Ағылшындар табиғи апатқа билікті кінәламайды

Ағылшындар табиғи апатқа билікті кінәламайды

Ағылшындар табиғи апатқа билікті кінәламайды
ашық дереккөзі
Атақты көріпкел Нострадамустың ХХІ ғасырға жасаған болжамының бірінде «Жерді су басады» делінген-мыс. Бірақ қазір мұндай болжаммен ешкімді таң қалдыра алмайсың: себебі әлемнің түкпір-түкпіріндегі табиғи апаттар адам мүмкіндігінің шектеулі екенін күн сайын дәлелдеп жатыр-ақ. Олардың ішінде тасқын судың зарары ерекше.

«Жұт жеті ағайынды»

Адамзат осыдан төрт жыл бұрынғы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тасқынның зардабын ұмыта қойған жоқ. Жапондар үш ай бұрынғы су тасқынының салдарымен әлі күресуде, ал Еуропаның қалалары үшін топан судың зарары үйреншікті жағдайға айналды. Қазақстандағы Қызылағаш апаты еске түскенде, бітпеген жараның аузы ашылғандай сезіледі. Су тасқыны қай жерде болмасын, табиғаттың адам еркіне бағынбас дүлей күш екенін еріксіз мойындатады екен. Өткен аптаның жексенбісінен бері Біріккен Корольдік тұрғындары су тасқынымен алысып жатыр. Англияның солтүстігі мен Шотлан­дия­ның оңтүстігіндегі елді мекендер, тұтас қалалар су астында қалды. Көлік жүретін көшелермен қазір қайықтар ғана жүзіп жүр. Белуардан келетін суды кешіп, дүние-жарағын түгендеген адамдардың бейнесі осы күндердің фотошежіресіне айналды. Ал кейбір аудандарда су деңгейінің тез көтерілгені соншалықты, көп­теген адамдар тысқа шыға алмай, құтқару­шы­лар мен полицияның келуін күтіп, өз үйінде өзі тұтқын болды. Ұлыбританияның 300-дей ауданында су тасқынының қаупі бары жарияланған. Желтоқсанның 7-і күні Ұлыбританияның солтүстік-ба­ты­сында қауіп деңгейі ең жоға­ры, «қызыл» деңгейге жеткені хабар­ланды. Ал Уэльс пен Солтүстік Англияда қауіп деңгейі «сары» деп анықталған. Қазіргі кезде апаттан ең қатты зардап шеккен аудан – Камбрия графтығы. Бұл осы елде соңғы жүз жылда болған ауқымды тасқынның бірі деп хабарланды. Метеорологтардың айтуынша, төрт күнде Тұманды Альбионға бір айлық жауын-шашын түскен. Әуелі «Десмонд» дауылы шамадан тыс жауын-шашын әкелсе, оның соңы Солтүстік Англия, Шотландия мен Уэльстегі өзен суларының тасып, арнасынан шығуына ұласқан. Кейбір елді мекендерде үйлердің шатыры ғана қалқып тұр. Су ағынымен орнынан жылжып кеткен үйлер де бар. Кей жерлерде топырақ ауа жылжып, жолдарды жауып қалған. Желдің қаттылығы соншама, Лон­дон­нан ұшатын кейбір рейстерді ұшыру кейінге қалдырылған, ал бір қарт адам желдің айдауымен жүріп келе жатқан автобусқа соғылып, мерт болған. Альбионның берекесін қашырған дауыл Норвегия мен Эстонияны да біраз жұтатты. Оның лебі Ресейдің Ленинград облысына дейінгі аумақты шарпыған.

