12 Наурыз, 11:21 513 0 Қауіпсіздік Анар ЛЕПЕСОВА

Коронавирус: АҚШ Еуропа елдерімен байланысты үзді

Коронавирустың таралуына жол бермеу үшін АҚШ-тың Еуропамен арадағы кез келген қатынасы, сонымен бірге теңіз және әуе тасымалын 1 айға тоқтатылады. Бұл туралы  Президент Дональд Трамп мәлімдеді.

Жаңа тәртіп ертеңнен бастап күшіне енеді.  

Трамп халыққа коронавирустың таралуына байланысты арнаған үндеуінде «қатаң, бірақ қажетті шектеулер» коронавирусты жұқтырудың 460 оқиғасы тіркелген Ұлыбританияға қатысты қолданылмайтынын айтты. Сондай-ақ, Трамп конгресті коронавирустың АҚШ экономикасына әсерімен күрес аясында салық жүктемесін жеңілдету шараларын қолдануға шақырды.

Соңғы дерек бойынша АҚШ-та коронавирус індетін жұқтырудың 1135 оқиғасы тіркелген, ауруға шалдыққан 38 адам қайтыс болды. Вирустың ошағы Нью-Йорк қаласынан солтүстікке қарай орналасқан Нью-Рошельде анықталды. Жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін онда әскерилер жіберілді. Үйлерінде карантинде отырған тұрғындарға Ұлттық гвардия қызметкерлері азық-түлік жеткізуде.

Вашингтонда сәрсенбі күні төтенше жағдай жарияланды. 1000-нан астам адамның қатысуымен болатын жиналыстар өткізуге тыйым салынды. Алдағы болатын барлық мерекелер мен фестивальдар тоқтатылды. Төтенше жағдай 31 наурызға дейін созылмақ.  

Айта кетейік, бұған дейін Иранда вирустың тез таралуына тосқауыл қою үшін Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын хабарлағанбыз. Президент тұрғындарды алдағы мереке күндері саяхаттан бас тартуға шақырды. 

Иранда соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 958 жаңа дерегі тіркеліп, 63 адам көз жұмды. Елде індетке шалдыққандар жалпы саны 9 мыңнан асты. Олардың 354-і қайтыс болса, 3 мыңы емделіп шыққан. 

 

Соңғы жаңалықтар