Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының кітабы жарық көрді

Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының кітабы жарық көрді

Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының кітабы жарық көрді
ашық дереккөзі
Жақында «Алашорда» қоғамдық қоры баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламасы аясында тұңғыш рет Алаш қайраткері, көрнекті саяси тұлға, қазақтың алғашқы Конституциясын жазған заңгер Барлыбек Сырттанұлының кітабы 5 мың дана таралыммен шығып отыр. Барлыбек Сырттанұлы 1866-1914 жылдар аралығында өмір сүрген қазақ оқығаны. 1890 жылы Санкт-Петербордағы Императорлық университетті үздік бітірген, 9 тілді емін-еркін меңгерген білімді, эрудит азамат. Алаш қозғалысының Орталық тұлғасы ретінде азаттық идеясын таратқан, патшалық үкіметке қарсы күрес ұйымдастырған реформатор. 1911 жылдың 13 маусымында Ә.Бөкейханның тапсырмасымен 4 бөлім, 28 баптан  ғана тұратын «Қазақ елінің Уставы» конституциялық еңбегін жазған. Алматы қаласынан І Мұсылмандар кітапханасын, емханасын, мектебін ашқан халық перзенті. 1914 жылдың 26 қарашасында Жетісу облысының әскери губернаторы М.Фольбаумның бұйрығымен ату жазасына кесілген. 48 жасында қаза тапқан қайраткер «Ынтымақ ережесі», «Дәрілік өсімдіктер», «Қазақтардың өмірін жақсарту туралы» т.б. еңбектердің авторы. Кітапты құрастырып, алғысөзі мен түсінігін жазған тұлға мұрасын зерттеуші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай. Кітаптың бірінші бөліміне Барлыбек Сырттанұлының өмір жолына, қоғамдық-саяси қызметіне қатысты Мәскеу, Петербор, Ташкент, Омбы архивтерінен табылған тарихи құжаттар мен материалдар топтастырылған. Кітаптың «Барлыбектану мәселелері» деген екінші бөліміне әр жылдары жазылған тұлға туралы ғалымдардың мақалалары мен зерттеулері енген. Кітаптың жалпы редакциясын ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Д.Қамзабекұлы басқарған. Кітапқа з.ғ.д., профессор Н.Дулатбеков, т.ғ.д., профессор О.Мұхатова, ф.ғ.д., профессор С.Жұмағұл сынды ғалымдар пікір жазған. Бұл кітап Барлыбек Сырттанұлын танимын, зерттеймін деген ниеті бар жастарға ой салып, мол дерек береді.