Қиын күнде сабыр ет

Дегенмен, «әр жамандықтың бір жақсылығы болады» деген де рас, Англия мен Шотландиядағы су тасқыны қиын-қыстау күндері қоғамның бет-бейнесін көрсетіп берді. Әуелі аңдалған жағдай, табиғи апат кезінде британдықтар қалыпты тұрмыс тәртібінен жаңылған жоқ. Анығын айтқанда, «басымызға не күн туды» деп таусылған жоқ, «енді қайтеміз?» деп налыған жоқ. Тасқынның басталуы, оның зардабы, апатты аймақтағы адамдардың хал-күйі теледидардан, радоидан сағат сайын көрсетіліп, газеттер жан-жақты сипаттап жазып, интернетте бейнежазбалар бар жағдайды жасырмай баяндап жатты. BBC телеарнасының тілшілері тасқынның кесірінен үйден шыға алмай отырған адаммен телефон арқылы байланыс орнатып, жағдай сұрасты. Баспанасын су басып, дүние-мүлкінен айрылған тұрғындармен тікелей эфирде сұхбаттар ұйымдастырды. Қарапайым британдықтардың болған жағдайды барынша сабырмен қабылдағаны байқалады. Ашығын айтқанда, Құдайға, жергілікті билікке не табиғатқа налып, зарланып жатқан жан көрінбеді. Мұның астарында психологиялық, әлеуметтік себептер жатыр, әрине. Психологиялық себеп дейтініміз, британдықтар үшін ең басты тілсіз жау – су. Себебі географиялық ерекшелігіне орай, бұл шағын аралдың тіршілігіне қауіп төндірер табиғи апат – су тасқыны. Одан басқа апаттар: жер сілкінісі, тайфун, цунамилер бұл аймақта сирек болады немесе олардың зардабы дәл осындай ауқымды емес. Бұл елде 2005 және 2009 жылдары дәл осындай су тасқынынан жүздеген адам үйсіз-күйсіз қалған еді. Тіпті осы жолы апаттан зардап шеккен тұрғындардың ішінде алты жыл бұрынғы, он жыл бұрынғы апатты бастан өткергендер көп. Олар сол жолғыдай тағы да үйлерінен, жиған дүние-мүлкінен айрылған. Әйтсе де, «басқа түссе, біз көндік» дегендей, су тасқынынан қашып құтыла алмасына іштей мойынсұнған, тағдырға сабыр еткен күй бар. Әлеуметтік себеп дейтініміз, мұн­да жекеменшік құқығы әлдеқашан тұр­мысқа еніп, санаға сіңген. Табиғи апаттан зардап шеккендер, баспанасы жарамсыз болып қалғандар ең әуелі өз құқығының заң жүзінде жүзеге асу мүмкіндігіне сенеді. Яғни, мұндай жағдайда мүлкің сақтандырылған ба, онда шығының өтеледі. Жекеменшік үйлер мен шағын бизнес өкілдерінің мүлкін қалпына келтіру шығынын әдетте сақтандыру компаниялары өтейді. Ал сақтандыру жасалмаса, ол жеке адамның басындағы жағдай. Ешкім билікке, Үкіметке, мемлекеттік немесе діни мекемелерден апат шығынының орнын толтыруды талап етпейді. «Тас түскен жеріне ауыр» екенін әлдеқашан мойындаған. Ел қандай орасан шығынға ұшыраса да, дәл осы күндері жергілікті билікке деген жаппай әлеуметтік нарызылық байқалмады. Екінші жағынан, осындай ауыр күндері адамдардың бір-біріне қайтарымсыз көмек көрсетіп, бауыр­лас­тық танытуы қалыпты жағдай екені анық көрінді. Басқа түскен сынақтың бар­шаға ортақ екенін түсінген сыңай байқалады. Оның үстіне, жергілікті атқарушы билік апатты жағдайдың зардабын не­ғұрлым азайтуға барын салуда. Құт­қа­ру­шылар бұл күндері күн демей, түн демей жұмыс істеп, тасқын жүріп өткен аймақтарды аралап, мыңдаған адамды қауіпсіз жерге көшірген. Жергілікті поли­ция бұл күндері құтқарушылармен тізе қосып, тұрғындардың жағдайын жеңілдетуге тырысты. Жергілікті билік қауіп туралы алдын-ала хабарлап, қажетті ақпаратты дер кезінде таратумен болды. Экономикалық шығын демекші, Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, бұл апаттан 197 елді мекен зардап шеккен. Кэсуик, Эпплбэй, Карлайл қалалары су астында қалды. Жүздеген мың үй электр жарығынан ажыраған. Қазіргі кезде мыңдаған адамның баспанасы тұруға жарамсыз екені хабарлануда. Бұған қоса, Англия мен Шотландия арасында пойыз қатынасы тоқталып, бұл аймақтардағы автокөліктер уақыт­ша жабылды. Елу шақты мектепте сабақ жүргізу тоқтатылды. Дегенмен, ауқымды ұйымдастыру­шы­лық жұмыстарының алдын-ала ойластырылғаны көрініп тұр, тасқын­ның экономикалық зардабы ауыр еке­ніне қарамастан, адам шығыны жоқтың қасы деуге болады. Апаттың бірлі-жарым құрбандары туралы жергілікті ақпарат құралдары дереу хабарлап, баяндап үлгеруде. Экзетер қаласында үйсіз әйелдің үстіне ағаш құлап, сол жерде көз жұмған. Уотфордта ер адам өзенге ағып кеткен. Салыстыру үшін айталық: дәл осы күндері Үндістан соңғы жүз жылда болмаған жауын-шашынның астында қалды. Бұл елде су тасқынының кесі­рінен 250 адам көз жұмып, 200 мыңдай адам баспанасыз қалған. Үндістанның әскери күштері жергілікті тұрғындарға көмекке келген, дегенмен өзен-көлдердегі су мөлшерінің шамадан тыс артуы қауіпті сейілтпей тұр. Мемлекеттің даму деңгейі осындай сынақтардан қалай шығатынынан да көрінеді екен...

