9 Қыркүйек, 17:21 167 0 Жаңалықтар Túrkistan Gazeti

ҚР Сауда және интеграция министрлігі online сатып алушылардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтеді

Қазақстанда Электрондық коммерцияны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді, ол 2025 жылға қарай электрондық сауданың үлесін қазіргі 2,9%-дан 5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлады ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

«Электронды сауданы дамыту үшін бізде барлық заңнамалық жағдайлар жасалған. Заманауи сауда форматтарына да көп көңіл бөлінуде. 2019 жылғы 2 сәуірде Бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу туралы Заң қабылданды, онда электрондық және биржа саудасын дамыту көзделген. Тиісті инфрақұрылым жасалуда. Қазір нарықта 20-ға жуық платформа бар және шамамен 1700 кәсіпкер электронды коммерцияда жұмыс істейді», — деп нақтылады Б. Сұлтанов.

Оның айтуынша, Қазақстан жетекші әлемдік корпорациялардың көмегімен интернет арқылы сауданы дамытуды көздейді. 2019 жылғы 26 тамызда Министрлік пен Ресейдегі №1 «Wildberries» онлайн-ритейлер арасында Өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған, онда «Wildberries» қатысатын барлық аумақта электрондық сауда арналарын қолданып, қазақстандық экспорттаушылардың халықаралық саудаға қатысуы қарастырылған. Қазақстандық тауарларды экспорттауды ілгерілету үшін басқа да шетелдік интернет-алаңдарымен осындай жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

«Біз олармен бірге электронды сауданы дамыту жүйесін әзірлеп, оның үлесін арттыратын боламыз. Бүгінде оның жылдық бөлшек саудаға қатысты үлесі - 2,9%. Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында Alibaba тәрізді ірі электронды алаң өкілімен кездесу жоспарланған. Бұл салада салмақты ойыншылардың болуы бізге едәуір әрі дұрыс бағытта дамуға мүмкіндік береді. Біздің кәсіпкерлеріміз әлемдік ойыншылармен белсене ынтымақтастық орната алады, нәтижесінде бұл Қазақстанда электронды коммерцияны қарқынды дамытуға мүмкіндік береді», — деді Б. Сұлтанов, интернет саудадағы ірі субъектілермен ынтымақтаса жұмыс істеу қазақстандық өнімді экспорттауға мүмкіндік беретінін нақтылап.

Б. Сұлтанов атап өткендей, түсіндіру мәселелеріне баса назар аударылатын болады, өйткені электронды коммерцияда сенім мәселесі аса маңызды.

«Енді сатып алушы кәдімгі саудадағы сияқты электрондық саудада да сол шамада қорғалатынын қосымша атап өтемін. Жалпы біз тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін қайта қарауды жалғастырудамыз және оны іс жүзінде барынша пәрменді еткіміз келеді. Қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту бойынша жұмысымыз нақты бір бағытта жүргізіледі: еліміздің әрбір тұтынушысында сапалы өнім болуы тиіс. Біздің мақсат – «азық-түлік құбырын» – өндірістен бастап түпкілікті сатып алушыға дейін орынды және қолайлы тізбегін құру. Қазақстанда болсын немесе оның шегінен тыс болсын», — деді министр Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар