Буркино-Фасода атылған оқ

Буркино-Фасода атылған оқ

Буркино-Фасода атылған оқ
ашық дереккөзі
Өткен жұмада батысафрикалық мемлекет – Буркина-Фасоның астанасы Уагадугуда лаңкестік шабуыл жасалды. Қаланың орталығындағы Cappuccinno дәмханасы мен Splendid қонақүйін басып алған лаңкестік топ 18 елдің 27 азаматын өлтіріп, 33 адамды жарақаттады. Буркино-Фасоның астанасындағы жантүршігерлік жағдайды баяндаған үрейлі хабарламалар 15 қаңтардан 16 қаңтарға қараған түні жариялана бастады. Қарулылар әуелі Cappuc­cin­no дәмханасына шабуыл жасап, содан соң оның қарсы бетінде орна­лас­қан қонақүйге баса көктеп кірген. Көбінесе шетелдік қонақтар, БҰҰ қызметкерлері орналасатынын Splendid қонақ үйі лаңкестік топтың құр­сауында қалған. Куәгерлердің айтуынша, оқиғаның аяқ астынан әрі жедел өрбігені сондай, ұйқылы-ояу жұрт не болып жатқанын көпке дейін түсіне алмапты. Сәжде оранған үш еркек дәмханаға атойлап кіріп, қонақтарға шетінен оқ ата бастаған. Сотқарлардың өз құрбаны ретінде тек қана ақ нәсілділерді таң­дағанын айтпай кетуге болмас. Оқиға орнына құқық қорғау қызмет­кер­лері жеткенде бүлікшілер көршілес қонақ­үйге ауысқан. Splendid қонақүйі­нен 150 адамды кепілге алады. Тұтқынға алынған адамдарды құт­қару үшін тәртіп сақшылары ғима­ратты шабуылдауға көшеді. Арнайы операция басталысымен-ақ қонақүйдің бірінші қабатында жа­рылыс болып, соңы алапат өртке ұлас­қан. Кепілге алынған азаматтарды боса­ту үшін әскери бөлімшелер жұмыл­дырылды. Шетелдік БАҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, сарбаздарға Франция мен АҚШ мамандары кеңес беріп отырған. Ғимаратты қоршауға алып, шабуылдау қимылдары түні бойы созылып, тек таң атқанда ғана лаңкестердің көзі жойылып, тұтқындардың босатылғаны туралы ақпарат тарай бастады. «Жарақат алған 33 адамды қосқанда 126 адамды бүлікшілердің қолынан босаттық. Үш лаңкес – бір араб пен екі африкалықтың көзі жойылды», – деді мемлекеттің премьер-министрі Симон Компаоре жергілікті телеарнаның эфирінде. Үкімет басшысы Splendid қонақүйі мен Cappuccinno дәмханасын лаңкестерден азат ету операциясы өте күрделі болғанын айтты. Францияның Буркина-Фасодағы елшісі Жиль Тибоның айтуынша, 27 адам бүлікшілердің құрбаны болған. Өзінің твиттердегі жеке парақшасына елші мемлекет астанасындағы бүлікті лаңкестік әрекет деп атап, Парижден Уагадугуға шыққан Air France әуе компаниясының ұшағы қаладағы қауіпті жағдайға байланысты Нигер Республикасының Ниамей қаласына бағытталғанын жеткізді. «Қаза тапқандардың арасында 18 елдің азаматы бар. Көпшілігі еуропалықтар мен жергілікті тұрғындар. Бұл – адам көп келетін жер, оның үстіне, Уагадугуда шетелдіктер өте көп», – дейді Ресейдің Буркина-Фасодағы елшісі Анна Рачина. Оның айтуынша, оқиға құрбандары мен жарақаттанғандардың арасында ресейлік азаматтар жоқ. Тағы бір белгілі болғаны, лаңкестік шабуылдан Украинаның 4 азаматы қаза тапқан. Олардың бірі шабуылға ұшыраған дәмхананың қожайыны. «Буркина-Фасодағы лаңкестік шабуыл төбемізден жай түсіргендей болды. Оқиғаның құрбаны болған украин отбасының – үш әйел мен 9 жасар баланың өлімі бәріміз үшін орны толмас қайғы», – деп жазды Украинаның Сыртқы істер министрі Павел Климкин өзінің твиттердегі ресми парақшасында. Уагадугудағы лаңкестік акт үшін жауапкершілікті «Аль-Каиданың» құрамына кіретін «Аль-Мурабитун» лаңкестік тобы өз мойнына алды. Бұл топтың мүшелері әлемнің көптеген елдерінде жиһад жариялаған болатын, оның ішінде Буркина-Фасо да бар. «Аль-Мурабитуннің» өткен жылдың қарашасында Мали астанасындағы лаңкестік актіге қатысы бары да анықталған еді. Аталмыш бүлік кезінде 6 ресейлік азамат қаза тапқан болатын. Буркина-Фасо президенті Рок Марк оқиға құрбандарының туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Мемлекет басшысы бүліктен кейін үрей мен берекесіздік жайлаған елдің тұрғындарын тынышталуға шақырды. Буркина – Фасо – Батыс Африкада, Сахара шөлінің оңтүс­тігінде орналасқан шағын мемлекет. Солтүстігінде Малимен, оңтүстігінде Кот-д’Ивуар, Гана жәнен Бенинмен, ал шығысында Нигер Республикасымен шектесетін елдің жалпы аумағы небәрі 273 187 шаршы шақырым. Ал халқының саны – 15 млн. 225 мың адам.

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