2030 жылға дейін 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады – Тоқаев

/
2030 жылға дейін 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады –  Тоқаев
istockphoto.com

Мемлекет басшысы энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау жиынында еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керегін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Алдымызда сенімді әрі заманауи энергетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент салада таяу жылдары атқарылатын нақты жұмыс бағыттарын атап өтті.

– Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет. Елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу керек. Біз 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары