Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. Семей полигонын жабудың айтылмай жүрген ақиқаты

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. Семей полигонын жабудың айтылмай жүрген ақиқаты

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. Семей полигонын жабудың айтылмай жүрген ақиқаты
ашық дереккөзі

«Маршалдың бұйрығы – бір басқа, халықтың талабы – бір басқа»

«Семей полигонын әлемге әйгілі ақиық ақын Олжас Сүлейменовтің «Невада-Семей» қозғалысы жапты» деген біржақты пікір ара-тұра уралап айтылып жүр. Оны ақынның не өзі бастайды, не оны ақ тер, көк тер болып шашбаулағыштар бастайды. Соған куә болған сайын: «Шіркін-ау, бұлар өздері білетін даусыз шындықтан неге шошиды», – деп еріксіз таңданамын.

«Даусыз шындық» деп отырғаным – зұлмат полигонды жабу күресін бірінші рет ресми бастаған да, 40 жыл бойы қасірет тартқан семейліктерге материалдық көмек жасау мәселесін қаузаған да азаматтың – Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың «Қайнар қасіреті», «Семей полигоны», «29-тамыз» деген кітаптарының, полигон туралы жазылған ондаған мақаланың жұртшылыққа өмір шындығын баяндап бергені. Бірақ шашбаушы мырзалар білетінін «білемін» деуден, оқығанын «оқыдым» деуден аулақ. Оның тағы бір мысалы Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде О. Сүлейменовпен өткізілген кездесуден көрінді. Полигонға қарсы алғаш күрескен де, жапқан да Олжас Сүлейменов екен. Бұл сыңаржақтыққа жастарды жем ете бермеуді ниет етіп, өз сөзімді көбейтпей, К. Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабынан, басқалардан үзінді ұсынып отырмын:

«Өте құпия. 1-данасы. Мәскеу, Кремль, СОКП ОК Бас хатшысы М. С. ГОРБАЧЕВ жолдасқа

Қазақстан Компартиясының Семей облыстық комитеті СОКП Орталық Комитетіне мынаны мәлімдейді: 340 мың халқы бар Семей қаласы аймағында 1949 жылдан бері ядролық сынаулар жүргізіліп келеді. Әуелі әуеде, ал 1963 жылдан бастап – жер астында... Арада өткен 40 жылда жағдай өзгерді: халықтың саны үш есе өсті, мал көбейді, бірақ бұл ескерілер емес. Полигонның маңы елді мекен екені де ескерілмеген. Жылына 14-18 жарылыс жасалады. Бұл ғимараттар мен инженерлік тораптарға кері әсер етуде, өйткені жердің сейсмикалық жағдайына назар аударылмаған. Поселкелер мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге арнап салынған құдықтар істен шығып жатыр. 25 жыл бойғы жерасты жарылыстардың салдарынан жер қыртысы бұзылды. Әрбір үшінші сынауда радиоактивті газдың ауаға шығып, айналаға тарайтыны анықталды. 1987 жылы Семейді басып өткен газ легі сағатына 350-450 микрорентген болды. Биылғы 12 ақпанда полигоннан тысқары жерлерде радиоактивтілік сағатына 4000 микрорентгентке жетіп, желдің бағыты бұрынғысынан кенет өзгеруі салдарынан Семей-21, Шаған, басқа да елді мекендерге тарады...

Ядролық сынаулар, әлбетте, жұртшылықтың ой-пікірін шиеленістіріп, мінез-құлқына әрқилы кері әсер етуде, олардың денсаулығында пайда болған ақау полигонның зардабы екені анық.

Облыстық партия комитеті халық арасында түсінік жұмыстар жүргізуде.

Партияның облыстық комитеті бұл жағдайға алаңдап, СОКП Орталық Комитетінен тиісті министрліктер мен мекемелерге жарылыстарды уақытша тоқтату, одан арыда ядролық сынауларды қолайлы жерге көшіру жөнінде тапсырма беруді өтінеді.

 К. БОЗТАЕВ,  Қазақстан Компартиясы  Семей облыстық комитетінің  бірінші хатшысы. 02. 1989 ж.».

«Менің жеделхатым қырық жыл бойы ядролық сынаулардың жемтігі болып жатқан Қазақстаннан Кремльге Семей полигонын жабуды талап етіп жеткен тұңғыш ресми құжат болды... Ол қалжыраған қаралы даланың қарғыс дауысы еді... Мен тәуекел еттім... Қайда апаратын жолға түсерімді білдім. Мемлекеттік сұрапыл құрылымға қарсы тұрудың тәуекелі тылсым болатын, тайғақ та қауіпті жол менің құрдымға құлап түсуіммен бітуі әбден мүмкін. Алайда мен ақиқатқа, бастар күресімнің дұрыстығына сендім. Мынау жерім, мұндағы халық үшін жанымды шүберекке түйдім... Партиялық ереже-талап бойынша жеделхат жіберетінімді ҚКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Г. В. Колбинге мәлімдеуім керек, бірақ оған сенбедім, ол жолымды кесіп тастайды. Ары-бері ойланып, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевқа телефон шалып, шынымды, тәуекелімді айттым. Ол сәл-пәл ойланды да: «Бастасаң баста, біз қолдайтын боламыз» деді...» («Семей полигоны». 1992 ж.).

Ал Кешірім бір жеделхатпен шектелген жоқ-ты. Ертеңінде КСРО-ның Бас министрі Н. Рыжковқа, Жоғарғы Кеңес төрағасы А. Лукьяновқа, Бейбітшілікті қорғау советтік комитетінің төрағасы Г. Боровикке, КСРО Жоғарғы кеңесінің халық депутаттары З. Пуховаға (Жоғарғы Кеңестің Денсаулық сақтау жөніндегі комитетіне) және О. Сүлейменовке хат жіберген. Сол хат бойынша Сүлейменов ақпанның 24-і күні Жоғарғы Кеңеске депутаттық сауал жолдапты («Безъядерный век». Материалы международной научно-практической конференции, г. Семипалатинск, 11 июля 2003 г.).

Ақынды К. Бозтаевтың хаты қозғалтқан болды ма?!

Арада апта өтіп, ақпанның 28-і күні Семейге кремльдік комиссия жетті (КСРО Министрлер Советі төрағасының орынбасары, Әскери-өнеркәсіп кешенінің бастығы И. Белоусов бастаған). Комиссия Кешірімге шүйлікті, соған наразы болған, намысы қамшылаған К.Бозтаев сол күні М. Горбачевқа екінші жеделхат жолдап, комиссияның халықтың емес, әскери кешеннің мүддесін қорғауға кіріскенін, өйтуге жол беруге болмайтынын анық айтып, халықтың 40 жыл бойғы тауқыметінің материалдық өтеуін қайтаруды қосымша талап етті.

Ескерте отырайын: меніңше, «Невада-Семей» қозғалысының 1989 жылы 28 ақпанда таңертең «Қазақстан жазушылары ғимаратында» одақ басқармасының 1-хатшысы О.Сүлейменовтің басшылығымен өткен жиында құрылғаны жайдан-жай болған шара емес. Кремль комиссиясының Семейге сол күні бет алатыны белгілі болды, бар мәселені ондаған обкомның бірінің басшысы – К. Бозтаевтың жеделхаты бойынша емес, республикалық деңгейдегі бір қоғамдық ұйымның талабымен шешу және оны Қазақстанға танымал адамға басқарту абыройлы болары пайымдалды (кейінде мәлім болғанындай, КСРО үкіметінде полигонды ұстап тұрар қаржы да қалмапты).

Комиссия К.Бозтаевты, оның командасын ықтыра алмай қайтты. Одан кейін КСРО мен Қазақстан басшылығы деңгейінде жүргізілген келісім нәтижесінде Семей полигонында сынау шектелді. Ол «Невада-Семей» қозғалысының «жоспарлы 18 жарылыстың 11-ін тоқтатқаны» емес-ті. Ал КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені сынауды қайтадан ұлғайтуға М. Горбачевты көндіруге кіріскенде, оны естіген К.Бозтаев сол жылғы мамыр айының 8-і күні М.Горбачевқа үшінші жеделхат жолдап, былай деді (орысша түпнұсқасы): «...Мне стало известно о том, что военно-промышленный комплекс намерен, теперь уже Указом Президента СССР, добиться продолжения ядерных взрывов на Семипалатинском полигоне. Если действительно произойдет так, то это будет тяжелейшим ударом для народа нашего региона... В это сложное время я обращаюсь к Вам от имени народов нашего региона с призывом оградить их от произвола соответствующих ведомоств», – («ХХ1-безядерный век! Устойчивое развитие Семипалатинского региона». Сборник. 2003 г.).

Енді Олжастың Семей сапарына назар аударалық.

«Алматыда дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, О. Сүлейменовті Семей облысынан депу­тат­тыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты». Ол тілек­тер, әрине, қабыл болды. Олжас КСРО халық депутаттығына сайланды.

Сол жақсылықтың ақыры қандай болғанын оқылық:

“...Полигонды жаптыру күресімнің бас­талуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: – Бардым, көрдім, жеңдім! – деп шыға келді... «Бұл кімнің еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше кең насихатталды. Өздерін өздері дәріптеу сияқты біржақтылық өршіді... Жиі-жиі жиын жасау, жалаң ұрандау әдетке айналдырылды...» («Семей полигоны»).

Сірә, қозғалыс мүшелеріне осы шындық сөз ұнамай қалса керек. Кешірім тіріде амалсыз шыдаған олар кейін марқұмның (К.Бозтаев 1999 жылы қайтыс болды) еңбегін мансұқтай бастады. Полигон туралы үлкенді-кішілі жиындарда, мақала-сұхбаттарда, радиохабарларда, телефильмдерде оның аты-жөні аталмайтын болды. Оның есесіне – «Олжас Сүлейменов!». Ал мен олар әруақтан аттап кеткен сайын ақиқатты алдарына қайталап тосып, мақала жазуға кірістім. 1973 жылдан таныс, Жазушылар одағы ұжымында 10 жыл қызметтес болған, әй-шәй деспеген Олжаспен ренжісуімнің бір ғана себебі – оның К. Бозтаевтың әруағынан аттап кеткенін кешірмегенім.

Кешірімнің жасы 60-қа толғанда (1993 жылы) Президент Н. Назарбаев былай деп құттықтау жолдаған-ды (үзінді): “Сіздің Семей ядролық полигонын жабудағы, атомдық сынаудан зардап шеккен жұртқа әлеуметтік қамқорлық жасау мәселесін шешкізудегі еңбегіңізге баға жетпейді”. Ал О. Сүлейменов былайша құттықтаған (үзінді): «В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера.

...В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо!».

Осылай деген ақын кейін, 2005 жылы («Казахстанская правда» газеті): «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели», деп гөй-гөйлеп шыға келді!

«Невада-Семей» қоғалысының полигонды жабуға көп күш жұмсағаны рас. К. Бозтаев жазғандай, жиын-жиналысы, ұрандауы көп болды, сөз бен мақала жетіп артылып жатты. Делегациялары шет елдерге де барып, олардың да көше-алаңдарында жиын-жиналысты қыздырып бақты. Дұрыс. Жақсы. Тек бір «әттеңі» – Кешірім Бозтаев туралы, полигонды жабу күресінде айтарлықтай күш-қимыл жасаған «Азат» қоғамдық қозғалысы жайында (М. Есенәлиев, Б. Дәрімбетов бастаған) ләм демеді. Сондай-ақ, бұл қозғалыс ядролы елдерде не бір полигонның жабылуына, не сынаулардың азайтылуына қол жеткізе алмады. Сол тұста баспасөзде айтылғандай, АҚШ «Невада-Семей» қозғалысының делегациясын «Невада» сынау алаңына жолатпай қойыпты.

Енді бір жәйт: атом-ядролық сынаулардың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дүниеге келген жерде жасалғанын алғаш айтып ашынған адам мемлекет және қоғам қайраткері, сан елге, сан жұртқа белгілі қаламгер Әнуар Әлімжанов еді. Ол айтарын көшеде, алаңда ұрандап, аттандап жүріп емес, халықаралық конференциялардың мінберлеріне шығып тұрып айтты. Екі мысал келтірейін:

Біріншісі (Семей қаласында 1989 жылғы 17 шілдеде полигонды жабу, қала және облыс халқының денсаулығын жақсарту мәселелеріне арналған халықаралық конференциядағы сөзінен):

«...Бізде уақыт азғындатқан адамдар – тоңмойын кадрлар бар. Олар айналасына селқос қарайды, жоғарыдан берілген жоспарды, бұйрықты орындауды ғана біледі.

Әскери адамдарды мен де сыйлаймын. Десем де, жаңа алдымызда сөйлеген генерал-лейтенантқа қайран қалып тұрмын (ол генерал – полигон бастығы А. Ильенко, - Ғ. Қ.). Оның не дегенін бәріңіз де естідіңіздер. Сіз, генерал, халықтың алдына келдіңіз. Маршалдың бұйрығы – бірбасқа, халықтың талабы – бірбасқа. Халық полигонды жабуды, бұл жақтан әкетуді талап етіп отыр!..

Бүгінгі жиында көптеген баяндама жасалды, бірақ негізгі сұрақ әлі естілген жоқ. Ол не сұрақ? Ол: полигон орналасқан жер қабаттары мұқият тексерілді ме? Қырық жыл бойғы сынаудың зардабы қандай?..

...Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі қозғалыс тек бүгінгі, немесе сайлау алдандағы науқан емес. Оған жаңа жарнаманың қажеті шамалы. Бұл күрестің басында Альберт Эйнштейндей ұлы ғалымдар, Николай Тихонов пен Александр Корнейчуктей кеңестік көрнекті қоғам қайраткерлері тұрды. Бізден Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов шықты. Олар 1952-53 жылдары өз еңбектеріндегі, пікірлеріндегі «ұлтшылдық» үшін ғана емес, жеріміздегі ядролық қауіп туралы айтқан сөздері үшін де қуғындалды. Сәтбаев пен Әуезов Семей өңіріндегі атом-ядролық сынауларға қарсы ойларын Мәскеу университетіндегі кездесулерде, жазушылармен жүздескенде, Алматыда ғалымдар алдында сөйлегендерінде айтып жүрді. Ал біз соны естен шығардық, бәрін бір өзіміз бастағандаймыз. Біз – басталған әңгімені жалғастырушы ғанамыз. Атом бомбасы алғаш жарылған күндері дүниеге келген ұрпақ мұны білгей, күресті шарықтау шегіне жеткізгей! Мына жиынның мақсаты сол, басқаша болуы мүмкін емес!..

...Әлбетте, ядролық жарылыстарға қарсы күрес толастамауға тиіс десек, күресті нығайтуға тиіс қор ұйымдастыру, оның есеп-шотын ашу да дұрыс, тек ол қорға жиналатын ақшаны жұмсаудың жоспарын алдан ала жасау керек. Таза мақсатқа жиналған қаржы таза қолда болуға тиіс! Керісінше болса, денсаулығынан айрылған халықтың, бәрінен жұрдай болған халықтың енді қалтасын қағу адамгершілікке мүлде жатпайды! Мемлекет өз алдына, сан-сапалақ құрылымдар қорға қол жая бастады. Штат ашуға, жарнама жасауға қажет деседі. Өйтпес бұрын ойлан, сен ең алдымен патриот емессің бе? Олай болса, егер ел үшін, адамгершілік мұраттар үшін күреске шықтың екен, онда арамдыққа жол берме!»

