8 Тамыз, 15:13 551 0 Өндіріс Ахмет ӨМІРЗАҚ

«Көк қағаздың» құны көкке самғай бере ме...

 Бүгінде жұрттың қаржылық сауаттылығы әбден оянған. Нарықтық экономика жағдайында ненің қымбаттап, ненің арзандап жатқанын бәрі бақылап отырады. Содан болар, өткен аптада теңге бағасының түсуі бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жеткенде отандастарымыз арасында бұл жағдай қызу талқыға түсті.

Қайсы елдің экономикасында болса да, валюта саясаты басты рөлді ой­най­ды. Өйткені экономикалық дамудың ор­нықтылығына қол жеткізуге, ақша құнсыздануын тежеуге, жұмыссыздықты болдырмауға мұның үлкен әсері бар. Дегенмен мемлекеттік валюта саясаты елдің қаржылық-экономикалық жағ­дайы­на және дүниежүзілік эконо­ми­каның дамуына байланысты болады.

Валюта саясаты бірнеше түрге бө­лінеді. Соның ішінде жұртың көбіне та­ныс түрі девиздік валюта саясаты. Ол – шетел валютасын сатып алу, сату жолымен ұлттық валюта курсын реттеп отырады. Бұл орайда, еліміздің төл ва­лютасы – теңгенің құны әлемде ал­тын, мұнай, т.б. құнды заттардың бағасының қымбаттауы не арзандауына орай АҚШ доллары бағасының көтеріліп, түсуіне байланысты құбылып тұратыны белгілі.

Әрине, мемлекеттік қаржылық жағ­дайы мықты, төл валютасының құны орнықты болғанға не жетсін, алайда әлемдік экономиканың ажырамас бір бөлшегіне айналған Қазақстан эко­но­микасына дүниежүзілік қаржылық сая­саттың жағдайы әсер етпей тұрмайды. Бір аймақтарда экономикалық даму жылдам қарқынмен жүрсе, екінші бір аймақтарда керісінше болуы мүмкін. Осының себебінен жалпыәлемдік эко­но­микалық тұрақтылық, даму ритмі бұзылып, өзгелерге түрлі тараптан әсер ете бастайды. Айталық, түрлі машина өндірісі, құрал-жабдықтар жасау т.б. салалардың қарқыны бәсеңдесе, оны өндіруге керекті шикізатты өндіретін елдерге кері әсер етуі мүмкін. Өйткені сататын тауарына қажеттілік азайып, құны түсіп кететіні анық. Бұл әрине, оның ұлттық валютасының құнсыз­да­нуына әкеледі. Негізінен, дайын өнім шығарудан гөрі шикізат өндіру саласы алдыңғы орында тұрған Қазақстан сияқты елдердің ұлттық валютасының құны өзгере беретінінің басты себебі осы. Содан болар, айналымға енгеніне ширек ғасырдан асқан ұлттық валютамыз – теңге бірнеше рет құн­сыз­да­нуға ұшырап, елдің экономикалық жағ­дайына жағымсыз әсер етті.

ШИРЕК ҒАСЫР, ТЕҢГЕ ЖӘНЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯЛАР

Арада төрт жыл өткенде теңгенің буы­ны бекіп, құны көтеріле бастады. Яғни 2003 жылдан 2007 жылға дейінгі аралық­та елімізде доллардың құны арзандап, тең­ге күшейе бастады. Төрт жылдың ішінде құлдыраған көк қағаздың теңгедегі бағамы 156 теңгеден 120 теңгеге дейін түсті. 2007 жылдың соңындағы әлемдік қаржы дағдарысы теңгеге айтарлықтай қауіп төндірсе де, ұлттық банк қордағы валютаны жұмсау арқылы теңгенің құ­нын сақтап қалды.КСРО тарқағаннан кейін Ресеймен ортақ валюталық аймақта қалу Қазақстан үшін тиімсіз болғаны белгілі. Сол үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды шешім қабылдап, мемлеке­тіміз­дің төл валютасы – теңгені ай­на­лымға енгізуге бел буды. 1993 жылы 15 қарашада айналымға енген ұлттық валю­тамыз 1 АҚШ долларының құнын 4 теңге 70 тиын деп белгіледі. Алайда экономикасы әлі аяққа тұра алмай жатқан елдің жағдайы теңгенің бұл дәрежесін ұзақ ұстап тұра алмады. Соның себебінен айналымға енген бір жарым айдан аса уақытта теңге 12 еседей құнсызданып, 1 доллар 54 теңгемен теңесті. Солайша құнсыздану үдерісіне барынша қарсы тұрса да, бес жыл ішінде теңгенің АҚШ долларымен алғандағы бағамы 84 теңгеге жетті. Ал 1999 жыл­дың сәуірінде алғаш рет үлкен деваль­вацияға ұшыраған теңге құны бір күнде  күрт түсіп, 1 АҚШ долларының бағасы 138 теңге 25 тиынға жетті. Одан кейінгі үш жылда доллардың құны 155 теңгеден асып барып іркілді.

2008 жылы әлемдік нарықта көмір­су­тегі шикізаттары қымбаттап, оның әсері теңгенің құнын сақтауға пайдасын ти­гізді. Бірақ жыл соңында шикізат құны түсіп, теңгені құлдыратпау үшін ұлттық банк тағы да валюта қорындағы қаражат­ты шығындап,  1 АҚШ дол­ла­ры­ның құ­н­ын 120 теңгеден асырмады. Бірақ келесі жылдың басында теңгені құнсызданудан сақтағанмен, оны одан әрі ұстап тұру мем­лекетке оңай соқ­пады. Сондықтан Қазақстан ұлттық банкі 2009 жылдың 4 ақпанында дол­лардың бағамын 117-123 теңгеден түсірмеуден бас тартып, девальвация жасады. Себебі сол жылдың ба­сында теңге құнын түсірмеу үшін Ұлт­тық банк 6 миллиард АҚШ долларын жұм­саған болатын. Өйткені әлемде мұнай бағасы төмендеп, Қазақстанмен сауда-саттық саласындағы серіктес елдерде де ұлттық валюталар құнсыздана бастаған-ды. Солайша девальвацияның әсерінен тең­ге 25 пайызға құнсызданып, 1 АҚШ дол­лар құны 150 теңгеге көтерілді. Тіпті валюта айырбастау пункттерінде 170-ке дейін барып, бірер күнде қайтадан қалыпты бағамына түсті.

Одан кейінгі девальвация 2014 жыл­дың 11 ақпанында жүріп, 1 АҚШ дол­ла­ры 185 теңгеге көтерілді. Өйткені ұлттық банк теңгенің бұрынғы қалпын күштеп ұстап тұрудан бас тартты. Елдің валюта қорын сақтау үшін жасалған бұл қадам амалсыздан жасалса да, теңгені біраз құнсыздандырып кетті.

Жалпы Ұлттық банкті Г.Марченко басқарған жылдарда теңгенің деңгейін бірқалыпты ұстап тұру – ұлттық қордағы валютаны жұмсау арқылы мүмкін болса, одан кейін Қ.Келімбетовтің тұсында одан бас тартып, теңгені еркін айналымға жіберу арқылы құнсыздану үдерісі жүрді. Мәселен 2015 жылдың қыркүйегінде бір күнде бір доллар 288-ден 301 теңгеге дейін көтеріліп кетіп, елдің есін шығарды. Азық-түлік бағасы бір күннің ішінде қымбаттап кетіп, жаңа көліктердің бағасы 30 пайызға дейін өсіп кетті. Әрине бұның бірнеше себебі болды, десек те Ұлттық банк бас­шы­лығы бұл жағдайды қор биржасындағы алыпсатарлардың АҚШ валютасын қолдан қымбат­тат­қанының кесірі екенін мәлім­деген-ді. Содан бері үздіксіз құнсызданып келе жатқан теңге бүгінге келіп, 380 тең­генің құны бір долларға да жетпей қалуына әкелді.

ТЕҢГЕ ЖӘНЕ ӘЛЕМДЕГІ ВАЛЮТАЛАРДЫҢ ЖАЙ КҮЙІ

Бүгінде «девальвация» десе бір кез­дегідей жұрттың төбе шашы тік тұрып, не істерін білмей дағдарып қала бермейді. Барлық нәрсенің бағасы қым­баттап, отбасылық бюджеттің жағд­айына салмақ түсерін біледі де, оған жасайтын қайран жоғын түсініп, аз қаражатын үнемдеп жұмсауға тырысады. Десекте, жыл сайын доллардың бағасы көтеріліп, теңгенің құнсыздана түсуі артық ақшасы жоқ қарапайым халықты былай қойғанда, іскер азаматтар мен қаржы саласында еңбек ететіндердің табысқа жетуіне қолбайлау болатыны анық.

Кейінгі кезде қысқа уақыт аралығында құбылған доллар бағасы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған деңгейге көте­ріліп, теңге бағамы екі рет антирекордтық көр­сеткішке жетті. Атап айтқанда, осы жылдың 26 шілдесінен бастап, 1 АҚШ долларының құны 385 теңгеден бір тиын түспей тұрып алып,  2 тамыз күні Қазақстанның қор биржасында 385 теңге 75 тиынға сатылды. Ал валюта айырбастау пункттеріндегі баға одан сәл өзгеше: онда 1 АҚШ валютасын 385-386 теңгеге сатып алынып, 386,5-387,5 теңгеден сатылды. Тіпті 388-ге де шықты.

Ал доллар құнының осынша қым­бат­тауына не себеп?

Болжам әртүрлі, бірақ анық жауап жоқ.

Мамандардың айтуынша, осы айда Ресей рублінің құны түсіп, мұнай баға­сының арзандауы теңгенің құлдырауына әсерін тигізетін көрінеді. Қазірдің өзінде Brent маркалы мұнайдың баррелі 61,16 долларға дейін түсіп, 1,6 пайыз арзан­да­ғаны айтылуда. Сондықтан экономистер Ресей валютасының құнсыздануы, АҚШ пен Қытайдың сауда соғысының әсері болса да, 1 АҚШ долларының бағасы 390 теңгеден аспауы тиіс дейді.

Тамыз айы теңгенің тынышын алады деген мамандар, Ресей рублінің әлсіреп, мұнай бағасының төмендеуі ұлттық валю­тамызға айтарлықтай соққы екенін айтады. Өткен аптада солтүстіктегі көршімізге салынған санк­ция және АҚШ пен Қытай арасын­дағы сауда соғысы да төл ақшамыздың құтын қашырмақ. Экономистер доллар­дың құ­ны 390 тең­геден аспауы керек дегенімен, жағ­дайдың қалай өрбитінін болжау қиындығын жасырмады. Бірақ, мамандар доллар көтерілді екен деп ақша айыр­бас­тау пунктеріне тұра жүгірмеуге кеңес береді. Ал Ресей сарапшылары эконо­ми­касының әртараптанбаған және қаржы­лық жағ­дайы, негізінен, шикізат­тық тауар сатуға байланысты Қазақстанда теңгенің құны тағы төрт пайыздай түсіп, бір доллар 400 теңгемен теңесуі әбден мүмкін деп отыр.

Әрине, болжам өз алдына, бірақ мұ­най барелі қайтадан көтерілсе және түсті металдардың бағасы қазіргіден түспесе, теңгенің жағдайы қайта оңалуы әбден мүмкін екен. Шынын айтсақ, алтынның құны көтеріліп барады. Мәселен қазір алтынды 1466 долларға алуға болады. Ол 1,7 пайыздық өсімді көрсетіп тұр. Ұлттық банктің сайтында металдың бір грамы 17,4 мың теңгеге сатылуда. Ал күміс 0,6 пайызға, мыс 5,8 пайызға арзандаған. Бірақ сарапшылар алтынның бағасы кө­те­ріліп, күзде бағасы 1500 долларға дейін өседі деп санайды. Бұл теңгені одан әрі құлдыраудан сақтап қалуы мүмкін жағ­дай.

Кейбір сарапшылардың пікіріне қара­сақ, теңгенің қазіргі жағдайы уақытша құ­былыс көрінеді. Мәселен, «VENT PLUS» компаниясының директоры Қуаныш Рыс­бай­дың айтуынша, доллардың теңгеге шақ­қандағы бағамының көтерілуі мау­сым­­дық демалыс кезеңіне байла­ныс­ты. Өйткені осы кезде көптеген ел тұр­ғын­дары шетелге демалуға шығады да, сатып алушылардың көбейіп кетуі салдарынан доллар құны өседі. Қазақстан қаржы­гер­лері қауым­дас­тығының сарап­шысы  Ра­ма­зан Досовтың пікірінше,  шет­елге шы­ғу­шылардың дол­лар­ға деген сұранысы артқанына және дәл сол айда мұнай баға­сы­ның жеті пайызға арзандауы қа­бат­тасқандықтан теңге құл­ды­раған. Сон­дай-ақ алдағы айда теңге тағы да екі пайыз­ға арзандауы не қымбат­тауы мүм­кін. Бұған ел экономикасына мұнай баға­сының әсер етуі мен теңгенің тағ­ды­рының әлемдік нарықпен байланыс­ының үлкен әсері бар екен.

Жалпы біз не туралы айтсақ та, өзге­лер­мен салыстырып барып пікір түй­ге­німіз абзал. Әйтпесе, әлемде деваль­ва­циядан көз ашпайтын жалғыз валюта – теңге сияқты болып көрінеді. Мәселен, өт­кен жылдың күзінде 1 доллар 364,5 теңгемен теңесіп тұрса, дәл сол кезде 1 АҚШ доллары 248000 Венесуэла боли­ва­рына, 24158 Мьянма кьятына тең болып тұрған. Сондай-ақ, Аргентина песосы кейінгі он жылда 1160 пайызға, Сирияның фунты 910 пайызға, Бело­рус­сия рублі 987 пайызға, ал теңге 200 пайызға құнсыз­данған деп саналады. Салыстырмалы түр­де алып қарасақ, әлем­нің үлкен елдері валютасының қа­сында теңгеміздің әлі мықты екені анық байқалады.

P.S.

Жалпы 27 жылда Қазақстан Ұлттық банкін басқаруға осы кезге дейін тоғыз адам (Г.Марченко екі рет) басшылыққа келіпті. Олар: Ғалым Байназаров (қаңтар, 1992 – желтоқсан, 1993 жж.), Дәулет Сембаев (қаңтар, 1994 – қаңтар, 1996 жж.), Ораз Жандосов (қаңтар , 1996 – ақпан, 1998 жж.), Қадыржан Дамитов (ақпан, 1998 – қазан, 1999 жж.), Григорий Марченко (қазан, 1999 – қаңтар, 2004 жж.), Әнуар Сәйденов (қаңтар, 2004 – қаңтар, 2009 жж.), Григорий Марченко (қаңтар, 2009 – қыркүйек, 2013 жж.), Қайрат Келімбетов (қазан, 2013 – қараша, 2015 жж.), Данияр Акишев (қараша, 2015 – ақпан, 2019 жж.), Ерболат Досаев (ақпан, 2019 жылдан бастап). Қайсысының тұсында теңгенің жағдайы қалай болғанын ел біледі. Енді міне, ұлттық банктің қазіргі басшысы тұсында да, келгеніне бес-ақ айға жуық уақыт ішінде теңге екі рет сүрініп, құны кетіңкіреп қалды. Бірақ қалай десек те, елдің ертеңгі күннен үміті бар. Сол үміт үзілмесін деп тілейік.

 

Ахмет ӨМІРЗАҚ

«Тúrkistan»

Соңғы жаңалықтар