Американың атақты Tyson Foods компаниясы Қазақстанға ет өңдеуді үйретпек

Американың атақты Tyson Foods компаниясы Қазақстанға ет өңдеуді үйретпек

Американың атақты Tyson Foods компаниясы Қазақстанға ет өңдеуді үйретпек
ашық дереккөзі
АҚШ-тың әйгілі компаниялары Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға ниетті.  Премьер-министр Асқар Мамин Құрама Штаттарға  жұмыс сапары кезінде осы елдің агробизнес өкілдерімен келісім жасап, ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24». Tyson Foods және Valmont Industries компаниялары көп ұзамай елімізде құрылыс бастап, өз технологиясымен жұмыс істеуге көшпек. Сөйтіп, қазақстандықтар да бұл бизнестің қыр-сырына қанығып, ісін ілгерілететін болады. Бұл компаниялар Американың агробизнес саласында көш бастап тұр. Аты танымал, тәжірбиесі мол, өнімі сапалы компаниялар енді Қазақстанға қаржы құятын болды. Үкімет басшысы Асқар Мамин ірі ет өндіруші Tyson Foods компаниясының басшыларымен кездесіп, Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісім жасады. Америкалық бұл әйгілі компанияның құрылғанына ғасырға жуық уақыт болған. Жылдық айналымы 42,4 млрд доллар. Алып кәсіпорында 141 адам жұмыс істейді. Стив Стоуффер, Tyson fresh компаниялар тобының президенті: Бұл – бір күндік жұмыс емес. Барлық істі бір ізге түсіру үшін көп еңбек керек. Технологиялық процесті тиімді қалыптастыруымыз қажет. Жалпы, Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел. Сырттан баратын инвесторлар оны тиімді пайдалана білуі тиіс. Арадағы келісім бойынша елімізде тәулігіне 2 мың ірі қараның етін өңдейтін кешен салынады.  Бұл кәсіпорын ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарығына өнім шығаруға да мүмкіндік береді. Жоба іске асқан кезде ауыл шаруашылық саласының жылдық кірісі 1 млрд доллардан  асады деген болжам бар. Сондай-ақ, ірі кешеннің айналасында өзге де қызмет түрлері көрсетіледі.  Tyson Foods қазақстандық Kusto Group компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асырмақ.  «Экстеншн» америкалық қызмет үлгісі бойынша қазақстандық фермерлерге ақпараттық кеңес беру, жергілікті жерлерде кадрлардың біліктілігін арттыру және кәсіптік-техникалық оқыту қаралған. Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:«Тайсон Фудз» деген әлемге танылған марка. Олар құс, сиыр мен доңыз етін 68 елге экспорттайды. Енді Қазақстан нарығына шықпақ. Біздің елде 3 зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 1 млрд 250 млн долларға жетеді. 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орыны ашылады деген жоспар бар.