Бейсенбі, 1 Желтоқсан, 2022

Еуразиялық интеграция игіліктері

Қазақстанда алғаш рет бас қосқан Еуразия құрлығының ең ірі мемл­е­кет­­тер парламенттері бас­шыларының IV кеңесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Себебі, сонау 1994 жылы Елба­сы­ның өзі   ұсынған еуразия­лық идеяға 25 жыл толып отыр. Бұл форумдағы Қазақ­станның басты ұстанымы – Еуразия елдері арасында қарама-қайшылықтарға, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу.

«Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты тақырып­та өткен форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінен парламенттік деле­гациялар, 14 халықаралық парла­мент­тік ұйым­дар өкілдері келді. Әуел­гі сөзді алған ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Еуразия жүрегіндегі Ұлы дала еліне келген қадірменді мей­ман­дарды көр­ге­ніне қуанышты екенін жет­кізе келе, мемлекеттер арасында парламент­ара­лық үнқатыс пен ынты-мақтастықты жол­ға қоюдың маңы­зы­на тоқталды.

– Біз экономикалық өрлеуді және халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты басымдық ретінде белгіледік. Нарықтық экономиканы тақырдан, жаңадан тұрғызған Қазақстан бүгінде әлемдегі барынша озық 50 мемлекеттің қатарына кірді. Қазақстанның ЖІӨ-сі 18 есеге ұлғайды.

Ел экономикасының көлемі Орталық Азиядағы барлық елдердің ЖІӨ-лерін қоса алғанда, одан 2 есеге жуыққа асып түседі. Халықтың долларға шаққандағы табысы 9 есеге өсті. Кедейшілік деңгейі 10 есеге, 40-тан 4,6 пайыз­ға дейін қысқарды, – деді Елбасы.

Бұдан соң Тұңғыш Президент ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларының таралуына тосқауыл қою бойынша Қазақстанның күш-жігері жөнінде әңгімеледі. «Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декла­ра­цияның бастамашысы және тең авторы атанды. Алға оза белсенділік таныту, көпвекторлы және бейбітсүйгіш саясат жүргізу арқасында қазақ елі өз егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін елеулі түрде күшейте алды» деген Елбасы ұлы дала адамзатқа жылқы шаруашылығын және көшпенділер мәдениетін, байырғы металлургияны, өнердегі «аңдық стильді» және теңдесі жоқ «Алтын адамды» сыйлағанын айтты. «Қа-зақстанның ұлан-байтақ даласын Ұлы Жібек жолының керуендері басып өткен, қазір біз ол сауда жолын қалпына келтірудеміз. Бұл жерде түркі әлемі дүниеге келген», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық диалогті, континент елдері арасындағы сенімді және әріптестікті нығай­туға бағытталған бірқатар ұсыныс­та­рын жариялады. Ол парламент­шілерді жаһандық жетекші дер­жа­валар арасындағы сенім дағдарысын шешу үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды. – Біз ары қарай да халықаралық құқық жүйесіндегі дағдарысқа, соның ішінде оның бұзылуына, аяқасты болуына, елеусіз қалдырылуына куә болудамыз. Мемлекеттердің жер тұтастығына, егемендігіне қол сұғу, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың күйреу жағ­дай­лары жақсы белгілі. Санкция­ларды өз қалауынша қолдану сол шектеулер бағытталған елдерге ғана емес, сонымен бірге бас­қа барлық мемлекеттерге, бү­кіл әлемдегі миллиондаған қа­рапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсер етуде, – деді Елбасы.

Өз кезегінде Корея Республи­ка­сының Ұлттық ассамблеясының төрағасы Мун Хи Сан парламент­шілерге Еуразияның бел ортасында орналасқан қазақ елі арқылы Жер бетіндегі жұртшылыққа жү­гіну мүмкіндігі беріліп отырға­нына назар аудартты. – Осы мүм­кіндікті пайдаланып, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа аймағымыздағы өркендеудің негізін қалағаны және 25 жыл бұрын еуразиялық ық­палдастықтың тұңғыш тұ­жы­рымдамасын түзгені үшін ри­за­шы­лығымды және құрметімді білдіремін. Биыл кеңесімізге бұ­рын-соңды болмаған көп кө­лемде парламенттер өкілдері және халықаралық ұйымдар қа­ты­сып отыр. Бұл континентіміз­дегі өркендеуге тұ­ғыр болар ын­тымақтастықты ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады, – деді Оңтүстік Корея парламентінің басшысы.

Ал қазақ еліне алғаш рет ресми сапармен келген Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақ­ты комитетінің спикері Ли Чжаньшу Еуразиялық құрлықтың әлемде орналасқан халық санының көп­тігі тұрғысынан және де жер көлемі жағынан да алдыңғы қа­тарда екенін тілге тиек етті.

− Мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс­тарды жандандырып, халық­тардың жақындасуына ықпал етуге мән беру керек. Кеңестің негізгі басымдық берген тұсы да осыған саяды. Мәдениеттердің алуан түрлілігі – Еуразиялық кон­ти­ненттің жарқын бейнесі ғана емес, оның сарқылмас игілі­гі. Бір-бірін құрметтеу, бейбітші­лік пен келісімде өмір сүру, мәде­ниет, білім, туризм, спорт, бұ­қа­ралық ақпарат құралдары және жастар салаларындағы ын­тымақтастықты ілгерілету маңыз­ды», − деп атап өтті Ли Чжаньшу.

Кеңес қорытындысы бо­йын­ша Еуразия елдері пар­ламенттерінің төрағалары бірлес­кен мәлімдеме жасады. Жиынға қатысушылар түрлі салалардағы көпжақты жо­ба­ларды жүзеге асыру барысын тал­­қылап, оларды заңнамалық қам­тамасыз ету бойынша тәжіри­бе алмасты. Парламент спикерлері жария еткен бастамалар мен ұсыныстар Еуразия мемлекеттерін серіктестіктің жаңа деңгейіне шы­ға­руға мүмкін­дік береді деген үміт мол.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.На­зарбаев форум барысында Оман аш-Шура мәжілісінің спикері Халид әл-Мауади, Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура мәжілісінің спикері Абдуллах әл-Шейх және Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен кездесіп, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Байқау айқын
Байқау айқын
Back to top button