ҰЛТ БАСПАСӨЗІНІҢ БІР КЕЗЕҢІ

ҰЛТ БАСПАСӨЗІНІҢ БІР КЕЗЕҢІ

ҰЛТ БАСПАСӨЗІНІҢ БІР КЕЗЕҢІ
ашық дереккөзі
Қазақ баспасөзінің тарихындағы үздіксіз шығып, уақыттан уақытты алға оздырып, оқырманмен бірге жасап келе жатқан санаулы ғана газет-журнал бар. Соның бірі әрі бірегейі, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің бас газетіне айналған ұлт мінбері – Egemen Qazaqstan басылымы. Egemen Qazaqstan деген атының өзі айшықтап тұрған бұл аталы сөз – баталы газетте қазақтың әр дәуірдегі игі жақсылары мен сөз сүлейлері, қалам қайраткерлері еңбек етіп, қазақ журналистикасының тұғырын көтерген. «Ұшқыннан» бастау алған бұл газет – қазақ сөзінің дамуы мен перспективасының тенденциясын айқындаған, журналистикадағы жанрлар эволюциясын түзген ірі әдеби мектеп, қаламгерлер шеберханасы іспетті қара шаңырақ болып, ұлттық сөз бостандығы мен көсемсөздің кеңістігін кеңейткен.  Egemen Qazaqstan газетінің ең жемісті кезеңінің бірі – «Еңбекші қазақ» болып шыққан сәті. Бұл жылдары газетті шығарған редактордың бірі – ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин. Сәкен сұңқар газетті басқарған жылдары басылым мазмұн, түр жағынан түрленіп, қазақтың ұлттық мәселелерін қозғаған, түйткілді түйіндерді көтеріп жазған ең бір өткір жауапты орган ретінде ел есінде сақталыпты. Сол жылдағы газеттің ескі қиындыларын, сарғайған нөмірлерін оқи отырып, өткеннің тарихымен, ғасыр-ғұмырдың әртүрлі кезеңдерімен танысып, қазақ жазушыларының қалам тартысы, сөз саптауына риза боламыз. Сәкен бұл газетті Үкімет басылымына айналдырып, мемлекеттік деңгейге көтеріп кеткен-ді. Ата басылымның жүзжылдық мерейтойының құрметі үшін жігіт жасындағы Túrkistan газеті өткенді «сөйлетіп», тарих үнін жеткізеді.

ГАЗЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІ

1922 жыл. Шылымның түтінімен тұманданған тарлау бөлмеде шашы жалбырап бір жігіт отыр. Бұл газет қызметкері еді. Басқармада жалғыз өзі. Газет жетісіне бір-ақ шығады. Бірақ сол жетілік газетке материал таба алмай сасады. Ел хабарын жазатын тілшілер жоқ. Мекеме басында отырған азаматтар қол ұшын бере алмайды. Алдағы нөмірге керекті материалдар тиісті адамдарға тапсырылса да, олардың бірі де уақытында жазып беретін болмағандықтан, құрастырып-сұрастырып жүріп, 3 беттік материалды өзі жазған. Енді 1 беттік материал керек. Оны қайдан таппақшы?! Қысылғанда қарманатын жалғыз шкаф бар. Оның ішінде іске жарарлық материалдың жоғын білсе де, шаршаған көңіліне демеу қылайын дегендей ашып жіберіп, қолымен қармана бастады. Қапшық қағаздың ішіндегі бөлек-салақ екі-үш хатқа көзі түсті. Бұл ел адамдарының жазған хаты еді. Бұрын неше рет оқыса да басуға лайықты таппаған. Николайдан бері қозғап жазған құр айқай жыр еді... Үстелге отырып, берген материалдарын ойымен орындастыра бастады: бас мақала – 100 жол, екі бағананы алады; ішкі-сыртқы хабарлар екі жүз жол... Орындастыра келгенде 4-беттің 3-бағанасына дым жоқ! Енді не қылмақ керек? Бүгін таңмен тұрып, «қаламының желі бар» деген адамдардың біразына жолыққан. Бәрінің де айтатыны: «теманы тауып алдым, енді соны жазу ғана керек»! Неге жазып бермейді: ұяла ма, жаза алмай ма, әлде, қолы тимей ме – бұл арасын ашып айтпайды. Сасып жүргенде редакторына да бір-екі жолығып кеткен. Оның да айтатыны: ертерек айтқаныңда жазып беретін едім... Айтқанына он күндей болды ғой, бір ай бұрын сауын айтпақшы ма?!..   * * * Телефон шыр ете қалды. Сескеніп кетті. Трубкасын құлағына ұстай қойды: – Мен газет қызметкерімін. – Үш жүз жол материал керек. Наборщиктер қарап тұр. Қазір әкеп бермесең, газет ертең шықпай- ды» – деген дауыс зыңқылдап құлағын жарғандай болды. Бір газет үшін түн ұйқысын төрт бөліп, бір жетіден бері жүгіргені, ақырында сол ынтыққан газетінің тиісті күнінде шыға алмай қалғаны ішін жарып жібергендей болды. Екі қолымен шашын ұстап, үстеліне отыра кетті... 1925 жыл. Үстелінің үсті қатарлап жиналған қағаз. Буаз малдың қарнындай теңкиіп жатқан папкасын ақтара түсіп, газет қызметкері отыр. Тілшілер хатын қарап, басылатынын сұрыптап шығарып жатыр. Көп хаттың ішінен бір хатқа шұқшия қарады. Бұл өзінің 4 жылдан бері баулып жүрген алдыңғы қатардағы тілшілерінің бірінің жазғаны еді. Қазақ елін қоныстандыру туралы мақала жазған. Қалай қылып қоныстандырғанда ел шаруашылығын көтеруге болатындығын айтып, бірнеше ұсыныстар көрсеткен. Газет қызметкері тасып кетті. Бұдан 4 жыл бұрын іргелі мәселелер туралы газетке мақала керек дегенде іске «маман» деген азаматтардың соңына бір айдай түсіп жүріп жаздырып, ақырында олардың орысша жазғанын қазақшаға аударып, бас қатырушы едік. Бірен-саран қазақша жазғандарының сөз байламы келмей қалушы еді. Енді көз аштық. Ел тілшілері, елдің қалың ортасынан шыққан қалам батырлары тұрғанда баспасөзіміз ақсамақшы емес. «Жасасын, ел тілшілері, ел кедейлерінің ортасынан қайнап шыққан қалам батырлары» – деді. Телефон шыр ете қалды: – Мен газет қызметкерімін. – Газетіңіздің бүгінгі шығатын санына 100 жол материал керек. Ертеңгі шығатын газеттің материалын кешкі сағат 6-да табыс қылыңыз... Газет қызметкері күліп жіберді. Ойына өткендегі 22 жылғы материал таба алмай сасатыны түсе кетті. Енді ол күн өткен. Мынау жатқан тілшілер қаламынан шыққан мақалалар. Біреу емес, ондаған, жүздеген газетке азық болуға жарар деді.

Малай. Газет қызметкері // «Еңбекші қазақ». – 1925. – № 407.

 

4 ЖЫЛ

Бай капиталистер мен кедей-жарлының арасындағы күресте баспасөздің атқаратын қызметі күшті. Әрбір үстем тап қолындағы билікті жібермес үшін жанталасып қару жұмсайды. Сол жұмсалатын қарудың күштісі – баспасөз. Ресейде байлар мемлекеті дәурен сүріп тұрған кезде баспасөз билігі байлардың қолында болды. Олар қолындағы баспасөзі арқылы істеген бұзықтықтарын бүркеп отырып, жамандығын да халыққа жақсылық қылып ұғындырып жүрді. Патша үкіметінің жауыз саясатын халыққа ашық түсіндіретін баспасөздер ол кезде ашық күреске шыға алмай, жасырын таралатын еді. Коммунистік партия бастаған кеңес үкіметі билікті қолына алған күннің ертеңіне-ақ баспасөзге ерік берді. Бұл ерік, әсіресе өткен өмірінде баспасөздің не екенін білмей келе жатқан бұратана ұлттарға зор игілік болды. Олардың баспасөзі балалап шыға бастады. Патша үкіметінің кезінде мықты езілген, мәдениетте артта қалған халықтың бірі — біздің қазақ елі. Октябрь төңкерісінің арқасында қазақ елі де өз алдына мемлекет болып, отауын тікті. Қазақ баспасөзі өрісін кеңейтіп, елдің қараңғы түкпірлеріне дейін тарай бастады. Аз уақыттың ішінде Қазақстанда оннан аса газетті санауға болады. Осының бәрі – Октябрь төңкерісінің жемісі. Қазақстан үкіметі құрылғаннан кейін бір жылдан соң үкімет тілі болып «Еңбекші қазақ» газеті шыға бастады. «Еңбекші қазақтың» шыққан жылы ел үстіне қара тұман ойнап, ашаршылық-жұттың шеңгелін салған жылы еді. Сондықтан «Еңбекші қазақ» бірінші адымын ашаршылықпен күресу, ел мұңына ем табумен бастады. Қазақ елінің мәдениеті кем. Баспасөздің не екенін, одан келер пайданы білмейді. Баспасөздің маңызына түсінбеген соң оны алып оқушы да оған көмектесуші болмақ емес. Әсіресе, кедей табының қараңғылығы күшті еді. Олар баспасөздің не екенін білмек түгіл, атын да естіген емес. Сондықтан қазақ тілінде шыққан баспасөздерге ел еңбекшілері алғашқы кезде құлашын тегіс жая алған жоқ, тегіс алып оқи алған жоқ. Бірақ бұл күй ұзаққа созылмады. Ел еңбекшілеріне арнап шыққан баспасөз елді шын тәрбиелей білді. Сана-сезімін оятып, баспасөздің маңына үйірілте бастады. Баспасөздің шын досы екенін еңбекші ел сезе бастады. Тәжірибе іс жүзінде «Еңбекші қазақ» басқармасына күніне 30-40 хат түседі. Ел арасындағы жолсыз істерді тамырынан қиып құрту, шаруашылықты жөндеу, оқу жұмысын өркендету туралы өздерінің пікірін айтады. Мұның бәрін жазып отырған елдегі «зиялылар» емес, өткен өмірінде газеттің бетін көрмеген, қолынан күрегі түспеген ел еңбекшілері, ел кедейлері! Бірақ мұнымен қанағаттанып отыруға болмайды. Ел ішінде әлі жазылмай келе жатқан аурулар көп. Елді екі партия қылып бүлдіріп, лай судан балық аулайтын сұмдар жоқ емес. Олар ел ішінде басталып келе жатқан игі істерге кесел болмақшы. Сондықтан ондайға қарсы күрес ашу – күнделікті ісіміздің бірі. «Еңбекші қазақ» бүгін 4 жылын толтырып, бесіншіге аяқ басып отыр. 4 жылдық өмірінде партияның басшылығы арқасында елдің сана-сезімін ояту, оларды жарық тұрмысқа сүйреу жөнінде қолдан келерін істеді. Бұдан былай да алған бағытымен қызметін мүлтіксіз атқарып отыру үшін еңбекші елдің көмегі, қолдауы керек.  

4 жыл // «Еңбекші қазақ». – 1925. – №407.

