Қытайда қазақстандық ғалымның кітабы жарыққа шықты

Қытайда қазақстандық ғалымның кітабы жарыққа шықты

Қытайда қазақстандық ғалымның кітабы жарыққа шықты
ашық дереккөзі
Әлемдегі ең ірі Пекин халықаралық кітап көрмесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың «Экономикалық жоспарлау, басқару және бюджеттеудің математикалық әдістері мен модельдері» атты кітабының қытай тілінде тұсау кесері өтті. Монография Жэньминь университетіндегі ҚХР-дің жетекші баспасында жарық көрді. Бұл шараға ҚКП ОК-нің насихаттау бөлімінің вице-министрі Цзян Цзяньго, Жэньминь университетінің ректоры Лю Вэй, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы Қаламқас Дүзбаева, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, белгілі ғалымдар мен мамандар қатысты. «Біз профессор Ғалым Мұтановты Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының басшысы ретінде ғана емес, әлемге танымал ірі ғалым ретінде де білеміз. Бүгін таныстырылып отырған оның ғылыми еңбегі бірнеше тілде басылып, халықаралық деңгейде жоғары баға алған. Енді бұл кітап қытай тілінде жарық көріп отыр. Оның зерттеуінің өзектілігі, инновациялық тәсілі және көп қырлылығы ғылыми қоғамдастық үшін ғана емес, сонымен қатар Қытайдың практиктері мен басшылары үшін де сөзсіз үлкен қызығушылық тудырады», – деп атап өтті Жэньминь университетінің ректоры Лю Вэй. Қазақстандық ғалымға ғылыми жетістіктерінің танылуының белгісі ретіде сертификат табысталды. Айта кету керек, бұл монография бір кездері экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэштің жоғары бағасына ие болған, ол зерттеу нәтижелерін Нобель сыйлығының тағы екі лауреаты Кристофер Симс пен Гарольд Кунның жұмыстарымен салыстырған. Бұған дейін ол әлемдегі ең ірі «Springer Nature» баспасында жарық көріп, ең көп сұранысқа ие кітаптар қатарына кірген. Оны электронды түрде 15 мыңға жуық пайдаланушы жүктеген, бұл ең үздік көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар Ғ. Мұтановтың ғылыми еңбегі Web of Science Core Collection жетекші ғылыми жарияланымдарының беделді халықаралық базасына енгізілді. 1986 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Пекин халықаралық кітап көрмесі бүгінде баспа және полиграфиялық индустрия саласындағы жетекші платформаға айналды. Биыл оның жұмысына әлемнің 100 елінен 2,5 мыңнан астам экспонент қатысуда Көрмеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспа үйі тарапынан назарға ұсынылған университет ғалымдарының 300-ден аса ғылыми еңбектері көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырды.