Алматыда BMW көлігінің жүргізушісі жаппай жол апатына себепкер болды. Оқиға салдарынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көп ұзамай тәртіп сақшылары апатқа кінәлі деген күдікпен 20 жастағы жігітті ұстады. Оның есірткі қолданып, көлік тізгініне отырғаны белгілі болды. Мұның үстіне алкогольдік ішімдік ішкен.
«Бұл факт ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі (Көлiкті басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі реестрде тіркелді. BMW көлігінің жүргізушісі бірден ұсталды», – делінген Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ол уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық істің материалдары қалалық полиция департаменті тергеу басқармасына берілді. Қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес, жүргізуші 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.