Бүгін Димаштың Нью-Йорктегі концертін телеарнадан көре аласыз

Жаңа жыл мерекесіне орай Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте өткен концертінің теленұсқасы көрсетіледі, – деп хабарлайды «Қазақстан» телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі.

АҚШ-тың әйгілі «Barclays Center» аренасына 51 елден 20 мыңға жуық тыңдарман жинаған 2019 жылдың ең ауқымды шоуын 31 желтоқсан сағат 17:20-дан бастап «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ұсынғалы отыр.
Одан бөлек, концерт алында көрерменге бір сағаттық арнайы жоба ұсынылады. Эксклюзив жобада Димаштың ата-анасымен бірге, қазақстандық және әлемнің түкпір-түкпіріндегі фанаттарының сұхбаттары беріледі. «Космос және Әлемнің шексіздігі» атты шоуда Нұр-Сұлтанда өткен жазғы концерттің ең жақсы сәттері қамтылған.

Димаш оркестрдің сүйемелдеуімен «Адай» күйін, өзге де композицияларды орындайды. Сондай-ақ, әндерін қазақ, ағылшын, орыс, француз, итальян және қытай тілдерінде шырқайды.

Back to top button