20 Ақпан, 09:33 1488 0 Денсаулық Túrkistan Gazeti

«Халықтың сүйіктісі» – дәрігер Әженов

Елімізде құлақ, мұрын және тамақты емдейтін дәрігерлер кемде-кем. Ал үшеуін үш бөлек емдемей, тұтас қарайтындар саны тіптен аз. Отоларинголог деп аталатын бұл мамандықты жанына серік еткен медицина ғылымдарының докторы, профессор Талапбек Әженов жыл сайын өткізілетін «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығына ұсынылып, өз номинациясында жеңіске жеткен болатын. Осы орайда «Жыл дәрігері» атанған дәрігермен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– «Халықтың сүйіктісі» сый­лы­ғының «Жыл дәрігері» но­ми­на­циясын иелендіңіз. Оның ал­дында Қазақстан  Пре­зи­ден­ті­нің Құрмет грамотасымен ма­ра­патталдыңыз. Өткен жыл сіз үшін нәтижелі болғанға ұқ­сай­ды.

– Иә, расымен де өткен жыл мен үшін жемісті жыл болды. Осымен то­ғызыншы жыл қатарынан ұйым­дас­тырылған «Халықтың сүйіктісі» сый­лығына ұсынылып, нәтижесінде ха­лықтың басым көпшілігі маған дауыс беріп, жеңіп шықтым. Негізі, мені бұл сыйлыққа 2017 жылы да ұсын­ған болатын. Алайда сол жылы дауыс беру нәтижесі бойынша жет­кі­лікті көрсеткішке ие бола алмай қал­дым. Биыл барлығынан оқ бойы озып шыққаныма қуаныштымын. Жа­лпы, медицина саласында жүр­гені­ме жиырма жылдай уақыт бол­ды. Сол жиырма жыл ішінде алдым­нан тексерістен өткен, ем-дом ал­ған­дар саны қаншама. Сыртымнан бі­летіндер де баршылық. «Қатысып жатыр екенсіз. Сізге дауыс бердік!» деп тілек-лебіздерін білдірген көп­ші­лік менің сол сыйлықты жеңіп алуы­ма септігін тигізді. Сосын өзіңіз ай­тып өткендей, Президенттің аты­нан мемлекеттік награданы ие­лен­дім. Бұл да жұмысымның алға ба­суы­на тың серпін бермей қоймай­ды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Пре­зиденттік ауруханада был­тыр­дан бастап «Жыл адамы» деген жүл­де ұйымдастырылып жүр. Бұл жүл­денің иесін сол ауруханада жұмыс іс­тейтін екі мыңға жуық адам ар­найы жәшік арқылы дауыс беру жо­лымен таңдайды. Нәтижесінде, сол номинация маған бұйырды. Сон­дықтан бір жылда үш бірдей ма­рапат иелендім.

– Айтуға тіл күрмелетін ото­ла­ринголог мамандығын таң­дауыңыз­­ға не себеп болды?

– Атауы күрделі болғанымен, қы­зық мамандық. Грек тілінен ау­дар­ғанда «ото» сөзі құлақ, рино мұ­­рын, «ларингс» деген тамақ де­ген­ді білдіреді. Байқап отырға­ныңыз­дай, бұл мамандық адамның үш мүшесін емдейді. Оның үстіне бұл мүшелер бір-бірімен тығыз бай­ла­ныс­­­­та жатыр. Мәселен, мұр­ныңыз ауыр­са құлағыңыз бітеледі, тама­ғыңыз ауырса, мұрныңызға әсер етеді. Негізгі мамандығым – балалар хирургі. Ақтөбе медициналық инс­ти­тутын үздік бітіріп жатқанымда, облыста лор мамандығы тапшы болды. Сөйтіп сұраныс көп, бірақ кадр аз бұл мамандықты оқу үшін ас­пирантурада оқығым келді. Осы­лайша, Астана мемлекеттік ме­ди­цина университетінде аспирантура­ға түстім, нәтижесінде мені осы жер­де жұмысқа алып қалды. Кейін­нен басқа жерге ауыссам да, бұл уни­верситетте әлі күнге дейін сабақ беремін.

– Ал Президенттік ауруха­на­ға қай жылы шақырылдыңыз?

– Бұл ауруханаға 2008 жылы ша­қырылдым. Жалпы, мен 1999 жыл­дан бері  эндоскопиялық ота жа­саумен айналысып жүрген бола­тын­мын. Бұл дегеніміз теріні сырт­тан кеспей, камерамен тексеру. Сөй­тіп, аурухана басшылығы мен ту­ралы естіп-біліп, ақырында жұ­мыс­қа шақырды.

– Ұлыбританиядан шығатын «ХХІ ғасырдың көрнекті ғалым­дары» энциклопедиясына енген Райыс Төлебаевтың шәкірті екен­сіз...

