1257
Жандарбек Мәлібеков: Қандастарды елге қайтару парасатты шешім болды
Жандарбек Мәлібеков: Қандастарды елге қайтару парасатты шешім болды
– Сын сәтте жүздеген жобаның ішінде еңбегімді бағалаған және оған өмірлік қана емес, ғаламдық жолдама берген көреген Елбасыға шексіз разымын. Жер шарында 10-15 жылдың ішінде бас қаланы салып, оның халқын бір миллионға жеткізген еш мемлекет жоқ. Бұл – біздің елін сүйген, елі сүйген Елбасының ерлігі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қазақтарды атажұртына көшіру туралы бастамасы да бәрімізді қуантқаны рас. Елбасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысқан болатынмын. Сол құрылтайда тарыдай шашылып кеткен қазақты бір шаңырақ астына қайта жинаған Елбасының саясатын қолдай отырып, өзге елден келетін өзім секілді қазақтарға бір кеңесімді айтқан едім. «Сендер елге келгенде, «Мен не аламын?», «Маған не береді?» деген оймен келмеңдер, керісінше «Мен тәуелсіз еліме не беремін?» деп ойланыңдар» деген болатынмын. Расында да, туған топыраққа оралғасын, осы елге қызмет етуді ойлау керек. Тағы бір айта кететін жайт, сол құрылтайда біз сырттан келген қандастардың атажұртқа, туған елге, жерге деген сағынышын көзбен көріп, жүрекпен сезіндік. Ұшақтан түсе сала туған жердің топырағын сүйіп, иіскеген қазақтардың қуанышында шек болмаған еді. Ал бізге мұндай бақытты сыйлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Тұңғыш Президенттің тәуелсіздікке қол жеткізе салып, шетте жүрген қазақтарды тарихи Отанына қайтаруды қолға алуы – өте маңызды әрі мазмұнды шешім болды.