Павлодарда құтқарушылар өрт шыққан пәтерден 1966 жылы туған ер адамды алып шықты, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 16 қаңтар күні сағат 14:44-те №3 өрт сөндіру бөлімінің «101» пультіне Ткачев көшесінде орналасқан 11-ші үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. 10 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерлердің бірінде өрт шыққан.
Барлау барысында пәтерде жалпы ауданы 5 шаршы метр жерде үй заттарының жанып жатқаны анықталды. Газ түтіннен қорғау қызметкерлері пәтерден 1966 жылы туған ер адамды алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Департаменттің хабарлауынша, өрт сағат 15:19-да сөндірілді. Көпқабатты үйден 20 адам шығарылды. Оның үшеуі – бала.