16 Қараша, 13:36 275 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Алаяқ әйел қаржы пирамидасын құрып, азаматтардың 60 млн теңгесін жымқырған

Нұр-сұлтан қаласының құқық қорғаушылары азаматтарды қаржы пирамидасынан сақ болуға шақырады.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта сақшылар қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қала тұрғынын (әйел) және оның бірнеше сыбайласының үстінен іс жүргізіп жатыр. Оған 30 салымшының полицияға арыздануы себеп болып отыр.

WhatsApp арқылы «Реальные доходы 1», «Реальные доходы 2» және «Триумф» чаттарын құрған әйел астаналықтар мен басқа да өңірлерде тұратын азаматтардың ақшасын жинап алған.

«Азаматтардың сенімін, қаржылық сауатының аздығын пайдаланып, күдікті оларды бұл жобадан ешқандай қауіп жоқтығын айтып сендірген. Жобаға ақша салған адам 5-15 күннің ішінде 100 пайыздық кіріске ие болатынын алға тартқан. Азаматтар осылайша, жобаға 20 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақша салған. Салымшылардың басым көпшілігі ақшасын қайтара алмаған», – деп хабарлады департаменттен.

Осылайша, тергеу нұсқасына сай, әккі алаяқтың 32 адамды алдап, 60 млн теңге иемденгені анықталып отыр. Алайда алданғандардың саны одан да көп болуы мүмкін.

«Егер сіз немесе жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасына ақша салып, алданған болсаңыз, Бейбітшілік көшесі 19 мекенжайындағы полиция департаментіне жүгінуіңізді сұраймыз», – делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар