24 Маусым, 15:34 480 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарих жасаған тұлғa» атты кітабының тұсаукесері өтті

 20 маусымда Анкарада Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің және Халықаралық Түркі Академиясының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тарих жасаған тұлғa" атты кітабының тұсаукесері өтті.

30 жыл бойы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге қызмет атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасының адамгершілік қасиеттері, қарапайымдылығы сынды ерекшеліктерімен қатар, қызметтік белестері, оның қиын-қыстау кезеңдердегі игілікті істері жайлы естеліктерін жинақтаған. Кітапта Елбасының сарабдал саясаты, көреген көшбасшылығымен жүзеге асқан халықаралық деңгейдегі бастамалары да орын алған.

Кітапты белгілі қаламгер, дипломат, Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты Мәлік Отарбаев түрік тіліне аударған.

Аталған жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі Кеңесі Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі профессор, ғылым докторы Әділ Ахметов, Түркі Кеңесінің құрушы бас хатшысы, елші Халил Акынжы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, сондай-ақ көптеген мемлекет қайтаркерлері, ғалымдар, зиялы қауым және дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, Түркия Республикасы Президентінің орынбасары Фуат Октай, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп атынан құттықтау жедел хаттары келіп түсті.

Кітаптың тұсаукесер салтанаты Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының алғы сөзімен ашылды. Елші өз сөзінде «Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы әрі қолдауымен ел тізгінін ұстаған майталман мемлекеттік қайраткер, қазақ дипломатиясының марқасқасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды жаңа белестерге бастайтыны анық» деді. Қазақстан Елшісі үстіміздегі жылдың 9 маусымында жаңа сайланған Мемлекет басшысы Елбасының қол жеткізген табыстарын еселеп арттыратындығына сенімін білдірді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатта өзінің теңдестірілген, конструктивті және прогрессивті тұлғалығын тілге тиек етті. Елбасының өмірі мен қызметтік белестерімен қатар, Мемлекеттің құрылу кезеңі мен заманауи Қазақстан туралы жазылған бұл кітаптың, әдеби стилі және оқиғаларға куә болу өзгешелігін ескерсек, құнды әдебиеттер қатарынан орын алатындығы сөзсіз екендігін атап өтті.

Түркі Кеңесі Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі профессор Әділ Ахметов Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламынан шыққан бұл кітап туралы «Тоқаев сынды салмақты да салиқалы, кәсіби, таным көкжиеги кең дипломаттың қолынан шыққан бұл кітапта, Кеңес Одағының күйзелісінен түлеп ұшқан егемен Қазақстан Республикасының негізін қалаған және қалап қана қоймай, Еліміздің терезесін өзге мемлекеттермен тез арада теңестіріп, күллі әлем есептесетін Орталық Азиядағы ең іргелі мемлекеттердің қатарына қосқан Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи ролі жан-жақты ашылған» деген пікір білдірді. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұлы түркі өркениетінің өкілдері екендігін атап өтті.

Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің тарихы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігін айтып өтті. Жаңа сайланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дипломат және мемлекет қайраткері екендігіне тоқталды. «Нұрсұлтан Назарбаев соңғы ширек ғасырдағы түркі интеграциясының көшбасшысына айналған тұлға. Содан да болса керек, Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұсынысымен бауырлас мемлекеттердің басшылары Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің өмір бойғы Құрметті төрағасы мәртебесін берді» деп баяндады.

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түрік халықтарының жетістіктерін болашақ ұрпаққа жеткізу керек екендігін, сол тұрғыдан «Тарих жасаған тұлғa» кітабының құнды еңбек екендігін атап өтті.

Жиынның екінші бөлімі Қазақ елінің Түркі әлемімен байланыстары жөнінде, Қазақстан-Түркия мәдени, экономикалық, саяси, дипломатиялық қарым-қатынастары тілге тиек етіліп, ғалымдардың тұжырымдары тыңдалды. Отырыс басшылығы АНКАСАМ сараптама зерттеу орталығының бас кеңесшісі профессор Сенджер Имерге жүктеледі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев «Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Түркістанның даму кезеңі» атты баяндамасында, Түркістан қаласының Түркі әлемі үшін рухани маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, 19 маусым 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып, орталық қаласының Түркістан болатындығы туралы қаулының қабылданған күні екендігін айтты. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 170-ке жуық инвестициялық жобалар іске асырылуда, олардың ең ірісі Түркия Республикасының инвесторларының инвестицияларымен салынып жатқан әуежай екендігін атап өтті. Алдағы кезеңдерде Түркі әлемінің астанасы, рухани мекені, кіші Меккесі саналатын Түркістанда туризм саласының жаңа қарқынмен дамитынына сенім білдірді.

Түркі Кеңесінің құрушы бас хатшысы, елші Халил Акынжы «Түркі әлемі және Назарбаев» атты баяндамасында Елбасының Түркі Кеңесі құрылу кезеңіндегі еңбектеріне тоқталып, Елбасының тек Қазақстан үшін ғана емес Түркі әлемі үшін атақарған қызметтерінің маңыздылығына тоқталды.

Анкара Саясаттану Орталығының басшысы Хасан Канболат «Демократия кезеңі – 9 маусым - Президент сайлауы» атты баяндамасында, Қазақстанда өткен сайлаудың демократиялық талаптарға сай жоғары дәрежеде өткендігін мәлімдеді. Елде орын алған халық толқуының өзін «Демократияның көрінісі» ретінде бағалады.

СЕТА Сыртқы Саясат зерттеу орталығының директоры және «Insight Turkey» журналының редакторы профессор доктор Мухуддин Атаман «Жаңа кезеңде: Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары» атты баяндамасында Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластыққа негізделген қарым-қатынастың алдағы уақытта да күшейе түсетіндігіне сенім білдірді.

Жиын соңында қатысушылар кітап тұсаукесер салтанатына қатысты және баяндамашыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Соңғы жаңалықтар