Алматыдағы әскери бөлім «Қара майордың» есімімен аталатын болады

Алматы қаласындағы әскери бөлімге аты аңызға айналған «Қара майор» – полковник Борис Керімбаевтің есімі берілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Осылайша түрлі замандағы әскери қызметшілер үшін әскери міндетті орындаудың, ерлік пен ар-намыстың мүлтіксіз үлгісі болып табылатын офицердің есімі мәңгі есте сақталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Халық Қаһарманы полковник Қасым Қайсеновтің есімі Өскемен қаласындағы әскери бөлімге, аты аңызға айналған қазақстандық генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың есімі Тараз қаласындағы әскери бөлімге берілген болатын. Борис Түкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы, Прудки кентінде дүниеге келген. В. И. Ленин атындағы Ташкент жоғары командалық училищесін тәмамдаған. Офицерлік қызметін Германиядағы кеңес әскерінің құрамында мотоатқыштар вызводының командирі лауазымынан бастап, Ортаазиялық әскери округте барлау ротасын, штабты, кейін мотоатқыштар батальонын басқарды.

1980 жылы Керімбаевті Эфиопияға жаяу әскер бригадасы командирінің кеңесшісі лауазымында шетелдік іссапарға жіберді. Дәл осы жылы ол Қапшағай қаласында құрылған 177-ші арнайы жасақ бөлімінің командирі болып тағайындалды.

1981 жылы полковник Борис Керімбаев Ауғанстанға жіберілді. Оның жасағы моджахеттерге қарсы жауынгерлік қимылдарына бірден кірісіп кетті. Офицер Панджер шатқалындағы совет әскерлері мен Ахмад Шах Масуд отрядтары шайқасының негізгі қатысушысы болды.

1982 жылы оның жасағы ауған моджахед құрылымдарын ішінара бақылау және өткізбей ұстап тұру үшін белгісіз мерзімге сол жерге қайта жіберілді. Сегіз айға созылған толассыз атыстардан, қоныстану операциялары мен рейдтерден кейін сан басымдығына ие болса да, моджахедтердің басшысы уақытша бітімге келісуге мәжбүр болды. Нәтижесінде Кеңес әскерлеріне қарсы топтардың жауынгерлік қимылдары тоқтатылды. Бұл сөзсіз Керімбаевтің еңбегі болды.

1983 жылдың наурыз айында полковник Керімбаев барлық бөлімшелерді шатқалдан шығарды. Командирді қоластындағы жеке құрам әскерлері «Қара майор» деп атап, кейін әскери құрылымдар арасында осы лақап аты тарап кетті. Кейін офицер Қапшағай қаласындағы 22-ші арнайы мақсаттағы бригада командирінің орынбасары, 546-ші арнайы мақсаттағы оқу полкінің командирі болып қызмет етті.

1992 жылы денсаулық жағдайына байланысты Қарулы Күштерден полковник шенінде босатылды. 2019 жылы 12 ақпанда ұзақ сырқаттан кейін Борис Керімбаев Алматы қаласында өмірден өтті. Офицер «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін», І дәрежелі «Айбын» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Back to top button