Түркістан – қазақтың алтын тәжі
Түркістан – қазақтың алтын тәжі
Н.Назарбаевтың Түркістанға Өзбекстан президенті
Ислам Каримов сапармен келгенде айтқан сөзі, 1992 жыл
Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады.Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабынан, 1999 жыл
Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет.Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде сөйлеген сөзі,
Әзірбайжан, Нахчыван қаласы, 2009 жыл
Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады.Түркістан, 2016 жыл
Біз бүкіл түркі халқының ата жұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін, біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жылдың ішінде қазақ деген халық өзінің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін, дәстүрін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Сіздердің бабаларыңыз атажұрттан бері қарай жылжыған кезде Түркі қағанатының ішінен түрік деген атты өздерімен алып кетті. Қазірге дейін түркінің ішінде жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай дегенде «қазақ» дейді. Сол қазақ – бізбіз.
Елбасы Н.Назарбаевтың
Түркиядағы сөйлеген сөзі, Анкара, 2012 жыл
Қазақ даласы – Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы. Алтай мен Атыраудың, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі заманды біз қайта түлетіп жатырмыз. Еуразияның алып даласы Еуропаның төріне, аспан асты еліне жолын жалғап, жаңа мыңжылдықтың керуенді көшін ұзартып, көркін асырып келеді. Кешегі Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады.Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың ұлағаттары» кітабы, 2016 жыл
ХХ ғасырда қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз.Н.Назарбаевтың Түркістанды облыс орталығына
ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойғандағы сөзі, 2018 жыл
Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Естеріңізде болса, 2000 жылы қасиетті Түркістанның 1 500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы деректерде күлтөбеден табылған археологиялық жәдігерлер оның кемінде 2 мың жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеп отыр. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі айтулы оқиғалардың бел ортасында жүрген тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде ұлт болашағына байланысты көптеген шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, түркі жұртына ортақ қасиетті мекен. Алғаш ел егемендігін алған жылдары Түркия мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді мойындап, ел басқарған басшылармен осында Ахмет Ясауи университетін құрған болатынбыз. Түркістан талай ғасырлар бойы Қап тауынан Қашқарияға дейін мекен еткен халықтар зиярат етіп келетін қастерлі орын. Былтыр Түркі мемлекеттері Түркістанды «Түркі дүниесінің мәдени астанасы» деп жариялады. Осыған орай, Түрксойдың қолдауымен мұнда 40-тан астам ауқымды шара өткізілді. Осының барлығы бізді бүгінгі шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауға себеп болды.Елбасының Түркістан облысының тұрғындарымен
жүздесуінде сөйлеген сөзі, 2018 жыл
Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны өте бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы.Елбасының Түркістан облысына ресми сапармен барған кездегі сөзі, Түркістан, 2018 жыл
Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы,
Нұр-Сұлтан, 2018 жыл
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. ... Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы,
Нұр-Сұлтан, 2018 жыл
Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды болашақ астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізді қолдайды деп сенемін.Елбасының Түркістан жұртшылығымен кездескен кездегі сөзі,
Түркістан, 2019 жыл
Әзірлеген
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