349
Алматыда мектеп терезесінен секірген оқушы ауруханаға түсті
Алматыда мектеп терезесінен секірген оқушы ауруханаға түсті
Мектептің екінші қабаттағы терезесінен құлаған алматылық оқушы ауруханада жатыр. Білім беру мекемесі оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Мұғалім үзіліс кезінде балаларды сыныптан шығарып, кабинетті кілтпен бекітіп кеткен екен. Кейінірек оқушылар айтқандай, бала партаның астына тығылып қалғандықтан, ұстаз оны байқамапты. Сыныпта жалғыз өзі қалған 1-сынып оқушысы сыртқа шыққысы келіп, екінші қабаттағы терезеден секіріп кеткен.
"Балалар оның партаның астында тығылып қалғанын айтты. Жеткіншек екінші қабаттан секірген. Бірден дәрігерлерді шақырдық. Бұған дейін мұғалімдердің бәріне қауіпсіздік техникасы ережелері түсіндіріліп, олар қолдарын қойған болатын. Болған жайт туралы айтып, қайта түсіндірдік", - деді Алматының №80 орта мектебінің директоры Айгерім Байекенова.
Мектеп директорының айтуынша, баланың ата-анасы мұғалімге кінә артып отырған жоқ. Педагог жұмысын жалғастыра береді, бірақ қатаң сөгіс алған.
"Баланың жағдайы бір қалыпты. Үйін сағынады. Мұғалімге де, мектепке де шағымым жоқ. Терезеден секірген өзі, мұғалімнің кінәсі емес", - деді оқушының әкесі.
Дәрігерлердің айтуынша, балақай көптеген жарақат алған – миы шайқалып, құрсақ қуысының ағзаларына зақым келген, оң және сол жақ білек сүйегі сынған.
"Бала ояу, тамағын өзі ішеді, сөйлеседі, емделіп жүр. Бір апта ішінде ауруханадан шығарсақ деп отырмыз", - деп атап өтті Балалар жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.