7 Мамыр, 14:38 1702 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Қандастар ғылымға қаншалықты үлес қосты?

1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаң­тарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи Отанына оралған екен. Бұл тек «оралман мәртебесі» құжатын алғандардың са­ны. Ал Көші-қон комитетінің мәліметіне сәйкес, қан­­дастар Қытайдан – 41,5 пайыз (7 326 адам), Өз­бек­станнан – 40,1 пайыз (7 074 адам), Түр­кімен­станнан – 6,5 пайыз (1 152 адам), Моңғолиядан – 6,2 пайыз (1 095 адам), Ресейден – 1,8 пайыз (313 адам) және 3,9 пайыз (701 адам) басқа елдерден келген. Еңбекке жа­рамды жас­тағы қандастардың білім деңгейіне келсек, 13,6 пайы­зы – жоғары білімді, 25,2 пайызы – орта ар­наулы білімді, 46,7 пайызы  жалпы орта білімді екен. Ал тарихи Отанына орал­ған 85 ғылым док­торы, 226 ғылым кандидаты өз сала­сындағы із­деністерін жалғастырып, қазақ ғылымының да­муы­на үлес қосуда. Бұл тек шетелден ғылыми дә­режесімен кел­гендердің саны. Ал көшіп келген соң қан­шама қандастар ғы­лыммен айналысып, ғы­лыми дәреже қорғады. Әрине, олар­дың нақты қан­ша екені белгісіз. «Болашақ» бағ­дарламасымен ше­телде оқып, білімін жетілдіріп жатқандары да бар.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану жә­не Алтай ғылыми-зерттеу орта­лы­ғының директоры, белгілі түрколог ға­лым Қаржаубай Сартқожаұлы жә­не тағы да осы оқу орнының Шы­ғыстану факультеті қытай тілі ка­федрасының меңгерушісі, фи­ло­логия ғылымдарының докторы, про­фессор, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Дүкен Мәсім­ханұлы қатарлы ғалымдар ел үшін елеулі қызмет атқарып келеді. Со­нымен қатар Дөр­бет­хан Сұраған, Әлібек Ыдырысұлы секілді жас ғалымдар да нақты ғылым са­ласының дамуына өз үлесін қосуда.

Заң ғылымдары. Нағашыбай Шәй­кенов – Ресейдің Орынбор об­лысы Новороссийск ауданында туып, атажұртта еңбек еткен заң са­ла­сының білгірі. Ол – заң ғылы­мының докторы, профессор, мемлекет қайраткері. Мемлекеттік жоғары лауазымдармен қатар Қазақ мемлекеттік заң университетінің рек­торы болып қызмет атқарды. На­ғашыбай Шайкенов Қазақ­стан­дағы құқықтық реформаның авто­ры ретінде танылды. Сонымен қа­тар заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Моңғолияның На­лай­қы ауданында туып, атажұртта елеулі қызмет атқарып келеді. Қазір Конституциялық Кеңестің мүшесі.

Этнография. «Рухани жаңғыру, ұлт­тық код» деген жай ғана ұран емес. Әлбетте, бұл – ұлттық болмыс­тың ерекшелігі және ұлттық идео­логия. Сондықтан да бұл саланың маңызы зор. Этнограф ғалымдардың ішіндегі шоқтығы биігі – Жағда Ба­балықов. Ол туралы кезінде белгілі этнограф, тарихшы, жазушы ғалым Ақселеу Сейдімбектің өзі жоғары бағалаған еді. Жағда Бабалықов – Қытай елінен көштің алғашқы ле­гінде келді. Көптеген этног­ра­фия­лық ғылыми еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ Моңғолия елінен де Қазақстанға көптеген этнограф ғалымдар қоныс аударып, қазақ ғы­лымына өз үлесін қосты. Айта­лық, Бабақұмар Қинаятұлы («Саят­шы­лық» және құрастырушы ретінде қа­тысқан «Қазақ халқының ұлттық киім­дері» (2007) атты этног­ра­фиялық жинақтардың авторы), Досымбек Хатран («Ақым және о дүние» 2015) және фольклортанушы ға­лым Ақеділ Тойшан (Халықаралық Түркі академиясы ғылыми қызмет­кері, филология ғылымдарының кан­дидаты) қатарлы этнограф ға­лымдар кейінгі ұрпақ ұмытып бара жатқан ұлттық этнографияны на­си­­хаттап келеді. Сонымен қатар әйел­дерге қатысты, әсіресе ұлттық қо­лөнер, тоқыма, терме секілді эт­ног­рафиялық бұйымдарды жасап қана қоймай, оның атауының мәнін түсіндіріп, ұрпақ санасына жеткізіп жүрген Бұлбұл Кәпқызын атап өтуге болады.

