Ресей жеңіл атлетика федерациясы жарыстардан уақытша шеттетілді

Ресей жеңіл атлетика федерациясы жарыстардан уақытша шеттетілді

Ресей жеңіл атлетика федерациясы жарыстардан уақытша шеттетілді
ашық дереккөзі
Спорттағы допинг дауы әлі де басылар емес. Жыл соңында үздік ауыр атлеттерімізге допинг қолданды деген айып тағылып, спортшыларымыздың еңсесін түсірген еді. Ендігі даудың басы Ресейден басталуда. Ресейдің жеңіл атлеттеріне қатысты допинг дауының талқыға түсіп жатқанына біраз уақыт болды. Ал соңғы күндері орын алған жайттарға қарағанда, Ресейдің жеңіл атлетика федерациясының басына қара бұлт үйірілген тәрізді.

Неміс фильмінен кейінгі ойлар

Немістің ARD телеарнасы допингке қатысты арнайы деректі фильм дайындағандығы бұған дейін талай мәрте әңгімеге арқау болған. Аталмыш деректі фильм авторлары Ресейдің қоржынындағы жүлделердің 80 пайыздан астамы допинг тексерісі кезінде күдікке ілінген спортшыларға тиесілі екендігі туралы сенімді мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, қан құрамына жасалған талдау күдікті болса да, спортшылар жүлдесінен қағылмаған. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік те бұл мәселеге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді.Сол себепті, агенттіктің бұрынғы  жетекшісі Крейг Риди 2015 жылдың жазында-ақ аталмыш мәліметтерді тәуелсіз комиссия тексеретіндігін хабарлаған еді. Ал сол кезде Халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бах ARD телекомпаниясы ұсынған деректі фильмдегі ресейлік жеңіл атлетшілердің кінәсі әлі де анықталмағандығын ескерткен болатын. «Мен нақты қай жарыстың нәтижелері күдікке ілінгенін, істің анық-қанығын білмеймін. Халықаралық допингке қарсы күрес агенттігінің президентімен де сөйлестім. Олар қазіргі уақытта тексеру жұмыстарын жүргізуде. Егер фильмде көрсетілгендей спортшылардың кінәсі анықталса, Халықаралық олимпиада комитеті мұны ескерусіз қалдырмайды», – деді Томас Бах. Ал 2015 жылдың 2 тамызы күні Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко «бір фильм үшін дүрбелең туғызудың қажеті жоқ екендігін» айтты. Сондай-ақ, ол Ресейде допинг пайдаланатындарға қатаң шара қолданылатындығын атап өтті. Ресей спорт министрінің айтуынша, бұл жай ғана арандатушылық, яғни немістің ARD  телекомпаниясы осы арқылы ресейлік спортты жарға жықпақшы екен. «Біздің елімізде рұқсат етілмеген дәрілік заттармен күрес жұмыстарына баса назар аударылады. Арнайы заң қабылданған, заманауи зертхана да бар, допингке қарсы күрес жүргізетін тәуелсіз ұйым жұмыс істейді. Ал енді келіп осының бәрін жоққа шығармақ», – деген болатын министр. Немістің ARD телекомпаниясы 2014 жылдың желтоқсан айында да «Допингтің құпиялары: Ресей өз жеңімпаздарын қалай әзірлейді?» деген атаумен деректі фильм түсірген. Фильмнің авторы, журналист Хайо Зеппельт ресейлік жеңіл атлетшілердің жүйелі түрде допинг қолданатындығына көрермендерді сендіруге тырысқан. Сондай-ақ, бұл фильмде ресейлік жеңіл атлетші, Олимпиада чемпионы Мария Савинованың телефон арқылы тілдесуі де бар. Онда Савинова өзінің допингті қалай қолданғаны туралы айтады. Хайо Зеппельт бірнеше дүркін чемпион атанған Лилия Шобухованың 2012 жылғы Олимпиадаға қатысуы үшін Ресейдің жеңіл атлетика федерациясына 450 мың еуро бергенін айтады. Шобухова мұндай қаржыны өзінің допинг қолданғандығын  жарияламау үшін ұсынған көрінеді. «Допинг қолдану Ресейде мемлекеттік деңгейде қолдауға ие болып отыр. Ресейде допинг туралы талқылау аса қауіпті. Фильмде зертханада тыйым салынған препараттарды қолданғандардың әрекетін қалай жасырып қалатынын да көре аласыздар», – деген фильм авторы.

Жеңіл атлетиканың жағдайы қиын

Ресейлік тарап немістер түсірген бұл фильмнің шындыққа жанаспайтындығын айтып әлі де ақталуда. Бірақ Халықаралық допингке қарсы күрес агенттігі 2015 жылдың қараша айында Ресейді допингке қарсы күрес ережелерін бұзғаны үшін айыптап, Мәскеудегі допингке қарсы күрес зертханасының жұмысын уақытша тоқтатып, лицензиясынан айырды. Қазір ресейлік спортшылар шетелдің зертханаларында тексерістен өтуде. Онымен қоймай, халықаралық ұйым Ресейдің допингке қарсы күрес агенттігінің жұмысы Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің кодексіне сай келмейді деген шешім де шығарып тастады. Халықаралық агенттік тыйым салынған препараттарды қолданған болуы мүмкін деген айып тағылған жеңіл атлеттерді Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының қолдауымен өтетін барлық спорттық сындардан шеттету туралы ұсыныс білдірді. Агенттік шеттетуді ұсынған спорттық жарыстардың қатарында Ресей жеңіл атлеттері үлкен олжа күтіп отырған 2016 жылғы Рио олимпиадасы да бар еді. Қазіргі жағдайға қарасақ, ресейлік жеңіл атлеттердің Риоға бару-бармауы екіталай. Тіпті, 2012 жылы Лондонда өткен олимпиададағы жеткен жетістіктерінің бәрі жоққа шығарылуы да әбден мүмкін. Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігінің осындай мәлімдемесінен кейін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы 13 қараша күні Лондонда шұғыл жиын өткізіп, Ресей жеңіл атлетика федерациясының мүшелігін уақытша тоқтату туралы шешімге келді. Халықаралық федерацияның мұндай ұйғарымынан кейін ресейлік жеңіл атлеттер уақытша  жарыстарға, тіпті, олимпиада ойындарына да қатыса алмайтындығы белгілі болды. Осыдан кейін Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттігін айыптағаннан өзге амал таба алмады. Мұны «қара пиар» деп бағалаған министр бұл істе өз тараптарынан бақылауды күшейтуге уәде берді. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік те қарап отырған жоқ. Ресейлік жеңіл атлеттердің допинг дауына қатысты баяндамаларының екінші бөлімін әзірледі. Мұнда көрсетілген құжаттардың Ресей жеңіл атлетикасындағы біраз спорт жұлдыздарын өмір бойы спорттан шеттетіп қана қоймай, құраманың бүгінге дейін жиған жүлделерінен айыруына сеп болуы ғажап емес. Оның ішінде ресейлік жеңіл атлеттер орнатқан әлемдік рекордтар да жоққа шығарылады. Сондай-ақ, ресейлік спортшылар наурыз айында АҚШ-та өтетін жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатына да қатысу мүмкіндігінен айрылып отыр. 2016 жылы Чебоксарыда өтетін спорттық жүрістен Әлем кубогы және Қазанда өтетін жасөспірімдердің Әлем чемпионатын өткізу құқығы да Ресейдің қолынан сусып шықты. Мюнхенде таныстырылған баяндамадан кейін Ресей спортшыларының жарыстарға допинг қолданып шығатындығына еш күмән да қалмағандай. Допингке қарсы агенттік тыйым салынған препараттарға қатысты заң бұзушылықтарға Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының да қатысы болуы мүмкін деген байламға келіп, бірлестіктің жұмысын тоқтату туралы мәселені тереңірек қарастыра бастады. Ал егер Халықаралық федерация жұмысын тоқтатса, көптің сүйікті спорт түріне айналған жеңіл атлетика дисквалификацияға ұшырауы ықтимал. Неміс телеарнасынан көрсетілген фильмдегі ресейлік жеңіл атлетшілердің допинг қолдануы туралы дау әлемдік спорт саласына үлкен өзгеріс енгізуі бек мүмкін екендігін бұған дейін де айтқанбыз. Тіпті, допинг дауынан шаршаған Халықаралық олимпиада комитеті Олимпиада ойындарынан жеңіл атлетиканы қысқарту туралы ойларын да сол кезде-ақ ашық естірте бастаған болатын.

Допинг дауына кім себепкер?

Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік төрағасы Ричард Паунд аталмыш допинг дауына қатысы бар лауазымды тұлғалардың көп екендігін алға тартуда. Паундтың айтуынша, ресейлік жеңіл атлеттерге қатысты допинг мәселесінен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының қазіргі президенті Себастьян Коудың бейхабар болуы мүмкін емес. Ал Ресей тарапы қазір Мәскеуде өткен 80-жылғы олимпиада кезінде өзінің алғашқы алтын медалін жеңіп алған британдық Себастьян Коуға үмітпен қарап отырған тәрізді. Айта кетейік, 2 қараша күні Себастьян Коу Мәскеуге ресми сапармен барып, Ресей жеңіл атлетикасының допингке қарсы атқарған жұмыстарына көңілі толатындығын мәлімдеген. «Мен Ресейді жеңіл атлетиканы дамытуға үлес қосатын мықты серіктестердің бірі ретінде қарастырамын. Бұл елдің халықаралық жеңіл атлетикадағы жетістіктерін ешкім де жоққа шығара алмайды. Соңғы жылдары бұл салада біршама жұмыстар атқарылды. Мен мұнда көрген нәтижелердің бәріне разымын. Ресей – әлемдік жеңіл атлетиканың маңызды бөлігі. Солай болып қалады», – деді Себастьян Коу. Ал Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің деректеріне сүйенсек, 2014 жылы Мәскеудегі допингке қарсы зертхананың төрағасы Григорий Родченков тексеріс алдында 1417 допинг-сынаманың көзін жойған. Сондай-ақ, Ресей спортшыларының тыйым салынған препараттарды пайдаланғандығына Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы да көз жұма қараған екен. Агенттіктің баяндамасында допинг-тестті болдырмау үшін спортшылар жалған құжаттар пайдаланып, Ресейдің допингке қарсы ұйымы жеңіл атлеттерден олардың допинг-сынамалары жарамды болуы үшін бірнеше рет пара алғандығы баяндалады. Тіпті, бұдан Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының басшылығы да хабардар болған. Айта кетейік, 4 қараша күні Францияда Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының бұрынғы президенті Ламин Диак қолға түсті. Ол допинг қолданған ресейлік спортшылар туралы ақапараттарды жасыру үшін Ресейдің ресми тұлғаларынан пара алғаны үшін күдікке ілінген. Француз прокуратурасының деректеріне сүйенсек, Диак Лондонда өткен олимпиада ойындарының алдында 2011 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысқан. Мұндай күдікке ілінгендер қатарында Диактың заңдық мәселелер бойынша кеңесшісі Хабиб Сиссе және Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының допингке қарсы күрес комитетінің бұрынғы жетекшісі Габриэль Долле бар. Аssociated Press ақпарат агенттігінің жазуынша, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің бұл жайға қатысы болмауы мүмкін емес. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік басшысы Ричард Паунд: «Баяндамада Путиннің бұл іске қатысы бар деген сөз айтылмаған. Біз тек Ламин Диактың президентпен достығын бірнәрсеге келісу үшін пайдаланғандығын атап өттік. Мұнда Диак пен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының допинг ісіне қатысты заңгері Хью Робертстің арасындағы әңгіме туралы ғана айтылған. Осы әңгіме барысында Путиннің есімі аталғандығы нақты көрсетілген», – дейді. Ал Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко: «Біздің америкалық әріптестеріміз енді допинг дауына президентті кінәлай бастады. Бұл нағыз сандырақ», – деп бағалады. Сондай-ақ, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік жасаған баяндаманың екінші бөліміне қатысты ойын білдіргендердің қатарынан Ресей олимпиада комитетінің төрағасы Александр Жуков та табылды. Оның айтуынша, қазір олимпиада комитеті қызу жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта жеңіл атлетика федерациясы халықаралық ұйымның мүшелігіне ие болу үшін барлық талаптарға сай жұмыс істеуге тырыспақ. Сондай-ақ, ресейлік тарап допинг қолданбаған спортшылардың құқығын қорғауды мықтап қолға алғалы отыр. Өткен аптада Америка допингке қарсы күрес агенттігінің төрағасы Тэвис Тайгерт Ресей жеңіл атлетикасындағы бүгінгі жағдай Рио олимпиадасына дейін еш өзгермейтіндігі туралы болжамын айтты. «Қазір ресейліктер өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып, шындыққа қарсы келуде. Зертханасыз, тестілеусіз олимпиадаға аз ғана уақыт қалғанда мұның бәрін қалпына келтіру мүмкін емес», – дейді Тайгерт. Сенбі күні Мәскеуде Ресей жеңіл атлетика федерациясының жаңа президенті сайланды. Бұл лауазымға Самара облысының спорт министрі Дмитрий Шляхтин тағайындалды. Бұрынғы жетекші допинг дауына қатысты отставкаға кетуге мәжбүр болған еді. Дмитрий Шляхтин: «Жеңіл атлетиканы халықаралық деңгейге қайта шығару, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің сенімін қайта жаулау, халықаралық дәрежедегі кез келген спорттық жарыстарға қыз-жігіттеріміздің қатысуына мүмкіндік беру – біздің  ендігі міндетіміз», – деді алғашқы сөзінде. Ресейлік жеңіл атлеттердің Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиадаға қатысуға құқылы екенін дәлелдеу енді жаңа басшының құзырындағы шаруа. Ал оның қаншалықты табысты аяқталатындығы бізге әзірге беймәлім. Бірақ мұның Шляхтин үшін қиынға соғатыны анық.  

Әсел ӘНУАРБЕК