Аты дәрі болғанмен, бағасы удай...

Аты дәрі болғанмен, бағасы удай...

Аты дәрі болғанмен, бағасы удай...
ашық дереккөзі
Халық үшін аса қажетті тауардың бірі – дәрі-дәрмек. Бірақ елімізде дәрі-дәрмек төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселе көп. Ең өзектісі – дәріхана сөресіндегі препараттардың бағасы қымбат. Тұрғындарды әбден әуреге салған дәрі-дәрмек бағасына қатысты түйткілдің түйіні тарқамай тұрғанына да талай жылдың жүзі болды. Жыл сайын биік мінберлерден көтерілетін бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні көпке беймәлім.

 Дәрі бағасы  қымбаттады

Өткен жылдың басында дәрі-дәрмек бағасы барлық дәріха­на­ларда бірдей болатыны әрі ве­домстволық орган тарапынан бақылау орнайтыны айтылған. Бірақ содан бері әлі де дәрілік зат­тардың бағасы бірқалыпқа түсе қой­ма­ды. Елімізге келетін дәрі-дәр­мектердің көбі шетелден жеткізі­ле­ді. Оны тасымалдау жұмы­сы­мен әзірге же­кеменшік фирма­лар ғана ай­на­лы­сатыны барша­ға белгілі. Сондықтан әл­гілер дәрі­лердің ба­ғасына жол шығынын, са­лықты және өз пайыздарын қосады. Бірақ бүгінге дейін фирма­лар­дың үсте­меа­қысы­ның қандай мөлшер­де екенін ешкім ба­қы­лауға алған емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйен­сек, олардың нарығында бағаны қалып­тас­тырудың нақты әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң ба­қыланады. Өнімге қойылатын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгереді. Кей мемлекеттерде дәрі-дәрмек ба­ғасы үнемі бақылауда. Мысалы, Түр­кия­да дәрілік заттар құны қатаң қада­ғала­на­тындықтан, баға мүлдем төмен. Нә­ти­же­сін­де, кейбір әлемдік фармкомпаниялар Түр­­кияға дәрі-дәрмектерін жөнелтуден мүл­дем бас тартқан. Ал Қазақстанда мем­ле­кеттік тапсырыстан тыс сатып алынатын дәрі-дәрмектердің бағасына қандай да бір реттеудің болмауы салдарынан тұ­ты­нушылар зардап шегіп отыр. Сатушы қандай бағаны қаласа, сол бағаны қояды. Ресми деректерге жүгінсек, былтыр қаң­­­тар-қараша айлары аралығында елі­міз­ге сырт мемлекеттен 21,7 мың тонна ме­­ди­­циналық препарат жеткізіліпті. Сол үшін еліміз экспорттаушыларға 819,4 млн дол­­лар төлеген. Көрші Ресей Қазақстанға 70,9 млн долларға 6,4 мың тонна дәрі-дәр­ме­гін саудалады. Қытайлықтардан 2,6 мың тонна дәрі 9 млн долларға сатып алынды. Гер­­маниядан жеткізілген 2,1 мың тонна ме­­дициналық препарат 161,1 млн доллар­ға бағаланды. Ал Үндістан біздің елге 1,6 мың тонна дәріні 62,8 млн долларға сатты. Одан бөлек Украинадан – 1,1 мың, Франциядан – 1,1 мың, Беларусьтен – 1,1 мың, Польшадан  746 тонна дәрі-дәрмек сатып алынды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, биылғы шілде айында дәрі-дәрмек 8,7 пайы­зға қымбаттаған. Ал өткен жылдың шілде айында антибиотиктер, витаминдер, жүрек-қан тамырларына арналған пре­­параттар және анальгетиктердің баға­сы 10 пайызға артыпты. Бір айта кетерлігі, соңғы жарты жылда елімізде 53 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі шығарылып, өткен жылмен салыстырғанда өндіріс 23 пайыз­ға өскен. Десе де, бұл сұранысты толық қам­тамасыз етуге жеткіліксіз. Мысалы, отан­дық өндірушілер антибиотиктерге деген сұра­ныстың 12 пайызын, ал витаминдер мен провитаминдерге деген сұраныстың тек 5 пайызын қамтамасыз етеді. Сондық­тан сала шетелдік компаниялар шығара­тын импорттық өнімдерге тәуелді. Фарма­цев­тикалық препарат­тар­дың қымбаттауы Қы­зылорда, Ақмола, Алматы және Маң­ғыс­тау облыстарында бай­қалады. Ал сарапшы мамандар баға­ның жақын арада төмендемейтіндігін, тіпті қым­батшылық­тың жалғаса беретіндігін болжауда. Өйт­ке­ні фармацевтика саласында баға саясатын қадағалайтын ұйымдардың жұмысы шикі. Олар ешбір ба­қылау жүргізбегендік­тен, кейбір фар­мацевтикалық компаниялар арқаларын кеңге салып жүр.