Дінтану. Дін адамзат үшін қа­шан­да маңызды платформаның бірі. Оны ғылыми тұрғыда зерттеп қа­ра­маса соқыр догма, әсіре дін­шілдік немесе әсіре дінсіздік қоғам­ды адастыратынын адамзат басы­нан кешті. Хакім Абайдың «Ғылым­сыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғы­лымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат ор­нына бармайды»» деген сөзі қазақ үшін айқын темірқазақ. Осы ретте атажұртқа келген ағайынның арасында дінтану саласына, соның ішінде исламтануға өзіндік үлесін қосқан дін мамандары бар. Әуелі Құранды алғаш қазақша аударған исламтанушы, хафиз Халифа Алтай (Түркия) ақсақалдың орны ерекше. Сонымен қатар дінтанушы ғалым, PhD докторы Мұртаза Бұлытай (Түркия), исламтанушы ғалым Әшірбек Муминов (Өзбекстан) және Моңғолиядан көшіп келіп еліміздің дін саласына елеулі еңбек етіп жүрген Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының канди­даты, теолог ғалым Кеңшілік Тыш­қанұлының жөні бөлек.

Тарих. Тарих ғылымдарын түр­кология, археология, деректану және шығыстану қатарлы салаға бө­ліп қарастыруға тура келеді. Өйт­кені бұл салада ғалымдар айтар­лықтай көп.

Жошы ұлысы және Қазақ хан­дығын зерттеп жазған тарихшы ғалым, саясаткер Зардыхан Қиная­т­ұлы қазақ тарихына мол үлес қосты.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ди­ректоры, тарих ғылымының док­торы, профессор Зиябек Қабыл­диновтің (Ресей) Омбы жеріндегі Алаш арыстарына қатысты тарихи тың деректерді елге жеткізудегі еңбегі ерекше.

Түркология. Түркология ғылы­мы Моңғолия қазақтарына етене жақын. Оның басты себептерінің бірі Түркінің көне мұраларының көбі бітік жазулары және балбал тастар Моңғолия жерінде сақталуы­мен де байланысты болса керек. Сондықтан да түркология десе бірінші белгілі түрколог ғалым Қар­жаубай Сартқожаұлы еске түседі. Қазақтың белгілі ғалымы Әлкей Марғұлан батасын берсе, академик ғалым Рымғали Нұрғали: «Мен қазір М.Өтелбай мен Қ.Сартқожаұлын ғана ғалым деп айтамын», – депті бір сұхбатында.

Қаржаубай Сартқожаұлы Орхон бойындағы көптеген тарихи мұра­ларды қайта жаңғыртқан ғалым. Көптеген ғылыми монографиялар мен атластардың авторы.

Сонымен қатар Нәпіл Бәзілхан да Түркі мұрасын, ежелгі көшпен­ділердің тарихы мен археологиялық мұраларды зерттеген көрнекті түрколог ғалым.

Шығыстану. Ислам Жеменей – Иран елінің Горган қаласында туып, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары ел­ге келген ғалымдардың бірі. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Pen клуб мүшесі, Мәдениет қай­рат­кері. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлт­тық университеті, «Тұран-Иран» ғы­лыми-зерттеу орталығының ди­ректоры, филология ғылым­дары­ның докторы, профессор.