 

ЕСТЕ ҚАЛҒАНДАР

(өткенді еске алу ретінде) ... кеңес көшесінде кездесіп, арызымды ұсындым. Арызым қызмет етуге орын сұрап жазылған еді. «І кеңес үйінде 46-бөлмеде Әбдірахман деген жігіт тұрады. Олар қазақ тілінде «Еңбекші қазақ» деген газет шығармақ. Емлең дұрыс екен, арызыңды соған бер, солар алар» – деді көзілдірігін киген қартаңдау кісі. Бұл – Ахаң еді. І кеңес үйіндегі 46-бөлмені таптым. Үйінде жоқ екен. Біраздан келді. Дудардай ұзын қара шашты сұлу жігіт көзін қысыңқырап қарап, арызымды үстінен бір шолып өтті де, бір жапырақ қағаз жазып: «30-бөлмеде Алдоңғарұлы деген жігіт бар, соған жолық» – деп жіберді. Бұл жолыққаным Әбдірахман Байділдаұлы еді. Қағазында «жараса, мына жігітті қызметке ал» деп жазылған. 30-бөлмеге келдім. Өзімдей жас, сары жігіт кездесті. Бұл Ерғали Алдоңғарұлы еді. Арызыммен қоса, записканы бердім. Арызымды оқып, жаздырып қарап, қызметке алынатынымды айтты. Қазір өзімен бірге «Еңбекші қазақтың» қалған материалын ала баспаханаға ертіп баратынын білдірді. Материалдарды порт-феліне салып жатып: «баспахананы сенің бірінші көруің шығар» – деді. «Иә» дедім мен. Дұрысында солай еді. Баспаханада Келдік. Баспахана Успен көшесінде, екі қабат үйдің астыңғысында екен. Ішіне кірдік. Терезесін қырау басқан қараңғы, салқын бөлме. Әрекет тым шабан, жай. Он шақты жұмыскер ортадағы кішкене темір пешке от жағып жылынып тұр. Шұқылап бірдеме істеген болады да, тоңдым деп қайта отқа тығылады. Біреуіне жақындап, алдыңғы берген материалдардың теріліп-терілмегенін, газеттің қашан теріліп бітетінін сұрады. – Бір жұмада теріліп болар,– деді біреуі. – Нан, отын беріңдер,– деді ашуланып екіншісі. Нан қайдан берілсін, біздің қолда нан тұр ма, материал ғана берілді. Бірақ сол кезде газеттің бір нөмірі жұмадан артық терілді. Ол кезде Ол кезде «Еңбекші қазақта» бас мақала аштыққа ұшыраған гүбірнелерге жәрдем беру керектігіне арналып, хабарларында ішкі Ресейдегі, Қазақстандағы аштардың саны, оларға қанша жәрдем керектігі көрсетілетін. Ол кезде бір ғана баспахана жұмыскерлері емес, жалпы ел, жалпы Кеңес Одағының мұқтажы нан еді, елге нан табу еді, аштыққа ұшыраған елді тойындыру еді. Қазірде Бұған үш жыл өтті. Үш жылда адам таңғалғандай өзгеріс болған. Жақын арада баспаханаға бардым. Жұмыскерлердің жапсырма газетін оқысам, бір жұмыскер расходтан ауысқан ақшаны сандыққа сақтамай, кассаға сақтау туралы пікірін айтыпты. Бүтін мазмұнын аштық, аштықпен күресу, жәрдем шаралары алған «Еңбекші қазақ» қазірде сыртқы елдердегі саяси хал, Кеңес Одағының шаруашылығы, Қазақстан шаруашылығын қалай көтеру, елді қоныстандыру, елді ағарту туралы жазып отыр. Бұл — Азамат соғысы, одан кейін 22 жылдың тарихи апатынан кейін ел түлеп, шаруашылық жанданып, жаңа жұртшылыққа бет түзегенін көрсетеді. «Еңбекші қазақ» ауыр, қиын, жағдайсыз шарттардан өтіп, еңбекші елімен бірге жанданып, көркейіп келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде баспахана жұмыскерлері «нан» сұрамайды, материал сұрайды. Бүгін «Еңбекші қазақтың» бес жасқа аяқ басқан тойын тойлап отырмыз, енді бес жылдан кейін бүгініміз де ойыншық болып қалар.  

Есте қалғандар //  «Еңбекші қазақ». – 1925. –№407.

Әуеш Қошмағамбетұлы