17 Наурыз, 18:12 471 0 Білім Арайлым Бимендиева

Мамандыққа деген жүрек қалауы ұстаз мерейін биіктетеді

Бір сыныптағы оқушылардың барлығы бірдей біркелкі деңгейде оқымайды. Олардың оқу үлгерімі әртүрлі. Бұл қай уақытта да осылай. Оның факторлары да, себептері де әртүрлі. Дегенмен баланы дамытудың, оның оқу үлгерімі мен үлгілі тәрбиесі, парасат кілтінің бірі де, бірегейі мұғалімнің қолында. Кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсарин ХІХ ғасырда-ақ мектептің жүрегі – мұғалім екенін айтқан болатын.

Бүгінгі педагогтан әркім лайықты кәсіби білім алған, балаға білім мен тәрбие берудің үздік әдістемелерін меңгерген, білім беру ісін ұйымдастыра білетін тұлғаның бейнесін көргісі келеді. Ел болашағының бір ұшы кәсіби мұғалімнің қолында тұрған сыңайлы. Бала айналдырған бір тәуліктегі 24 сағаттың тең жартысында үйінде, ата-анасының көз алдында жүрсе, қалған уақытта мұғалімнің қасында болады. Мұғалімнің де бар тиімді уақыты балаға білім беру мен оның тәрбиесіне жұмсалады.

Ұстаз деңгейіне көтерілген әр мұғалім, педагог ерекше дарынды ғана емес, кез келген жаннан табыла бермейтін мейірім иесі, үлкен жүректі адам деуіміз керек. Сондықтан қазіргі өркениетті қоғамымызда педагог-мұғалім жұртшылықтың айырықша назарын аударады. Әрине, ұстаздың арқалар жүгі де, жауапкершілігі де өте жоғары. Алайда ұстазға соған лайық құрметтің төмендеп кеткені рас еді.

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылдың 5-қазанында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның қажеттігі туралы айтқан болатын. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюымен осы заң өмірге жолдама алды. Ол алдымен қоғамда үлкен қолдауға ие болды, заң жобасы қызу талқыланды.

Бұл заң ұстаздарды жан-жақты қорғайды, оған мәртебе берумен қатар, абыройын, тұлғасын өсіреді. Аталған заң талабы бойынша олар енді білім саласына қатысы жоқ кез келген жұмысқа жегілмейді, олардан артық ақпараттар да талап етілмейді. Заңда қаралмаған артық тексерулер де енді мұғалімдер үшін болмайды. Мұғалімдерді ретсіз, жұмысқа тартқан шенеуніктерге айыппұл салынады.

Айлық жалақының 25 пайызға көбейетіні де ұстаздар қауымын қуантқаны мәлім. Ең бастысы заң арқылы мұғалімдер өз құқын, әлеуметтік кепілдіктерін айқын білетін болды. Айтпақшы, осы заң аясында еліміздің мемлекеттік наградаларының қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы қосылды. Бұл да ұстазға лайық мерей.

Міне, бұл ұстаздар қауымына еліміздің заңы берген мүмкіндіктер болатын. Бірақ  осы мамандықтың абыройын асқақтатып, тұлғасын биіктен көрсететін заңнан да қуатты күш бар. Ол жас ұрпақтың, шәкірттердің ұстазға деген, осы мамандыққа деген махаббаты дер едік. Махаббаты дегенім, тек жылтырақ сөз емес, мұның артында әр оқушының, жас маманның елге, жерге деген патриоттық сезімі тұрады. Егер тарихты қарасақ, өткен ғасырдың басында алаш қайраткерлері қадамдарын мұғалімдіктен бастады. Мектеп үшін жеке оқулықтарды да жазды. Қазақ елінің бостандығын көздеген, бодандықтан босатқысы келген олардың елге деген сүйіспеншілігінде шек жоқ еді. Қазақ даласы білімге сусады. ХХІ ғасырда да білімнің орны мысқалдай төмендеген жоқ. Мойыны озық елдер білім мен ғылымның арқасында алға дамып отыр. Сондықтан Мағжан Жұмабаев айтқандай, мұғалімнің орны бүгін де төрде болуы тиіс.

Әдетте, қазір қоғамда «педагогикалық жоғары оқу орындарына басқа мамандыққа жинаған балы жетпей қалғандар ғана барады» деген түсінік орын алып келеді. Педагогика жоғары оқу орнын бітірген түлектер арасында да дипломын алғаннан кейін мектептен басқа жерден жұмыс қарастыратындар бар. Мектеп оқушыларының білім деңгейінің төмендігін де көпшілік мұғалім біліктілігінен көріп жатады. Әрине, бұл көңілге қаяу түсіреді. Мұғалімдік жолдың өзі нағыз шығармашылық жұмыс дер едім. Баланың ынтасын білімге аудару, оның жүрегіндегі бұлақ көзін ашу үшін  ұстаз ізденіспен жұмыс істеуі керек. Оқушы жақсы, үздік оқыса, табыстарға жетсе, мұғалім еңбегінің жануы деген осы, ал ол елдің байлығы екенін сол уақытында ойлай бермейміз. Мен осындай шығармашылықпен жұмыс істегенді, оқушылардың бәйшешектей бүр жарған ойларын, бастамаларын тыңдауды жақсы көремін.

Мен мектепте қабырғасында жүрген кезде-ақ мұғалім болуды қаладым. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика-психология факультетіне түстім. Осы білім ордасы университет болғаннан кейін бізге магистратурада білім алуды жалғастыруға мүмкіндік туды.  Уақыт педагогтен өз саламыз бойынша терең білімді, жан-жақты ізденісті талап етеді. Өйткені қазір интернет заманында ақпарат нөпірі білімнің сапасына кері әсер етері бар. Сондықтан оның жасығынан асылын таңдап алға бала мектеп жасынан қалыптасуы қажет. Бұл балаға білім беруде ғана емес, оның тәрбиесіне де ықпал етеді. Университетте  педагогикадан, психологиядан білім алсақ, магистратурада  оны тереңдете түстім. Мен ертеңіме сенімдімін. Магистратурада білімімді тереңдетумен қатар, ертең мектепке  жұмысқа барғанымда айлық жалақым да жоғары болады. Бұл әрбір жас үшін маңызды деп білемін.

Ұстаздың заңды мәртебесіне барлығымыз да қуандық. Ал осы мамандыққа деген адалдық ұстаздың мерейін асыра түседі, білім саласының көшін түзейді.

Аля Петрушка,

Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ, 2 курс магистранты

Соңғы жаңалықтар