Неге біз осы...

Неге біз осы...

Неге біз осы...
ашық дереккөзі
Алматының ақ таңы. №118-бағыттағы автобус. Абай көшесімен шығысты бетке алып келеміз. Жұрттың жұмысқа ағылатын уақыты болғандықтан автобус іші лық толы. Бір-бірін итеріп, жұлқып, аялдама сайын ерсілі-қарсылы кіріп-шыққан жолаушы. Кенет егделеу ер адамның гүр ете қалған даусынан бәріміз сілтідей тындық: «Су! Су беріңдер! Автобусты тоқтат!». Жапатармағай дауыс шыққан жаққа аңтарылдық. Жерге сұлап түскен қызды жолаушылар жабыла көтеріп, орындыққа отырғызып жатыр екен. Жан-жақтан қыспаққа түсіп,  ауа жетпей қалса керек, 18-19-дар шамасындағы бойжеткен есінен танып қалыпты. Бірер минуттан соң әлгі қыз есін жиды. Жан-жақтан ауа желпіп, бетіне су бүріккен жұрттан ыңғайсызданып, ым-ишарамен жағдайы оңалғанын ұқтырды. Жолаушылар орын-орындарына ыңғайланып, автобус қайтадан қалыпты қызметіне көшті. Алайда көп ұзамай жүргізуші қоғамдық көлікті қайта тоқтатуға мәжбүр болды. «Телефонымды кім алды? Қайтарыңыздаршы, өтінем!», – деп  боздап қоя берген бойжеткенге назарымыз қайта ауды. Талықсып, есін білмей жатқан кезінде біреу телефонын қолды қылыпты. Айтуынша, телефонның сыртындағы қабына салынған 20 мың теңгесі де ұрланған. «Соңғы ақшам еді, қайтарыңыздаршы қайсыңыз алсаңыз да!», – деп жалына жылайды. Әлгінде бойжеткеннің айналасына қаумалап, есін жиюға көмектескен төрт-бес адамға күдіктене қарадық. Ешбірі ұрыға ұқсамайды, ұқыпты киінген, салмақты кісілер. «Автобусты жауып, жолаушылардың бәрін жаппай тексерейік!», – деген ұсыныс айтылды. Бірақ автобус жүргізушісі онсыз да кестедегі уақыттан кешігіп келе жатқанын, осы күнге дейін мұндай ұрлықтардың ешбірі ашылмағанын айтып, қоғамдық көліктегі «тергеушілердің» ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. – Бұл автобуста «час пик» кезінде күнде бір телефон ұрланады. Ұры әлдеқашан түсіп кетті ғой, уақытты бекер жоғалтпайық. Қарағым, жамандықтың бәрі сол жоғалтқаныңмен кетсін, басың аман болсын!  – деп жолаушы әйелдердің бірі бойжеткенді жұбатты. – Байғұс қыздың қорғансыз сәтін пайдаланып кеткенін қарасайшы. Өй, желкесінен шыққыр! – деп енді бірі баукеспені қарғап-сілеп жатты. Адам азды ма, заман ба? «Ұрлық түбі – қорлық» деген бір-ақ ауыз сөзімен тентегін тиып, бұзығын түзеген халқымыз қазір сұғанақ қолдармен күресуден қажығандай. Өйткені, бұрын тек малын қорыса, бүгінде мүліктің түрі көбейген сайын, ұрлықтың да неше атасы пайда болды. Статистикаға сүйенсек, елімізде жасалатын қылмыстардың 70 пайызға жуығы – ұрлық деректері. Әсіресе, пәтер тонау, көлік бөлшектерін ұрлау, көліктерді айдап әкету деректері өршіп барады. Басқаны айтпағанда, бір ғана Алматының өзінде  биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 39430 ұрлық тіркеліпті. Ең сорақысы, ұрылар тірілерді былай қойғанда өліні де тонаудан тайынар емес. Жантүршігерлік апат,  қабырғаны қайыстырар қайғы үстінде өз құлқынының қамын күйттеп, өзгенің мүлкіне тарпа бас салатындардың көбеюі қоғамның құлдырап, адамның азып бара жатқанын айғақтайтындай. Мәселен, өткен жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында екі жүк көлігі соғысты. Көліктердің бірінің жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Екінші жүк көлігінің тіркемесі бірнеше метрге ұшып кеткен. Тіркемеге мыңдаған қорап жылдам дайындалатын кеспе тиелген көрінеді. Апат кезінде жол бойы шашылған кеспелерді жергілікті тұрғындар екі тәулік бойы жинап әлек болғанын жергілікті ақпарат құралдары жарыса жазды. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Қайғылы оқиға болған жерде тонаушылық жасап жүрген жұрттың әрекетінен жаның түршігеді. Ардан безгендер жол апатына ұшырап, көз жұмған жолаушыларды тонаудан да шімірікпейді осы күні. Қайсыбір жылы  Орал-Ақсай тас жолындағы апаттан қаза болған әйелдердің қымбат әшекейлері мен ірі көлемде қаражаты қолды болғанын естігенбіз. Өмір мен өлімнің ортасында жатқан жолаушының алтын сырғасы, сақинасы, сөмкесіндегі бар ақшасын белгісіз біреулер тонап кеткен. Ауруханаға жеткен соң көз жұмған әйел ертерек көмек көрсетілсе тірі қалуы мүмкін еді. Алайда ұры хал үстінде жатқан адамның өміріне араша болуға тырысуды ойламаған. Керегін алып, жөніне кеткен. Осыған ұқсас оқиға Шымкентте болған еді. «Лада приора» мен «Ауди» автокөліктері соқтығысып қалған. Ресейлік көліктен түскен жігіттер ес-түссіз жатқан «Ауди» жүргізушісінің ірі көлемдегі ақшасын алып кеткен. Жергілікті полицияның дерегінде, апатқа айыптылар жәбірленушілердің 10 млн теңгесін ұрлап, із суытқан. Ел ортасынан соңғы жылдары осы сарындағы сорақылықтарды құлағымыз жиі шалады. Сұғанақтықтың сан түрін естіп жүрміз ғой, алайда, апатқа ұрынып, өлім мен өмірдің арасында арпалысқан жандарды аударып-төңкеріп, тіміскілей­тіндерді көз алдыңызға елестетіп көрің­із­ші... Тұла бойың мұздап, денең тітіркенеді. Қалалардың ортасында жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілерін сөзге тартсаң, адамдықты ұмытқан қоғамнан тіпті безіп кеткің келеді. Олардың  айтуынша, қалааралық жолдарда апатқа ұшыраған жандардың қалтасы мен сөмкесіндегі заттарға кездейсоқ жолаушылар ғана емес, кейбір жол полиция қызметкерлері және жедел жәрдем қызметкерлері де қол сұғатын көрінеді. «Малым – жанымның садақасы» дейтін қазақ ешқашан дүние қумаған. Біздің де даулағанымыз ұрланған ақша, барымталанған бұйым емес. Халқымыз бәрінен биік қоятын ар, ұят, иман дейтін ұлық қасиеттердің жоқшысымыз. Өйткені бәріміз жолаушымыз, шыбын жанымызды шүберекке түйіп, екі күннің бірінде ұзақ жолда жүреміз. Қанша жерден аңдап бастық десек те, кездейсоқ жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған. «Апат айтып келмейді». Айдалада оқыс оқиғаға тап болсақ, демеу болудың орнына, бір-бірімізді жемтігін көрген бөрідей ашкөздене таласақ, адамдығымыз қайсы?!   Рақымшылықтың да шегі бар емес пе? Елімізде сұғанақ қолдар көбейіп, ұрлық-қарлықпен мал тауып, жан бағушылардың көбеюіне не себеп деген сауалға жауап іздесек, таяқтың бір ұшы заңымызға және оның орындалуын қадағалайтын органдардың жұмысына келіп тіреледі. Өкініштісі сол, республика бойынша жасалатын ұрлық деректердің көбі жабулы күйінде қалады екен. Соңғы 25 жылда Қазақстанда 2 миллионнан астам ұрлық фактісі тіркелсе, соның 1,5 миллионы ашылмаған. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәліметінше, 2017 жылы ұрлықтың 45 пайызы және тонау жағдайларының 55 пайызы ғана ашылған. Заңды белшесінен басса да, жазасыз қалып, бостандықта тайраңдап жүргеннің салдары болса керек, ұрылар қылмысын қайталаудан танбайды. Алайда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбековтің пікірінше, ұрлық қылмысын ашуда құзырлы орган қауқарсыз немесе бейқам емес, тек кадр мен уақыт тапшы. «Қалада тұрғындар және бақуатты азаматтар көп болғандықтан ұрлық фактілері де аз емес. Полицияның жұмысы көптігіне байланысты кей істерді ашуда олардың тарапынан әрекетсіздік орын алуы да мүмкін. Әр ұрлық фактілерін тергейміз десе, оларды бір жағынан кісі өлтіру, тонау, қарақшылық сынды ауыр қылмыстарды ашу күтіп тұрады. Яғни, мұның бір себебі кадр тапшылығында болуы да мүмкін. Дегенмен, бұл бағытта Алматы полициясының қызметі әлсіз дей алмаймын. Жүктеме көп болғандықтан, ұрлық қылмыстары қысқа мерзімде ашылмай жатуы ғажап емес», – дейді Е.Қасымбеков. Полиция қызметкерлерінің жұмысынан береке кетуіне заңымыздың солқылдақтығы да себеп шығар, кім білсін?! Елімізде ұрыларға қатысты жаза жеңіл екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Қазір ұрлық жасап, ұрланған заттарды сатқан адамдар тек жеңіл қылмыстық жазамен құтылады. Қылмыстық кодекстің 192-бабына сай, олар не айыппұл төлейді, не әкімшілік жазаға тартылады. Ал ұрлықпен күресті мықтап жолға қойған әлем елдерінің тәжірибесіне көз жіберсек, баукеспелерге рақымшылық жасалмайтынын көруге болады. Мәселен, Иранда бірінші рет ұрлық жасаған ұрының оң қолының төрт саусағы кесіледі. Екінші рет қайталаса, сол аяғының табанының жартысынан айырылады. Үшінші рет ұрлық жасаса, түрмеге қамалады. Ал төртінші рет – соңғы, қаладағы орталық алаңда, көпшіліктің алдында дарға асылады. Бұл елде ұрылар қылмыстың және жазаның ауыр-жеңіл­ді­гіне қарамастан халықтың алдында жазаланады.  Осының нәтижесінде Иранда ұрлықтың өзге қылмыстар арасындағы көрсеткіші төмендеген. Біріккен Араб Әмірліктерінде де әлі күнге дейін ұрлық жасаған адамның қолын кесу жазасы қолданылады. Бұл елде бірінші ұрлығы үшін ұрының бір саусағының жартысы кесіледі. Екінші рет қайталаса, бір саусағы, үшінші рет ұрлық жасаса қолы кесіледі. Ұрылардың саусағы мен қолын кесу жазасы бұрындары Қытайда да болған. Алайда қазір ҚХР Қылмыстық Кодексіне сәйкес, ұрлық-қарлық жасағандарға қылмысының ауырлығына қарай 3-10 жылға бас бостандығынан айыру және айыппұл салу, өмір бойына түрмеге жабу, өлім жазасын беру, мүлкін тәркілеу сияқты жаза түрлері тағайындалады. Солтүстік Кореяда қылмыстың бірқатар түрі үшін өлім жазасы қолданылады, олардың арасында ұрлық та бар. Бұл елде өзгенің мүлкін ұрлағандар көпшіліктің алдында атылады. Ресей тарихына үңілсек, қылмыскерлерді ауыр жазалаудың бірқатар түрі болғанын көреміз. Билікке келген әр патша ұрыларды жазалаудың өзіндік әдіс-тәсілдерін енгізіп отырған. Атап айтсақ, шыбықпен сабау, мұрын, құлақ кесу, табанға шеге қағу, маңдайына "В" әрпін күйдіріп басу ("вор" деген сөз) секілді жазалар қолданылған. Ал қазір Ресей Федерациясының заңына сәйкес, қылмыстың ауырлығына қарай 5 жылға дейінгі мерзімде қо­ғамдық еңбекке жегу, айыппұл салу, бас бостандығын шектеу және 2-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Біздің басымызға да осындай күн туып, өз амандығымыз, мүлкіміздің бүтіндігімен қам жемес үшін шектен тыс кешірімшіл, рақымшыл болуды қоятын мезгіл жеткен шығар... Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Анар ЛЕПЕСОВА

«Тúrkistan»