1188
Көкпекті келушілерді терең тарихымен қызықтырады
Көкпекті келушілерді терең тарихымен қызықтырады
Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының қазақ тарихында алар орны бар. Қазақ тарихынан бөлек қарауға болмайтын өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында мұнда не істелініп жатыр? Біз алғашқы сауалды Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаиловқа қойдық.
Қарт Қалба тауларынан басталып қоңыраулы Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жағалауына дейінгі жерді алып жатқан Көкпекті ауданы жері қазыналы, тарихы қатпарлы. Хан Абылай осы жерге – «Толағай» түбінде шатыр тігіп кеңес шақырыпты деген дерек бар. Мұнда Шорға соғысына аттанарда Қабанбай, Бөгенбай батырлардың ізі қалған. Ағартушы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов та осы жерге ат басын бұрған.
Көкпекті жері жайлы ауыз-екі әңгімеде «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен екен» дейді. Мұның негізінде шындық жатыр. Ертіс маңынан Сырдария бойына жосыла-жөңкіп оғыздар өтті. Солардың ізін қуа Киев Русіне ат тұяғын тіреген қимақ-қыпшақ тайпалары жосылды. Міне, осының бәрі зерттеу мен сараптауды күтіп жатқан тың мәселелер. Көкпекті ауданының бар төсін баурай жатқан Қалба тауының орыны бөлек. Ежелден бұл жерді еуропалықтар да, азиялықтар да көп зерттеген. Солардың еңбегін, Қалба тауы туралы деректерін жинастыруда бүгінгі күннің азаматтарының еншісіне тиіп тұр.
Ертедегі Көкпекті қаласы қытай мемлекеті қалаларымен сауда қатынасын орнатқан екен. Екі елді жалғаған сауда орны болған. Аудан тұрғындары 19 ғасырда Ертіске параход түсіріп, Түменге дейін барған. Тана мешіті саудагерлерінің шежіресі жинақталып, тарихы зерделенетін болса, абыройлы іс болар еді. Көкпекті ауылының тарихы Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бір саласы екені, Көкпектіден Өскемен арқылы Алтайға керуен жүргені, Көкпектіден Бақты арқылы Шәуешекке кіре тартылғаны тарихта бар. Ал енді оның бүгінгі даңғыл жолы Омбы - Майқапшағай халықаралық автомобиль жолы. Сондықтан біз жолдың әлеуетін толық пайдалануға, сауда, туристік, экономикалық байланыстар орнатуға арнауымыз керек.
–Енді құрылғанына 90 жыл толатын Көкпекті ауданы тарихы мен шежіресі туралы ой қозғасаңыз...
– Көкпекті ауданы аумағында тарихымызда белгілі Мамырсу мен Қандыжап бітімінен кейін, үш ел арасындағы орнаған шекаралық бөліктерге сәйкес қазақ халқының найман руы Алтай, Қалба, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауына орныққаны белгілі. Жоңғар – қазақ соғысында бірден бір шешуші рөл атқарғандықтан орта жүздің бұл руы төрт ел шекарасына қойылған қорғандай болды. Қазақ халқының қалыптасуында негіз болған – арғын, найман, керей, уақ тайпалары жылнамасы ел тарихында тайға таңба басқандай болып жатса, қазақ халқының шежіре жазу тарихындағы Ақтайлақ би шежіресі үлгі ретінде қолданылады. 1909 жылы Қазаннан шыққан Қоқаш қажы шежіресін тауып, бүгінгі ұрпақтың пайдасына жарату да алдағы күндердің бір мұраты емес пе?
Осындай әлемге белгілі мәдени мұралардың ауданымызда табылғаны, болғаны, әлі де табылатындығы бүгінгі күнгі ауданның зиялы қауымы үшін үлкен жүк. Тек қана Үлкенбөкен ауылы мен су астындағы Баты ауылының жәдігерлерінде адамзат өркениетінің үлкен сыры жатыр.
– Жылқыны қолға үйрету қазақ даласында басталғаны белгілі. Осындай мұраның мирасқор ұрпағы ретінде біз ұлттық құндылықтарды қалай сақтап, дамытып жатырмыз?
– Ағаш ердің құрылымы, оны құрау, әбзелдерін дайындау ұрпақтан ұрпаққа күні кешеге дейін беріліп келді. Ауданымызда «Дархан» ат спорты клубы Көкжота ауылында көкпаршыларды даярлайтын болса, Үлкенбөкендегі «Намыс» клубы тазы иттерді ұстап баулу мен атқа мінуді оқушыларға үйретуді қолға алған. Аудандағы Қайырлы Мағзұмовтың мұндай талпынысын әліде жетілдіру керек. Қанат Бикатовтың көкпаршылары республика деңгейінде өнер көрсетуге дейін жеткен, шыңдалған спортшылар.
Ұлттық ат спортының дамуына ауданда ешқандай кедергі жоқ. Кез келген екі жақты тиімді жасалған бизнес жоспары бар тұлғаны қолдауға, жағдай туғызуға әзірміз.
– Көкпектінің тарихы келушілерді несімен қызықтырады? Тарихы бай өлкеде не бар?
– Көкпекті жері қазақ тарихымен терең байланысты. Қалба тауы Батыс түркі қағанатының нақ ортасында орналасқан. Сол замандағы мәдениеттің барлық нұсқалары біздің ауданның аумағында бар. Жақсыбай мен Бөкен балбалтастары соның бір үлгісі. Профессор Әбдеш Төлеубаевтың археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігімен облыста жүргізілетін қазу, зерттеу, сараптау жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін шарттарын ұзартты. Осы шарттың негізінде Көкпекті сақ қорғандарында зерттеу қарастырылуы мүмкін. Ел шежіресі, жұртымыздың жылнамасы, халқымыздың тарихы туған жердің қойнауында. Оны ашып тұрғындар игілігіне жарату мәдениет ошақтары мамандарының қызметі. Олар – кітапханашылар, клуб меңгерушілері, музей қызметкерлері, әуесқой өлкетанушылар. Елбасының талабы да, тапсырмасы да – осы.
– Сондай-ақ Қалба тауы флорпасын да жолға қою керек сияқты...
– Өңірдегі Шұғынық гүлі бәріміздің жазғытұры көріп қуанатын әсем гүліміз. Шұғынық гүлі – Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік, тұқымын жинап көбейту жолдары қарастырылуы мүмкін. Бұл мәселенің Көкпекті ауданы үшін маңызы зор. Қалба тауы флорасы жеке зерттелсе де, ауданда өсімдік қорғау, зерттеу мекемелері жоқ. Ендігі біздің үміт артарымыз, ол ауыл мектептерінің биолог мамандары. Шұғынық гүлінің өсу деңгейін анықтап, күз мезгілдерінде тұқымын жинап көбейтіп, алматылық, семейлік, өскемендік биолог ғалымдармен байланыс орнатып, Қалба тауы флорасының зерттелуін бір жолға қою керек.
Осы орайда айта кететін бір мәселе – аудандық «Жұлдыз – Новая жизнь» газеті жанынан ашылған «Kөкпекті» журналы туралы. Журналдың мақсаты да, міндеті де Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын тасырмаларды жүзеге асыруға арналған.
– Ауданнан 9 Кеңес Одағының батыры мен 9 Еңбек ері шыққан, олар – өз заманының қаһармандары. Ал кешегі жаугершілік замандағы Жомарт батыр, Кегенбай би, Бөдес әулие, Қасаболат, Сатыпалды, Бармақ батыр, Қыстаубай батыр, Арап батыр, Аралбай батыр, Бостан батыр, Қосан би, Қоқаш қажы, Тана мырза, Дәулен палуан. Осыларды жеке-жеке зерттеу жұмысы қалай ұйымдастырылмақшы?
– Бүгінгі күні ауданымызда «Рухани жаңғыру» жобалық штабы жұмыс істейді. Бұл штаб екі сала бойынша – білім беру және мәдениет бөлімдерін қамтыған. Аудандық ішкі саясат бөлімнің үйлестіруімен штаб мүшелері жоспарлы түрде жүйелі қызмет атқарып, Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырады.
Кәрібай мен Қалиханның жырлары мен термелерін насихатталып, оларды әрбір көкпектілік тұрғын жатқа білердей болуы шарт. Ал Адамбек Тәтенов деген ағамыздың күйлерінде аудан тұрғындарына таныстыру осы тұрғыда жүргізілуі тиіс. Көкпекті туралы түсірілген фильмдер жинақталып, көшірмесі жасалып көпшілікке таныстырылады. Осы орайда меценаттар іздеп жобаны жүзеге асыруға қолғабыс ететін зиялылармен байланыс орнату қажет. Жақия Шайжүнісов туралы 2 фильм, шопандар туралы бірнеше киножурналдар бар. Олар жиналып насихатталуы тиіс.
Елдің бірлігі тарихты білгенде ғана болаттай бекіп нығаяды. Тарих шындығы адамға рух береді, сенімін бекітеді. Елімізге рухани серпіліске бастайтын бұл Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырсақ, Тәуелсіздігіміз нығая береріне ешқандай күмән тумайды.
– Әңгіміңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Батыр ЖАСҰЛАН