593
Мұрагерлігін өгей анасы иеленген жас қызды аудандық сот қорғады
Мұрагерлігін өгей анасы иеленген жас қызды аудандық сот қорғады
«Түркістан» газетінің Шымкенттегі тілшісіне телефон соғылған. Қайта-қайта соғылды. Өзін «Жанат» деп таныстырған қарындасымыз бізбен жолығып, әңгімелесудің ретін сұрады және жазбаша арызының бар екенін де айтып жеткізді. Уақыт белгіледік. Жолығып, әңгімелестік. Жас қыздың жазбаша арызына да ден қойғанбыз. Арыз айта келген қарындасымыздың аты-жөні Жанат Әбдіғаппар екен.
Жанат Әбдіғаппар 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келіпті. Ата-анасының сүт кенжесі Жанат 16 жасқа толар-толмаста алдымен анасы Құрбанкүл Тәжібаева, ал араға жеті-сегіз ай салып әкесі Әбдіғаппар Серікбаев дүние салады. Кәмелет жасына толмаған жас қызға әкесінің екінші әйелі Айнаш Сатиева қорғаншы әрі қамқоршы болып тағайындалады. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе – әлі оң-солын танып үлгермеген жасөспірім қызға қамқоршы болатын жанашыр ағайын-туыс, бауырлары бар да болатын.
Алайда аяулы азамат, Мақтаарал ауданының құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыстар атқарған Әбдіғаппар Бердіқұлұлының қазасы үстінде А.Сатиева өзінің жүрекжарды сөзін айтады: «Бұл қызды жылатпаймын. Өзім тәрбиелеймін, оқытамын. Құтты орнына қондырып, екінші анасы боламын», – дейді.
Біздің кейіпкеріміз осы тұсқа келгенде бір мезет үнсіз қалған. Әңгімеге өзін «Жанаттың әпкесімін» деп таныстырған Күлшат Әбдіғаппар араласты.
– Әке-шешеміз бірінен кейін бірі дүниеден өтті. Алланың берген жасын жасаған шығар. Сол кезде 16-ға енді ғана толған Жанат сіңліме мен де, менен кейінгі сіңлім – 1985 жылы туған Сапаркүл де қамқоршы болып, үлкен өмірге аяқ басуына ақыл-кеңесімізді, жәрдемімізді бере алатын жағдайда едік. Оған толық құқымыз да бар болатын. Бірақ әкеміздің қазасы үстінде айтқан А.Сатиеваның сөзінен, берген уәдесінен асып кете алмадық, – деді ол.
Арыз-шағыммен танысып отырғанымызға біршама уақыт өтсе де, біз әлі көп нәрседен бейхабар едік. Алайда бұдан кейінгі әңгімелерден, алдымызда жатқан арыздан түйгеніміз және Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал аудандық сотының 23.12.2015 жылғы №2-431 санды шешімімен танысқаннан кейін бізді мазалаған сұрақтардың құпия беттері ашылып, жас қыздың жанайқайының куәсі бола бастадық.
СОТ МАТЕРИАЛДАРЫНАН
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал аудандық сотының 23.12.2015 жылғы ашық сот отырысында талапкер Ж.Әбдіғаппар талап арызын қуаттап, өз түсінігінде: «2009 жылы қайтыс болған әкесі Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлынан 23 мүлік мұраға қалғанын, содан жасы 18-ге толған күнінің ертесіне Сатиева Айнаш талапкерді алдап, сатып алуға болатын 16 мүліктен талапкердің үлесін сату-сатып алу келісім шарттарға және сыйға тарту келісім шарттарға қол қойдырып, өзіне қаратып алғанын, сату-сатып алу келісім шарттардың барлығында бір баға жазылғанын – 750000 тенге, бұл он сегіз мүліктің ақшасын бермегенін, ал қазіргі даулап жатқан 7 (жеті) мүлікті сатып ала алмағанын, себебі бұл жер телімдері уақытша өтеулі пайдалану құқығымен берілгенін, жауапкер Сатиева Айнаш мүліктердің барлығын өз атына рәсімдеп алғаннан кейін уәдесінен тайғанын, алаяқтық жасап дүние көбейіп, оларды танымай кеткенін, адамгершілік тұрғыдан қарағанда барлық берген дүниеге қанағат етпей, осы қалған 7 мүліктен өз мұралық үлесін бермей отырғанын, сондықтан сот арқылы мүлкін бөліп беруді, талап арызын толық қанағаттандыруды, ал жауапкердің қарсы талап арызын қанағаттандырусыз қалдыруды» сұрайды. (Іс: №2-431, 2015ж. 3-бет).МАМАНДАР ПІКІРІ
Жоғарыда аталған сот отырысына маман ретінде шақырылған Мақтаарал ауданы қала құрылысы және сәулет бөлімінің маманы Мырзаханов: – Жер телімдерінде орналасқан ғимарат нысандарының бағасын шығарып, содан кейін бөлу керек, – деп айтып көрсетсе; Мақтарал аудандық жер кадастр бөлімінің сенімді өкілі, жауапкер Ж.Тілеубаев өз түсінігінде: – Соттың 26.11.2015 жылы шығарған ұйғарымына сай барлық жұмыстардың атқарылғанын, аталған жер телімдерінің кадастрлік істерге сай орналасу шекаралары анықталғанын, жер телімдерінен талапкерге тиесілі 1/7 бөлігінің шекара нүктелерін (координаттарын) нақты көрсетіп, жер телімінің орналасуына қарап, бөлінуге жататын жер теліміне кіруі шығу және өрт сөндіру автокөлігінің келіп кету жолдары қарастырылғанын, тараптардың қатысуымен жер телімінің 1/7 бөлігін бөлу мүмкіндіктері сотқа ұсынылғанын айтып, сотқа жасалған жұмыстардың актісін тапсырады. Сондай-ақ, Мақтаарал аудандық жер кадастр бөлімінің сенімді өкілі Ж.Тілеубаев: «Талапкердің талап арызын толық мойындайтынын, қанағаттандыруға қарсы еместігін, мұрагер өз үлесін бөліп алуға құқылы екенін» айтып көрсетеді.СОТ МАТЕРИАЛДАРЫНАН
