Бүгін – Әшірбек Сығайдың туған күні

Бүгін – Әшірбек Сығайдың туған күні

Бүгін – Әшірбек Сығайдың туған күні
ашық дереккөзі
Бүгін – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ театртанушысы Әшірбек СЫҒАЙДЫҢ (1947-2014) дүниеге келген күні. Қаламгер Оңтүстік Қазақстандағы Кентау қаласында туған. Қазақ өнер институтын аяқтаған (1969). Бозбала кезінде «Ачполиметалл» комбинаты жанындағы Кентау механикалық жөндеу цехында екі жыл слесарь болып жұмыс істеген. 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған соң ол ұстаздық қызметке қалдырылды. Оның театр сыншысы ретінде қалыптасуы 1970 жылдардан басталды. Ол 1974-1994 жылдары Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры, министрдің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Оның қаламынан «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» деген кітаптар жарық көрді. Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда» және тағы басқа танымал драматургтердің пьесаларын аударды. Олар республика театрларында қойылды. 1992-1994 жылдары мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі болды. 1993 жылы Мемлекетіміздің ұлт саясаты жөніндегі кеңесінің мүшесі болып бекітілді. 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кайраткері атағы берілді. 2001 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды. Әшірбек Төребайұлы 2014 жылы 67 жасында өмірден өтті.