандарын да, ханды да, қараны да, баланы да, дананы да емдейтін осы аяулы ақ халатты абзал жандардың қолы. Бүгінгідей қиын жағдайда азаматтардың өмірін сақтап қалу, аурудан аман-есен жазылуы дәрігерлердің біліктілігіне тікелей байланысты.

Осындай сын сағатта өздерінің кәсіби мерекелерін тойлауға да мүмкіншілігі болмай, қабат-қабат костюмдердің арасында терге малшынып, бала-шағасын, отбасын көрмей қиналып жатқан барлық медицина саласының қызметкерлеріне тек жақсылық тілеймін. Олар да біз секілді үлкен жүректі адамдар. Өкінішке қарай, қазіргі таңда осы саланың еңбекақысы да соншалықты төмен, содан кейін медицина саласының қызметкерлері жайында адамдардың алып-қашпа көзқарасы да оң болмай тұр. Бірақ дәрігер науқасты емдеп жазу үшін қолдан келгенше мың түрлі амал жасайтын, сын сағаттарда адам баласының өмірі үшін күресетін, қолынан келгеннің бәрін жасайтын осындай аяулы жандарды біз көп сынап-мінеп қойдық. Отқа да, суға да түсіп жүрген медицина қызметкерлерін даттау, кінәлай салу оңай болып кетті. Осындайда жөн-жосықсыз дәрігерлердің еңбегіне қиянат келтіретіндердің мәселесін кәдімгі сот жүйесімен қарау керек деп ойлаймын. Дәрігерге құрмет заңмен бекітілгенде оларға деген құрмет те артады. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден олардың күні-түні жүретін еңбегіне алатын жалақылары татымайды. Бұл мәселе де кезегімен шешімін табуы тиіс. Осы індеттен аман-есен құтылғаннан кейін, ең әуелі дәрігерлерге арнап үлкен құрмет көрсету керек деп ойлаймын.

Біз індет арқылы нені ұғындық? Адам өнерсіз өмір сүре алады екен, киім алмай өмір сүре алады екен, сән салонына бармай өмір сүре алады екен. Ал бірақ адамда денсаулық болмаса, басқасының бәрінің тұралап қалатынын көрдік. Денсаулық мәселесіндегі басты жәрдемшіміз – дәрігерлер қауымы. Сондықтан дәрігерлердің жағдайы жасалса, халықтың да дені сау болады. Ал дені сау халықтан денсаулығы мықты ұрпақ дүниеге келеді. Ұлт болашағы жарқын болады, мемлекетіміз өркендейді, дамыған алдыңғы қатарлы елдер қатарынан табылады.

Өзім дәрігердің жанында бір күн отырып көрдім. Дамылсыз соғылатын телефон, жағдайын айтып шағымданған науқас, дертіне шипа сұрап алдына келген адам үшін арпалысып жатқан дәрігерлерді себепсіз кінәлау әділетсіздік дер едім. Біздің елде дәрігерлердің жан-айқайын, қауырт жұмысын ашып көрсететіндей жағдай жоқ. Сериалдарда дәрігердің өмірін әдемі көркімен береді. Ал шын мәнінде өмір үшін, санаулы секундтар үшін күресіп жатқан жерде әңгіме мүлдем басқа. Сондықтан шын еңбекті, асыл еңбекті бағалай білейік деп айтқым келеді. Өмір беретін ананы қалай ардақтаған болсақ, өмірді сақтап қалуға тырысатын дәрігерлерге де соншалықты құрметпен қарауымыз керек. Ең болмаса 24 сағат жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің отбасы, ата-анасы, бала-шағасының тамақтары тоқ, ұйқылары тыныш болатындай жалақылары болса, есіл еңбектерінің еш кетпегені деп ойлаймын.

Басқа мемлекеттер өз медицина қызметкерлерін жоғары бағалап жатқан кезде, біз неге соншалықты төмен деңгейге түсіп кеткенбіз деп ойлаймын. Сондықтан сын сағаттарда аянбай еңбек еткен дәрігерлеріміздің жағдайын жасай алмасақ, онда біздің мемлекеттігімізге сын болады.

Осы ретте өз басыма және күніне мен секілді мыңдаған адамға көмек қолын созған Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Олар күні-түні қара демей, хан демей, 24 сағат бойы ұйықтамай халық үшін қызмет етеді. Жұмыс арасында тіпті мызғып алатын да уақыттары жоқ. Мерекеге орай, барша медицина саласының қызметкерлеріне шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Олар – бейбіт күннің батырлары.

 

Соңғы жаңалықтар