Бағаны бақылай  аламыз ба?

Әзірге қолдан қымбатшылық жа­сау­шы­лар­дың әрекетіне Денсаулық сақ­тау министрлігі де тұсау сала алмай ке­­леді. Деген­мен жауапты ведомство қол қу­сырып отыр­ған жоқ. Биылғы жылдың мау­­сым айын­да Денсаулық сақтау министрлігі тауар­лар және көрсетілетін қыз­мет­тердің сапа­сы мен қауіпсіздігін ба­қы­лау коми­тетінің төрайымы Людмила Бюра­­­­­бекова бар­лық жерде дәрі-дәрмектің ба­ғасы бірдей болатынын мәлімдеген еді. «Бар­лық дәрілік заттарға арналған баға­ларды реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және жал­ған дәріге қарсы күресуге байланысты ша­раларды күшейту тәрізді мәселелер бойын­ша кейбір заң­нама актілеріне өзге­ріс­тер енгізілді. Осы өзгерістер азамат­тар­дың сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетім­ділі­гін қамтамасыз етуге, ал баға­ларды реттеуді енгізу рес­пуб­ликамыздың барлық өңір­­­­лерінде бірың­ғай баға саясатын жүр­гізу­ге мүмкін­дік береді», – деген болатын Люд­мила Бюрабекова. Оның сөзінше, ше­тел­ден жеткізілетін дәрілік препараттарды тасымал­дауға айтарлықтай қаражат жұм­са­лады. Одан бөлек дәрі-дәр­мектерді тіркеу үшін де кететін шығын бар. Соның нә­ти­жесінде, дәрілік заттардың бағасы қым­бат болып жетеді. Министрлік айтып отыр­ған өзгерістерден кейін дәріха­налар­дың кірісі төмендеуі мүмкін. Өйткені олар дәрі-дәрмек бағасына қатысты ережелерді бұз­са, жауапқа тартылады. Егер дәріхана бір рет ережеге бағынбаса, айып­пұл арқа­лай­ды. Ал екінші рет қайталанса, дәріхана­­ның лицензиясы жарты жылға тоқта­ты­лады. Яғни, баға ережелерін бұз­ғаны үшін 70-тен 1000 айлық есептік көр­сеткішке дейін әкімшілік айыппұл салынып, заң бұзу қайта тіркелсе, фармацевти­ка­лық жұ­мыс­­ты тоқтатуға дейінгі шара қа­былда­на­ды. Биыл қыркүйек айында «Тұтынушы­лар­дың ұлттық лигасы» Алматыдағы дәрі­ханалардағы дәрі-дәрмек бағасын тексерді. Тұтынушылардың құқығын қорғаумен айналысатын ұйым мамандары қаладағы ең ірі әрі танымал дәріханалардағы көп сұ­ра­нысқа ие дәрілердің бағасын салыс­тыр­ды. Зерттеушілер өзін әлеуметтік деп көрсететін дәріханаларда өзгелеріне қара­ған­да баға қымбаттау екеніне көз жеткізіп, таңғалды. Сонымен қатар қалада дәрі-дәрмектің орташа бағасы айтар­лықтай жо­ғары екені анықталды. Мысалы, «Цит­ра­монның» бағасы 300 теңгеден басталып, 600-700 теңгеге дейін жетеді. «Қа­ла­ның ор­та­лығындағы дәстүрлі түрде қым­бат са­налатын, қызмет көрсетуге баса назар ау­дарылған дәріханаларда дәрі ба­ғасы ең ар­зан болып шықты. Алайда онда са­тылатын дәрі-дәрмектің сапасы да күмән туды­рарлықтай. Мысалы, лидокаинді сатып алуда, оның 5 үлгісінің үшеуі елімізде тір­кел­меген болып шықты. Яғни, олардың құ­рамы мен сапасын тексеруге кел­мейді», – дейді ұйымның президенті Светлана Ро­ма­­новская. «Тұтынушылардың ұлттық ли­­гасы» өкілдері қала тұрғын­дары­ның азық-түлік тауарларына қара­ғанда, дәрі-дәр­мекке жиі шағымданаты-нын айтады. Көктемде Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров дәрі-дәрмек бағасына қатысты да­был қақты. «Баға өсу қарқыны бойынша дәрі-дәрмектің құны азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың алдына шығып отыр. Дәрі-дәрмек нарығының қатысу­шы­лары бағаны қолдан көтеріп отырғанын байқап отырмыз. Бағаны бірқалыпта ұс­тайтын механизмдер енгізілгенше, жеткізушілер дәрі-дәрмектің жаңа құнын қа­лып­тастырады. Бұл жағдай шұғыл түрде дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауының объективті және субъективті себептерін анық­­тауды қажет етеді», – деді Айқын Қоңы­ров. Оның сөзінше, дәрі-дәрмектің ба­­ғасы халық үшін тек әл-ауқаттың ғана емес, сонымен қатар денсаулықтың маңыз­­­­ды көр­сеткіші. Бағаның қымбаттауы ха­лықты дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақша­сын үнем­деуге мәжбүрлейді немесе меди­ци­налық препарат қолданудан бас тартуға итер­мелейді. «Статистика комитетінің мә­ліме­тінше, былтыр бір отбасы орта есеппен дәрі-дәрмекке 26 300 теңге жұм­саған. Ал 2019 жылдың алғашқы тоқса­нын­да дәрі-дәрмек пен амбулаторлық қыз­мет құны күрт қымбаттаған. Ха­лықтың денсаулығын сақтауға жұмсап отырған шығыны медицина қызмет­керлерінің жалақысына оң әсер еткен емес. Дәрі-дәрмектің қымбат­тауы нарық­тағы ойыншыларға ғана пайдалы болып отыр», – деді халық қалаулысы. Естеріңізде болса, Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одаққа мүше мемлекеттердің ортақ фармацевтикалық нарығы іске қо­сыл­ған болатын. Енді Қазақстан, Қырғыз­стан, Ресей, Беларусь және Ар­ме­ниядағы өндірушілер дәрі-дәрмектерді тіркеп, на­рық­қа шығару үшін бірыңғай ережелерді қол­данады. Жаңа тәртіп на­рық­ты қауіпті дәрілерден тазартуға мүм­кін­дік береді. Сонымен бірге фарма­цев­ти­калық зерттеулерге рұқсат беру, баға белгілеу, бөлшек сауда, мемлекеттік сатып алу және медици­на­лық жарнама салаларын эко­номикалық одаққа мүше елдердің әр­қайсысы бұрын­ғы­дай өздері реттейтін болды. Өндірушілер үшін арнайы өтпелі кезең енгізілген. Яғни, 2020 жылдың ая­ғы­на дейін олар өнімді өз елінің ережесі бойын­ша немесе Еуразия­лық экономи­ка­лық одақ қағидаттарына сәйкес тіркей ала­­ды. Ал тұтынушылар бұл өз­герістерді кейі­­нірек сезеді. Өйткені дәрі-дәр­мекті тір­кеу мен нарыққа шығарудың ара­сында 7-10 ай уақыт өтуі мүмкін. Сонымен, дәрі-дәрмекке қатысты қор­да­ланған мәселелер талқыға түскенімен, нә­тижесінің қандай болары әлі беймәлім. Тіпті, жұртшылық дәрі-дәрмек бағасының арзандайтындығына және тегін дәрілік препараттар мәселесінің шешілетіндігіне сенуден қалған. Оған себеп те жоқ емес. Та­лай талқыға түскен дәрі-дәрмек түйт­кіл­дерінің түйіні тарқайтын уақыт әлде­қа­шан жеткен еді. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекет қазынасынан ең көп қаржы бөлінеді екен. Алайда бұл салаға бөлінген қаржы­ның қайтарымы болмай отыр. Жұрт әлі күнге дейін сапалы медициналық қызмет­ке қолы жетпей, әбігерленіп жүр. Қара­пайым халықтың жартысы тегін берілетін дәрі­ге қол жеткізе алмай жүрсе, екінші жартысының дәріханадағы дәрілік препараттарды сатып алуға қалтасы көтермей қиналуда. Ал әрбір жиын сайын сынның астын­да қалатын ведомство басшысы бә­рінің қалпына келетіндігін айтып, уәде бе­руден, жаңа реформа қабылдаудан әрі аса алмай келеді.