21 Қаңтар, 20:13 320 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелері Nur Otan партиясынан көмек сұрады

Сурет дереккөзден алынды
Сурет дереккөзден алынды

Шетелдік нөмірмен жүрген автокөлік иелері Nur Otan партиясына байланысқа шықты.

Nur Otan партиясының Алматы қаласындағы филиалына Армения мен Қырғызстанның нөмірімен жүрген автокөлік иелері келді. Жүргізушілер шетелдік нөмірі бар автокөліктерді тіркеудің жаңа ережелеріне наразылық білдірді, – деп жазды Азаттық Рухы.

Көлік иелерінің шағымынан кейін Nur Otan барлық мүдделі тараптарды дөңгелек үстелге жинады. Пікірталасқа полиция, мемлекеттік кірістер департаменттері, прокуратура және әкімдік өкілдері қатысты.

Партия қабылдауына келген жүргізушілердің айтуынша, автокөліктерді тіркеуге қажетті сома бірнеше миллион теңгеге жетеді және тіпті автомобильдің өзіндік құнынан да асып кетеді.

«Неге біз тіркеусіз жүре алмаймыз? Арменияға, Қырғызстанға бардық, соңғы ақшамызға көлік айдап келдік. ЕАЭО-ның Кеден кодексі неліктен ескерілмейді? Утилизацияның жалпы жиынтығы миллион теңгеге дейін жетеді. Тіркеуге қоюға миллион теңгеден де көп қаржы керек. Эра-глонасс пен SOS батырмаларын қосу – 300 мың теңге. Көліктің жалпы оформление жасауға 3 миллион теңгеден аса ақша кетеді. Бұл көліктің жалпы құнынан асып кетеді», – деп наразылық білдірді автокөлік иелері.

Атап айтқанда, автокөлік иелері тіркеу жарналарын төмендетуді, автокөліктің техникалық тозуына дейін пайдалануға мүмкіндік беруді сұрады.

«Біз азаматтарды тыңдадық, өйткені тұрғындар көтеретін әр мәселе біз үшін маңызды. Автокөлік иелері тарапынан 10-ға жуық ұсыныс-тілек айтылды, олардың барлығын жазып алдық. Азаматтар партияға сенім білдіріп, кезек күттірмейтін мәселелермен келгеніне ризамыз», – деді «Азаттық Рухы» агенттігіне берген сұхбатында Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.

Партия мүдделі тараптарға сарапшыларды тарта отырып, осы мәселені талқылау мүмкіндігін беруге дайын екенін сендірді.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды шетелдік тіркелген көлік құралдарын тіркеуге шақырған болатын. Егер тіркемесе, мұндай көліктердің иелеріне айыппұл салынады, ал көліктер өздері тұраққа орналастырылады.

Заңға сәйкес, Қазақстаннан тыс жерлерде сатып алынған көлік құралдары 10 күн ішінде тіркелуі керек. Меншік иесі алымдар мен баждарды төлеуге жауапты. Ведомство бұл шараны ЕАЭО талаптарына сәйкес түсіндіреді.

ІІМ-нің мәліметінше, Елге Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мың көлік әкелінген.

Соңғы жаңалықтар