Қызылордада жыл басынан бері 69 әйел зорлық-зомбылық құрбаны болған

Қызылорда облысында жыл басынан бері әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты 69 қылмыс тіркелген. Әсіресе, Қазалы ауданында қыздарға қырғидай тию деректері өсім алып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша әлемде 5 минут сайын бір ана мен бала зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Бұл – ғаламдық проблема. Сондықтан онымен күресу – қоғамдық іс. Осы ретте облыстық жергілікті полиция қызметі зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн акциясын өткізіп жатыр. Шарада, белсенді жастар тұрмыстық жанжал мен әлімжеттік әрекеттерді болдырмауға үндейтін көрнекі құралдарды көпшілік орындарда алып жүрді. Қала тұрғындарын ізгілікке, мейірімділікке шақыратын үнпарақтар таратылды. Акция аймақтың барлық аудандарында жалғасын табады.

– Республика бойынша зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жатқан әйелдердің көп екені бәріне белгілі. Статистика мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысында былтырғымен салыстырғанда тұрмыстық жанжал қылмыстары 34% төмендеген. Сонда да осы отбасы-тұрмыстық қылмыстың алдын алу бағытында іс-шаралар өткізіп, халыққа әйел азаматшалар құқығын қорғау мақсатында кеңінен насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді блыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ермекбай Құдайбергенов.

Back to top button