Қазақстандық мейрамханалардың 40 пайызы банкротқа ұшырау мүмкін

Қазақстандық мейрамханалардың 40 пайызы банкротқа ұшырау мүмкін

Қазақстандық мейрамханалардың 40 пайызы банкротқа ұшырау мүмкін
ашық дереккөзі

2016 жылдың соңына дейін Қазақстандағы мейрамханалардың 40 пайызы жұмысын тоқтатуы немесе банкрот болуы мүмкін. Бұл турады рестораторлардың болжамына сілтеме жасап «31 арна» хабарлады. Сырттан келетін тауарлардың қымбаттауы мен келушілер санының күрт азаюы салдарынан кірісі азайған рестораторлардың ісі өрге домаламай отыр. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, мейрамхана ғимаратын доллармен жалға алған кәсіпкерлер төлемді жаңа бағаммен беруге мәжбүр. Астананың биік-биік ғимараттарында орналасқан элиталы мейрамханалардың көпшілігі қазір бос тұр. Өйткені келушілердің қарасы кеміп кеткен. Жұмысы алға баспай тұрған желілердің бірінің директоры Александр Рассказовтың айтуынша, девальвациядан кейін оның табысты кәсібі тығырыққа тіреліпті. "Девальвация кесірінен адамдар ақшасын санап, үнемдеуге көшті. Мейрамханалардың түбіртегінің орташа сомасы 30 пайызға қысқарды. 2015 жылы қонақтар сәл азайса, 2016 жылдан бастап тіпті күніне бірең-саран адам келеді", – дейді ресторатор Александр Рассказов. Десе де, түйткіл – келушілердің үнемшілдігінде емес сияқты. Тұтынушылар мейрамханаларда тамақ бағасының аспандап кеткенін айтады. Ал рестораторлар бағаны өсірмесек, тақырға отырамыз дейді. "Иә, кей тағамның бағасын 10-15 пайызға қымбаттаттық. Себебі біздің мәзірдегі астың жартысынан астамы импорттық азық-түлікпен дайындалады. Ал импорт 70 пайызға шарықтады. Шамамыз келгенше шеттен келетін тауарды отандық өніммен алмастырып жатырмыз, бірақ Жерорта теңізінің балығы мен Балтық асшаянын Қазақстанның қай жерінен табасыз?!", – дейді ресторатор Александр. Сарапшылар бұл нарықтан кімнің кетіп, кімнің қалатынын болжап та қойған. "Нарықта қалатындар: тауарларының өзіндік құндарын төмендете білгендер, баға саясатын тиімді пайдаланып маркетингтік жүйені жүзеге асырғандар ғана бәсекеге төтеп бере алады. Қазіргі уақытта тікелей бәсекеге төтеп беретін пайызбен шаққанда 30-35 пайыз кәсіпорын ғана қалады деп айтуға болады", – дейді экономист Бауыржан Искаков.