Сәндекеңнен қалған тұяқ

Сәндекеңнен қалған тұяқ

Сәндекеңнен қалған тұяқ
ашық дереккөзі
Сонау бір өмірдің елесі есіме оралып отырғаны. Ол кезде есімді еміс-еміс білемін. Қобда өзенді жағалап біздің ауыл қыстап отыратын. Ауылдың төменгі жағында Әндібай, Сәндібай деген аталардың ауылы болды. Әндібай ата жайлы ақпарат жадымда жоқ, ал Сәндібай атамыз бүкіл ауылдың сынығын таңған, алыс-жуыққа белгілі оташы адам еді. Әлдебір себептермен ол кісінің алдына менің де барғаным бар. Бірде таңертең ұйқыдан ояна салысымен иығымды көтере алмай, зар қақсадым. Не болғанын түсінбей әжем (апам) келді, әкем мен анам жетті үрейлі түрде. Не болғанын түсінбесе де, «буыны шықты-ау!» деп топшылауда. Мұндайда мәселенің мәнісін білетін көрші үйдегі Кіші ағамды (Құмарбек, әкемнің жамағайын туысы) шақыртатын дағдыларымен адам жіберді. Бойы ұзын, екі қасының арасы қосылған, кең иықты, алпамсадай осы бір қара сұр кісінің түсі сұсты еді. Үнемі қорқып жүретінмін, Кіші ағамның сұлбасы көрінгенде кірерге тесік таппай кететінмін. Сол Кіші ағам кіріп келгенде, таң атқаннан көз жасымды тыймай отырған басым, жылауымды кілт тоқтаттым. Ол кісі иығымды ары-бері ырғап көрді де, «буыны шығып кетіпті» деді. Енді қайттік, иығым болса шыдат­пай барады. – Cәндекеңе барамыз, киін, – деді әкем. Анам ептеп жүріп киіндірді, қолымды мойнымнан асып, іліп қойды. Жазда жайлауда едік, көл жаға­лай ақшаңқан киіз үйлерді тігіп отыра­тын­быз. Сәндекең үйі жоғары жақта, қы­ратта, ауыл тұрғындары үшін арнайы салынған дүкендер – қоржын тамдардың артында болатын. Асықпай аяңдап келсек, ол кісілер таңғы шайын алдарына енді алып жатыр екен. Бізді көріп, кәукелектеп, төрге оздырды. – Баланың қолына не болған? – деді Сәндібай ата мені көргеннен. – Иығын шығарып алыпты. Жайсыз ұйықтап қалған секілді, – деді әкем. Сәндекең ақсақалдың түсі өте жылы еді, еппен ғана иығымды ұстап көріп, буынын бірден тапты да, «өзі бір ақылды бала екен, қандай батыл, жыламайды да» деп көңілімді аулай бастады. Оның менің көңілімді аулап отырғанын қайдан білейін, сол сөз маған қатты әсер етті, көзімнен жас ыршып кетсе де, қарадай намыстанып, оны көрсетпеуге тырыстым. Буын орнына түсті, қақсағаны басылды. Осы бір жайсаң қарттың Қауан деген ұлы, Күнікей деген келіні болды. Шиеттей-шиеттей оншақты баласын артқа тастап, екеуі де бірінен кейін бірі о дүниеге аттанып кете берді. Сол Қауан қарттың Сағирахан деген қызы менімен бірге оқыды. Шиеттей ұлдар мен қыздарды өсіріп жеткізу, Сәндекең мен Наушарбан апаның иығына түсті. Қолы алтын, қандай күрделі сынығыңды да буынын тауып орын-орнына салып, тастай қылатын Сәндекең ақысына ештеңе тілемейтін. Оның шиеттей немерелерін жеткізуі керектігі, кемпірі екеуінің де мардымсыз зейнетақысына иек сүйеп отырғаны көп адамның миына кіріп шықпайтын. Ол заманда көйлек жыртылмас, көңіл қалмастық базарлықпен ғана құтылатын еді ғой жұрт. Алайда қарапайым ғана қазақы тірлік кешкен ол кісінің атағы алыс-жуықтағы ағайынға дүрілдеп жетіп жатушы еді. Оның оташылығын естіп жанына дауа іздеп қаншама адам келді десеңізші. Әкем қолын сындырып алғанда: «Әттең, Сәндекеңнің қартайып, көзінің нұрының әлсіреп қалғаны-ай, әйтпегенде менің қолым бұлай жансыз қалмас еді» деп өкінетін. Сол Сәндекең ауылын апам «төркінім» дейтін. Алтайдан ауғанда 16-17-дегі өрімдей жас қыздың туған-туысқандары Алтайда қалыпты да, апам жалғыз атаммен бірге ауған екен. Екі ел арасындағы темір тордың салдарынан апам төркінінен ешкімді көре алмады. Ал жамағайыны Сәндекең ауылын туғанындай көріп, өле өлгенше бізге аманаттап кетті. Қыз қартайғанда төркініне төркіндеп барып, «ақыреттік» алатын дәстүр бар екен. Апам сол Сәндекең ауылына төркіндеп барғанда мені ертіп барды. Бұл салттың қандай маңызы барын әлі күнге түсінбеймін. Бірақ арнайы сәлем айтып, «төркіндеп қайтсам» деп бұйымтай айтып жіберді де, біраз уақыттан кейін осы ғұрыпты орындауға аттанды. Сол Сәндібай атаның Қауан ұлынан туған Қайролданың баласы Мұратбек биылғы «Қазақстан дауы­сының» иегері атаныпты. Тәуба, орнында бар оңалар деген осы. Ал, оның Сәндекеңнің ұрпағы екенін естігенде, көңілім бір босап, сол бір ерекше қарттың есіме түсе қалғаны. Ол кісі жұрттың батасын көп алған адам еді, сол елдің шапағаты оның ұрпағына дейін жетіп, алқап жатқан болар.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