Кэмерон уәдесінде тұра ма?

Елдің премьер-министрі Дэвид Кэмерон «Твиттердегі» парақшасында апатты жағдайға қатысты қысқаша мәлімдеме жасады. Ол британ үкіметі тұр­ғындарға көмекке армияны жібер­ге­нін және үкіметтің дағдарысқа қарсы комитетінің жиналысында апатты жағ­дай­дың жан-жақты талқыланғанын жазған. Ресми деректерге қарағанда, осы күн­дері жергілікті билік тұрғындарға апат туралы жүзден аса ескерту жолдаған. 400-дей елді мекенге апат туралы сақтандыру хабарлары жіберілген: оның 200-інде апаттың болу мүмкіндігі бар делінсе, 200-інде апаттың болу мүмкіндігі болжам түрінде ғана айтылған. Сейсенбі күні премьер-министр Дэвид Кэмерон 3500-дей үй су астында қалған Карлайл қаласына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Ол тасқын жүріп өткен үйлердің біріне бас сұғып, апаттан зардан шеккендерге көмек беруге уәде етті. Жергілікті үкімет 2007 жылғы апат­тан кейін құтқару қызметі жаңартылып, жетіл­дірілгенін айтуда. Алдын ала жасалған дайындықтардың арқасында 24 мың үй тасқыннан аман қалған. Дегенмен, оппозиция өкілдері билік басындағы партияның саясатын сынға алды. Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин Кэмеронды «өтірік уәде беруші» деп атап, тасқынның ауа райының өзгерісінен болуы мүмкін екенін, осыған орай ғалымдардың пікіріне құлақ асып, әрекет ету керектігін мәлімдеді. Жергілікті шенеуніктер ішінде де осы жағдайға қатысты өз пікірін ашық айтып, үкіметтің бағдарламасын сынаушылар баршылық. Тасқын астында қалған Кэсуик қаласының мэрі Пол Титлей сол маңайдағы «Thirlmere» су қоймасы шамадан тыс толып кетпесе, бұл апат болмайтын еді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, сол маңайдағы суларды жинап отыруға тиіс су қоймасы бұл жолы толы болған. «Қойма апат болған 2009 жылы да лық толы еді», – деді мэр. Шынында да, Англияның солтүстік-шығысындағы Кокермаус қаласы 2009 жылы тасқын астында қалғаннан кейін оны осы маңайдағы өзен суларынан қорғау үшін жаңа бөгет салынған болатын. Бірақ жаңа бөгет қаланы тілсіз жаудан қорғай алмады. Кокермаус қаласының кейбір тұрғындары соңғы онжылдықта осымен төртінші тасқынды бастан өткеріп отыр екен. Бәрінен бұрын британдықтардың қабырғасына бұл жолғы тасқынның Рождество мерекесі алдында болғаны бататын сияқты. Тіпті, Дэвид Кэмеронның өзі: «Иә, құтқарушылар осы күндері жанын сала жұмыс істеді, бірақ Рождествоны өз үйінде қарсы алмайтын адамдар үшін бұл жұбаныш емес», – деді.   Британдықтар бұл табиғи апаттың түп себебі ғаламдық жылынуда екенін, жер бетіндегі ауа-райының өзгерісінен екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да басқа түскен жағдайға сабыр етіп, алдағы қауіптің алдын алуға қам жасауда. Енді Ұлыбританияда үйлерді жерден бір метр биіктікте салу жоспарлануда. Ғаламдық жылыну сияқты табиғи өзгерістерге қарсы адамның қолынан келер осы ғана: қорғану.

Ұлыбритания