Талапкер Ж.Әбдіғаппар өзінің талап арызында келесі мұралық мүліктерден: «Кадастрлік №19-288-022-476, көлемі 3,3900 га жер телімінен, кадастрлік №19-303-010-091, көлемі 1,4256 га жер телімінен, кадастрлік №19-303-002-096, көлемі 3,0000 га жер телімінен, кадастрлік №19-303-006-723, көлемі 0,0137 га жер телімінен, кадастрлік №19-303-006-722, көлемі 0,0015 га жер телімінен, кадастрлік №19-303-006-721, көлемі 0,145 га жер телімінен, кадастрлік № 19-303-006-178, көлемі 1,5000 га жер телімінен өзінің 1/7 бөлік үлесін бөліп беруді сұраған. Сотта зерттелген іс құжаттарымен аталған мүліктердің барлығына талапкер заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік алғаны, өзінің құқықтарын тіркеуші органға тіркелгені, мүліктердің 1/7 бөлігі талапкерге тиесілі екені дәлелденеді» делінген. (Іс: №2-431, 2015ж. 6-бет). Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал аудандық соты талапкер Ж.Әбдіғаппардың талап арызына заңды шешім шығару үшін жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, яғни, соттың 26.11.2015 жылғы келтірген ұйғарымына сәйкес, Мақтаарал аудандық жер кадастр бөлімінің мамандары талапкерге мұраға қалған мүліктік үлестің сызбаларын, талап арызда көрсетілген жер телімдерінің кадастрлік істерге сай орналасу шекараларын, бөлінуге жататын жер теліміне өрт сөндіру мәшинелерінің келіп кету жолдарын қарастырып, сотқа ұсынған. Сот іске тіркелген жер телімдерінің мемлекеттік актілерін зерттеп, аталған жер телімдерінің бөлінуі немесе бөлінбеуін зерделеу барысында барлық жер телімдерінің бөлінетіні анықталған. Сонымен сот талапкерге әкесінен қалған мұрадан, яғни, жер телімдерінен тиесілі 1/7 бөлігін төмендегіше бөліп беруге жатады деп есептеп, Жанат Әбдіғаппарқызының талап арызы мен қосымша талап арыздарын ішінара қанағаттандыруға шешім шығарған. Атап айтқанда: 1.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округі, Жаңа құрылыс көшесі №1 телімінде орналасқан шаруа қожалығын жүргізуге арналған кадастрлік №19-288-022-476, көлемі 3,39 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,4843 га. жер телімі; 2.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Қазыбек би көшесі, №15 мекенжайда орналасқан кадастрлік нөмері №19-303-010-091 санды көлемі 1,4256 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,2036 га. жер телімі; 3.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай-Мақталы жол бойында орналасқан н/з кадастрлік №19-303-002-096 санды көлемі 3,000 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,4285 га. жер телімі; 4.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі №9а мекенжайда орналасқан кадастрлік №19-303-006-723 санды көлемі 0,0137 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,002014 га жер телімі; 5.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі №9а мекенжайда орналасқан кадастрлік №19-303-006-722 санды көлемі 0,0015 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,0002142 га жер телімі; 6.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі №9а мекенжайда орналасқан кадастрлік №19-303-006-721 санды көлемі 0,0145 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,0020714 га жер телімі; 7.Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі №747 мекенжайда орналасқан кадастрлік №19-303-006-178 санды көлемі 1,5000 га. жер телімінен талапкер Ж.Әбдіғаппарға 1/7 өзіне тиесілі мұралық үлесі, яғни 0,2143 га жер телімі бөлініп берілсін делінген. (Іс: №2-431, 2015ж. 15-16-беттер). Сондай-ақ, аудандық соттың шешімімен Жетісай қала әкімінің 11.10.2013 жылғы №316 санды жауапкер А.Сатиеваға жалпы ауданы 1500,0 шаршы метр жер телімін сатып алу арқылы жеке меншік құқығын беретін шешімі, Жетісай қаласы, Шәкәрім көшесі №747 мекенжайда орналасқан жер телімін сатып алу сату туралы келісімшарты, жер теліміне жеке меншік құқығын беретін актісі мен оның Әділет басқармасында тіркелуі жарамсыз деп танылған. Қорыта айтқанда, Мақтаарал аудандық соты қорғансыз қыздың құқын қорғап, әділдіктің орнығуы жолында заңды шешім шығарып, еліміздегі сот жүйесінің беделіне бедел қосқаны айқын. Ата-анасынан мұраға қалған мүліктік үлеске әлденеше жылдар бойы қол жеткізе алмай келген Жанат Әбдіғаппарқызына газет редакциясының да көмегі әрқашан дайын екендігін білдіріп, біз де қош айтыстық.Сейітхан Зеберханұлы
Оңтүстік Қазақстан облысы