Жылына 1 миллионнан астам оқырман 2 миллион данаға жуық кітап қорын пайдаланады

Жылына 1 миллионнан астам оқырман 2 миллион данаға жуық кітап қорын пайдаланады

Жылына 1 миллионнан астам оқырман 2 миллион данаға жуық кітап қорын пайдаланады
ашық дереккөзі
357
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» қызметіндегі ашық қордың қызметі туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – қазақ халқының құжаттамалық мұрасын сақтайтын әлемдегі жеке-дара, жалпыға бірдей қолжетімді мәдени-танымдық және ақпараттық мекеме, ғылыми орталық. Жеті миллионға жуық қоры бар кітапханада жылына 1 миллионнан астам оқырман 2 миллион данаға жуық кітап қорын пайдаланады. Ұлттық кітапхана 1993 жылдан бері ЮНЕСКО-ның ғылыми диссертацияларының және басылымдарының депозитарийі. Қорды пайдаланушылар үшін 1,5 мың орындығы бар 14 оқу залы қызмет көрсетеді. Кітапхананың 35000-дай кітап қоры бар «Қазақстан кітаптары» қызметінде пайдаланушылар игілігіне 200 орындық оқу залы, 22 орындық ғалымдар залы қызмет көрсетеді. Мұнда жиі сұранысқа ие Қазақстан туралы әдебиеттер, Қазақстан баспаларында басылған көркем әдебиеттер мен барлық салада шыққан құжаттар, шетелдік авторлардың еңбектері, анықтамалық басылымдар, энциклопедия­лар, сөздіктер және басқа да басылымдар бар. – Сонымен қатар «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасы (қазақ және т.б. тілдерде); – Қазақстан халқы ассамблеясының кітаптары депозитарийі (қазақ және т.б. тілдерде); – Жаңа түскен әдебиеттер топтамасы (қазақ және т.б. тілдерде), сондай-ақ түрлі тақырыпта аталып өтілетін мерекелерге, халық зиялыларының мерейтойларына арналған көрмелер орналасқан. Оқырмандар залында автоматтандырыл­ған РАБИС бағдарламасы, ғаламтор арқылы іздеу және Wi-Fi нүктесі орнатылған. Оқырман қажетті ақпаратты барынша пайдалануына, компьютермен жұмыс істеуіне, қоғам өміріндегі, атап айтар болсақ, ғылым, білім, мәдениет, педагогика, медицина, тарих т.б салалардағы болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар болуына, өз білімін жетілдіруіне мүм­кіндіктері мол. Кітапханаға кел­ген оқырмандардың сұраныстарын қана­ғат­тан­дырып, көңілдерінен шығуға бөлім қызметкерлері машықтанған. Мұнда келушілердің дені оқытушылар, ғалымдар, ізденушілер, студенттер, қоғам қайраткерлері, әр түрлі мамандық иелері, зейнеткерлер т.б. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден келетін оқырмандарға да қызмет көрсетіледі. Соңғы кездері оқырмандардың ежелгі шығыс мәдениеті, тұрмысы, әдебиетіне деген сұранысы артып келеді. Мысалы, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди», А. Рудаки, С. Бақырғани еңбектері, Ә. Фердаусидің «Шахнамасы», Ж. Бала­са­ғұнның «Құтты білік», Кайқауыстың «Кабуснамасы», Омар Хайям, М. Қашқари, Қ.А. Йассауи, Әбу-Райхан әл-Бируни, А. Науаи, «Ғашық-наме» т.б. Сонымен қатар қазақ халқының шығу тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылық артуда. 2007 жылы Астанада «Оқитын ел – бәсекеге қабілетті қоғам негізі» тақырыбымен тұңғыш рет Халықаралық оқу конгресі өтті. Аталған форум аясында «Бір ел – бір кітап» акциясы ұйымдастырылды. 2007 жылы таңдау Абайдың «Қара сөздерінен» түссе, аталмыш «Бір ел – бір кітап» акциясы бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда. Биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» респуб­ликалық акциясы аясындағы таңдауға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясы ұсынылды. Сонымен қатар роман авторының жүз жылдығы және қазақ хандығының бес жүз елу жылдығы сәйкес келуде. Осы мерейтойлар құрметіне оқу залында үлкен көрме қойылған. Қызметтік сервисті дамыту мақсатында 2012 жылдан бері «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқырмандар залында ашық қор ұйымдастырылды. Ашық кітап қорларын ұйымдастыру жұмысы – оқырмандарды кітаппен қамтудың ең тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар ашық кітап қорының тағы бір пайдасы – ізденушіге сөрелерден өздеріне беймәлім, өте қажетті құжатты тауып алатыны, сондай-ақ, көрінбей, оқырман назарынан тыс қалған әдебиеттерді пайдаланушының өзі қолына алып, оны пайдалана алатыны. Ашық кітап қорларын пайдалану нәтижесінде оқырман өзіне қажетті кітаптарын таңдап алып, белгілі бір тақырыпта жүйелі оқу арқылы білім дәрежесін арттырады. Ашық қолжетімділіктің тағы бір тиім­ділігі – кітап қорының айналымын артты­ра­ды, сөрелерде себепсіз ұмыт қалған әдебиет­терді пайдалануға мүмкіншілік туа­ды. Бөлімде кітапханаға келетін пайда­ла­нушылардың барлық тобына қызмет көр­сететін үлкен оқырман залы мен ғылым cаласында жүрген ғалымдар мен ізденушілерге арналған ғалымдар залы орналасқан. Бұл жерде әр оқырман өзіне қажетті құжаттарды еркін түрде алып оқуға жан-жақты жағдайлар жасалған. Ашық кітап қорын пайдалану арқылы оқырмандар өз уақыттарын үнемдеумен қатар, кітапханадағы басылымдармен де толық танысуға да мүмкіндіктері бар. Ашық қорда жиналған жәдігерлер, қазіргі заманауи әдеби шығармалар мен әр жылдары әр салада жазылған ғылыми еңбектер, күнделікті өз пайдаланушыларын қанағаттандырып, жүйе-жүйесімен, әріптік тәртіппен сөрелерге орналасқан.  

Баян Өтебаева, Ұлттық кітапхана қызметкері

Серіктес жаңалықтары