Жергілікті полиция қызметке кірісіп кетті

Жергілікті полиция қызметке кірісіп кетті

Жергілікті полиция  қызметке кірісіп кетті
ашық дереккөзі

2016 жылдың басынан бері Астана қаласында жаңадан құрылған Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 1600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкерлері анықтаған ұсақ бұзушылыққа жол берген 43 адамға қатысты әкімшілік іс өндіріске алынып, оның  бесеуі сот тәртібімен әкімшілік қамауға алынды. Ал  38 адамға 800 мың теңгеден астам айыппұл төлеу міндеттелді. Сондай-ақ, биылғы  жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу ережесін бұзғаны және алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 300-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 290 адамға түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл салынды. Қалада абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 445 тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік істер өндіріске алынды.

Алдағы уақытта Жергілікті полиция қызметкерлері күн сайын азаматтардың  құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамда тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа «нольдік толеранттылықты» қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар өткізуді де жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, белгіленбеген жерлерде темекі шегу, азаматтардың мазасын алу, абаттандыру және сауда ережелерін бұзу жағдайларына жол бермеу бойынша да жұмыстар жүргізілмек.