– Иә, ол кісінің ықпалы өте зор бол­ды. Сондай ұстазымнан тәлім ал­ға­нымды мақтан тұтамын. Үнемі қол­дап, қолпаштап отырады. Дүние жү­зіндегі лор профессорлардың ара­сында ол кісінің беделі өте жо­ғары. Сондықтан сол кісі арқылы Ре­сей, Польша және Корея секілді елдермен үнемі байланыстамыз. Райыс Қажыкенұлы әлі күнге дейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. Әлі күнге дейін қарауында жұмыс істейміз. Әлі де болса ша­па­ғатын көріп келе жатырмын.

– Өзіңіз жоғарыда айтып өт­кендей, облыстарда құлақ, та­мақ және мұрынды емдейтін дә­рігерлер бұрын тапшы бол­ған, қазір де солай. Сіз секілді тә­жірибелі мамандар түрлі ай­мақ­тарда еңбектенетін дәрі­гер­лер­ге қалай көмектесе алады?

– Жаңылыспасам, екі жыл бұ­рын елімізде 1 000 лор дәрігері бол­ды. Бұл аз да, көп те емес. Деген­мен лор мамандығының өзі хирур­гия­лық және бақылау түрі болып екі­ге бөлінеді. Өзім дәріс беріп жүр­ген университетте бар білге­німіз­ді үйретіп жатырмыз, алайда оларға бірден ота жасауға болмай­ды. Оның үстіне, олардың басым бө­лі­гі ірі қалаларда қалғысы келеді. Себебі мұндай дамыған қалаларда  құрал-жабдықтар да сапалы. Сон­дай-ақ бұл қалаларда білім мен бі­лік­­тілікті арттыратын база көп, уни­верситеттер де осында. Десек те, шет­елдік хирургтерді шақырып, тә­жі­рибе алмасып отырамыз. Жыл сайын мастер-класс өткізіп тұра­мыз.

– Құлақ, тамақ және мұрын ауруларына қай өңірдің тұр­ғын­дары жиі шағымданады?

– Елімізде Солтүстік және Ор­та­лық Қазақстан облысының тұр­ғын­дары гайморитпен жиі ауырады.  Мұны бұл өңірлердегі ауа райының суық болуы себебінен деп түсінемін. Ал құлақ және тамақ ауруына Батыс Қазақстан облысы және Шымкент тұрғындары жиі шағымданады. Бұл сол аймақтардағы экологиялық жағ­дайдың салдарынан туындайды. Сондай-ақ маған Көкшетау, Пет­ропавл өңірлерінен көмей ауруымен ауыратындар көп келеді. Олардың арасынан тамағында қатерлі ісігі бар адамдарды тауып аламыз. Ша­ма­мыз келсе, өзіміз алып тастаймыз, бі­рақ көбіне онколог дәрігерлерге тап­сырамыз. Аурухана Нұр-Сұлтан­да орналасса да, шалғайда жатқан елді мекендерден келіп қарала­тын­дар­дың қарасы көп. Портал ашты­рып, бізге келіп, тегін қаралып ке­те­ді. Пациенттерімнің арасында Аме­рикадан арнайы келіп, мұрнына ота жасатып кеткендері де бар. Бұл соңғы жылдары дамып келе жатқан медициналық туризм жолымен жасалынды. Біз де жұмысымызды соған қарай бағыттап жатырмыз. Алдағы уақытта медициналық ту­ризм арқылы Орта Азия, Ресейден де келіп қаралуы мүмкін. Себебі бұл ел­дердің бізбен шекаралас өңірле­рін­де біздегідей сапалы құрал-жаб­дық жоқтың қасы. Мәселен, бұрын құлағы, тамағы я мұрны ауыратын Атырау облысының тұрғындары Астраханға, батыс қазақстандықтар Самараға, солтүстіктегілер Омбыға барып қаралатын. Ал қазір біздің көмегімізге жүгінеді.

– Жуырда жеке клиникаңыз­ды ашыпсыз. Сұраныстың көп­ті­гінен болар?

– Иә. Мұны ашқан себебім – Пре­­­зиденттік ауруханада түгел уа­қы­тымды ота жасауға арнаймын. Сөйтіп, емделушілерді жеке қабыл­дау мүмкіндігі болмай жатады. Сол себепті отаға дейінгі және отадан кейін­гі науқастар мені іздейді, ха­бар­ласып, ақыл-кеңес сұрайды. Сұра­ныс көп болғандықтан, ашуды жөн санадым. Арнайы Президенттік ауруханаға жақын жерден аштым. Мұн­да менен басқа екі дәрігер жұ­мыс істейді. Десек те, басы-қасында өзім жүремін.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар