ЖУРНАЛИСТЕР ТЕННИС ОЙНАДЫ

БАҚ өкілдері арасында теннистен республикалық турнир өтті. Аталған спорттық бәсеке «TÚRKISTAN» халықаралық саяси апталығының 25 жылдық мерейтойына, алда келе жатқан журналистердің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған.

ЖУРНАЛИСТЕР ТЕННИС ОЙНАДЫ
ашық дереккөзі

Қолына қалам ұстап, халық пен билік арасындағы алтын көпір болған тілшілер қауымы теннис ракеткасымен де өрнекті ойын өткізе алатынын дәлелдеді. Турнирдің бас жүлдесін Жезқазғаннан арнайы келген «Сарыарқа» аймақтық газетінің фототілшісі Ғалия Әбдіғаппарова иеленді.

«Үстел теннисіне жаным құмар. Қолым қалт ете қалса ракеткамды алып, шар соққанды жақсы көремін. «TÚRKISTAN» басылымы турнир өткізгелі жатыр» деген хабарландыруды көріп, Алматыға асықтық. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Журналистер арасында бұл спорт түрімен машықтанған жандар баршылық екен. Осындай шаралар жиі болып тұрса дейміз. Ұйымдастырушыларға көп рахмет», – деді Ғ.Әбдіғаппарова. «TÚRKISTAN» халықаралық саяси апталығының бас редакторы Қуат Әуесбай бұл шараның өзіндік мәні бар дейді.

«Қалтай Мұхамеджанов негізін қалаған басылымның ерекшелігін көзі қарақты оқырман біледі. Сондықтан біздің ұжым өткізетін шаралар да ерекше болу керек. Ширек ғасырлық мерейтой қарсаңында концерт пен түрлі жиындар өткізуге болушы еді. Бірақ әріптестердің басын қосып, спорттық жарыстар өткізуді жөн деп таптық. Бұл үрдіс болашақта «TÚRKISTAN»-ға тән ерекшелік ретінде көпке үлгі болады деп ойлаймын», – дейді басылым басшысы.

Отызға жуық БАҚ өкілдерінің басын қосқан шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Үстел теннис федерациясы мен жеке кәсіпкерлер демеуші болды. Қатысушылар ішінде Талдықорған қаласының журналистері айшықты өнер көрсетті.

Атап айтсақ, «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев екінші орын, «Огни Алатау» басылымының өкілі Асхат Алтынбеков үшінші орынды қанжығалап қайтты.

«Талдықорғаннан Алматыға келген негізгі мақсат – әріптестермен қауышып, емен-жарқын әңгімелесу болатын. Оның үдесінен шықтық. Жүлделі де болдық. Қуаныштымын. «TÚRKISTAN» түркі жұртына ортақ танымал басылым. Студент кезімізде іздеп жүріп оқыдық. Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар мектеп десек болады. Ширек ғасырлық мерейтой құтты болсын», – деді А. Алтынбеков.

Тағы бір үшінші орынды «TÚRKISTAN» газетінің 2016 жылға дейінгі қызметкері Есенкүл Кәпқызы иеленді. Онан өзге министрлік тағайындаған арнайы жүлдемен журналист Ақниет Оспанбай, Жандос Айтбайұлы, Есенқұл Тоқтағұл марапатталды.

«TÚRKISTAN» бұған дейін боулинг спорт түрінен журналистер арасында турнир өткізген-ді.