«Ислам Жеменейдің білімі мен бі­ліктілігін дұрыс пайдалана білсек, оның әлі берері көп. Ислам елімнен алсам, пайда көрсем деп емес, Ота­ны­ма берсем, пайдам тисе, жұртыма қиналған кезде көмегім тисе дейтін азамат. Исламның сан салалы білім­ге қол жеткізгені заман талабы еді. Қазақ тарихының бір дәуірінде Алаш қайраткерлері барлық ғы­лыми са­ланы барынша дамытуға ат­са­лысты. Біз мақтандық. Ислам да ба­рын са­лып, жан-жақтылықпен бір кемі­міз­дің орнын толтыруға тал­пынып келе жат­қан абзал жан», – дейді шығыс­тану­шы ғалым Әбсаттар Дербісәлі.

Парсы тілін ана тіліндей білетін ғалым ортағасырлық көптеген ірі еңбектерді аударуда қажырлы істер атқарды. Атап айтсақ, «Тарих-и-Ра­шиди» терең таным мен білімді та­лап ететін туынды. Оның тереңіне сүңги білу үшін қасиетті Құран, ис­лам тарихы, ислам философиясы, ор­тағасырлық түркі тарихы мен әдебиеті, парсы тарихы мен әде­биеті, парсы һәм түркі мен араб тілі, ортағасырлық араб графикасы, шығыс психологиясының шығыс­тық құндылықтарынан хабардар болуы қажет екені анық. Осылайша Ислам Жеменей жан-жақты бі­ліктілігімен «Тарих-и-Рашидиді» ана тілімізге ау­дарып, зерттеп, отан­дық шы­ғыс­тану іліміне үлкен  үлес қосты.

 

Қытайтану. Бұл да еліміз үшін ең қажетті салалардың бірі. Кез кел­ген көршілес елдердің тарихын, мә­дениетін, ұлттық ерекшелігін зерт­тейтін ғалымдары болмай, елі­міз ол елдермен саяси қарым-қа­тынас жасауы қиын. Осы ретте қытайтану саласымен айналысып келе жатқан Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті Шы­ғыстану кафедрасының мең­герушісі, 2010 жылдан аталған оқу орнындағы қытай тілі кафедра­сының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, про­фес­сор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлын айрықша атауға болады.

Сонымен қатар белгілі жазушы, қытайтанушы Тұрсынхан Зәкенұлы және Бақыт Еженхан, Әлімғазы Дәулетхан, Нәбижан Мұқаметхан се­кілді қытайтанушы ғалымдармен қатар Шығыс Түркістан тарихын терең зерттеп жүрген жас шығыс­танушы Елдес Орданның да ғылыми ізденістері Қазақстан тарихы үшін маңызы зор.

Нақты ғылымдар

Биохимия. Президенттік жастар кадрлық резервіне 300 азамат енген болатын. Оның ішінде шетелден та­рихи Отанына қоныс аударған қандастарымыз да бар. Бірнеше к­е­зеңнен тұратын сынақтан сүрінбей өтіп, жастар кадрлық резервіне кірген, әл-Фараби атындағы қазақ ұлт­тық университетіндегі Био­ме­дицина ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның директоры, биолог ғалым Әлібек Ыдырысұлы.

«Биомедицна өз ішіне профи­лак­тикалық іс, өмір салты, дұрыс тамақтану, иммунология, гендік ана­лиз, хрономедицина, ме­ди­циналық биофизика, фитотерапия, биомассаж т.б. көптеген саланы қам­тиды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында елімізде биомедицина саласын дамыту ту­ралы атап өткен болатын. Өйткені соң­ғы онжылдықта Нобель сый­лығы иегерлері осы саладан шығып жатыр. Аталған саланы дамыту халықтың денсаулығын жақсартуға жә­не ғылым мен білімді дамытуға не­гіз бола алады», – дейді биохимик Әлі­бек Ыдырысұлы.

Дөрбетхан сияқты жастарымыз кө­беймей жатыр

Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Дөрбетхан Сұрағанұлы халықаралық The Ferran Sunyeri Balaguer Prize марапатына ие бол­ған. Аталған сыйлықты Азия ел­­дерінен тұңғыш рет алып отыр­ған ең жас ғалым. PhD, қауым­дас­ты­рылған профессор (доцент). БҒМ ҒК «Математика және мате­ма­ти­калық модельдеу институты» РМК бас ди­рек­торының орынбасары, жетек­ші ғылыми қызметкері болып қызмет істейді.

Математик Дөрбетхан Сұраған­ұлы PhD дәрежесін әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-де 2013 жылы қор­ғаған. Сонымен бірге Лондон Корольдік кол­леджінің теориялық физика магистрі (үздік белгімен) дәрежесі бар. Назарбаев университетіне келгенге дейін ол Лондон Империал колледжінде математика кафедра­сында ғылыми қызметкер, Мате­ма­тика және математикалық модельдеу инс­титутында бас ғылыми қызмет­кер болып жұмыс істеді. Оның қа­зіргі ғылыми қызығушылығына Ли топтарындағы талдау, қолданбалы математика (математикалық фи­зика), дербес туындылы теңдеулер, по­тенциалдар теориясы және спек­тр­лік геометрия кіреді.

2013 жылы жаратылыстану ғы­лымдары саласындағы ең үздік жұ­мысы үшін жас ғалымдарға ар­налған (Қазақстанда) Қонаев атын­дағы сыйлықпен марапатталды. 2018 жылы Ferran Sunyer i Balaguer Prize сыйлығын жеңіп алды. Сый­лық математикадағы белсенді зерт­теліп жатқан заманауи салалар бойынша көрнекі сипатқа ие ма­тематикалық монографияға маңыз­ды үлес қосқаны үшін берілген. Дөр­бетхан Сұрағанұлы (Лондон Империал колледжі профессоры Михаил Ружанскиймен бірге) «Біртекті Ли топтарындағы Харди теңсіздігі (Харди теңсіздігіне 100 жыл)» атты монографиясы үшін осы сыйлыққа ие болды.

Жас ғалым Дөрбетхан Сұраған­ұлы жайлы және басқа да шетелден көшіп келген ғылыммен айналысып жүрген жастар туралы қазақтың әлем­ге әйгілі математигі, физика-математика ғылымының докторы, про­фессор, Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев Turkіstan газетіне берген сұхбатында өз пікірін білдірген болатын.

«Қандастарымыз орысша жақсы білмейді, сондықтан компанияларға жұмысқа кіре алмайды-ау деймін. Сосын ғылыммен айналысып жүр. Қытайдан келген бір шәкіртім де тәп-тәуір математик болып жүр, бұйыр­тса жақсы жұмыс істейтін сияқ­ты. Дөрбетхан Сұрағанұлы деген Моңғолиядан келген мате­матик жігіт бар. Ал Қазақ­станның оңтүстігінен, Өзбекстаннан келген балалардың да біразы өте жақсы математик болып өсіп келеді. 1990 жылы Қытайда өткен мате­ма­тик­тердің Дүниежүзілік конгресінде әлем бойынша көрнекті математик­тердің тізімі жасалды. Сол тізімге қазақтың 15-20 математигі енген бо­латын. Бұл деген біз үшін өте жо­ғары көрсеткіш. Адам басына шақ­қанда біз Еуропаның талай ха­лықтарынан, орыстардан да озып кеттік. Ал қазір кенжелеп қалдық. Математикамен айналысатын Дөр­бетхан сияқты жастарымыз кө­беймей жатыр», – дейді математик ға­лым Мұхтарбай Өтелбаев.

Бақытбек ҚАДЫР

Соңғы жаңалықтар