Екіншісі (Англияның Қауымдар пала­тасында 1990-жылғы 11-қарашада сөйлеген сөзінен):

«...Мен – қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті де киелі жер. Орыс Лев Толстойдың Ясная Полянасы, шотланд Роберт Бернстің, ағылшын Байронның кіндік қаны тамған өлкесіндей. Байронның өлеңдері өткен ғасырдың соңында бүкіл Азия көлемінде тұңғыш рет сол өңірде, 460 жарылыс болған жерде қазақ тілінде оқылды. Байрон мен Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне қазақтың ұлттық мәдениетінің алып тұлғасы ұлы Абай ақынымыз аударды. Абай кейін 460 дүмпу болған сол өңірде туып-өсіп, сонда көз жұмды. Біздің атақты жазушымыз, романдары, хикаялары мен әңгімелері ағылшын оқырманына әбден мәлім Мұхтар Әуезов те – сол өңірдің түлегі. Әлемге әйгілі геологымыз Қаныш Сәтбаев Семей қаласында оқып, білім алды. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский мен қазақтың ғұламасы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ғажап достығы сонда басталды...

Кереғарлықсыз өмір бар ма, өкінішке қарай, толстойшыл атақты ақынымыз Шәкәрім Шыңғыс тауының Дегелең, Абыралы бетінде НКВД қарақшысының қолынан қаза тапты. Оны атып өлтірді. Шәкәрімнің бар-жоқ кінәсі хат жазысып тұрған ұстазы Лев Толстойша қиянатсыз өмірді аңсады, қара күштің қорлық-зорлығына қарсы тұрды, халықты әділдікке, татулыққа, ауызбірлікке шақырды. Ол Қазан төңкерісінің тәтті ұрандарына сенді, қолдады, бірақ, қазақ ауылдарын қатыгездікпен коллективтендіру басталғанда жаны түршігіп, әділдіктен түңіліп, тауға кетіп қалып, жападан-жалғыз тірлік етуге кірісті. Амал не, НКВД тіміскелеп тауып алды.

 Қымбатты достар, сіздердің назарларыңызды халқымның тарихында болған бұл жәйттерге аударып тұрған себебім: біз бүгін мұнда Кесапат атаулыны айыптауға жиналдық. Иә, Кесапатты! Ал ол сан түрлі. Атом жарылысы біздің Дегелеңде, немесе Абыралыда, немесе мұхиттардың аралдарында, Қытай шөлінде, не Муруроада жасала ма, бәрібір, ол менің тауқыметті көп тартқан халқымның жүрегін сығымдайды. Себебі: жарылыстың маңайдағы бүкіл тіршілікке қауіп-қатер екенін біледі, басынан кешті. 460 жарылыстың әрқайсысы біздің жеріміз бен суымызды улады, адамдарымызды қасіретке ұшыратты, тіпті ана құрсағындағы нәрестелерді мүгедек қылды. 460 жарылыстың әрқайсысы менің халқымның мәдени бесігінде, аяулы өңірінде оның келісімінсіз жасалып, намысын аяқасты етті...

 Мұншама ашынып сөйлеп, көрген жәбірімізді алдарыңызға жайып салып тұрғанда көкейіме мына сұрақтар оралды:

 Осыншама зұлмат-сұмдық Ресейде, Лев Толстойдың отанында, оның Ясная Полянасында болуы мүмкін бе? Шекспир, немесе Диккенс, Бернс, немесе Байрон туып-өскен жерлерде ше? Бұл сұраққа өзім жауап берейін: Жоқ! Мүмкін емес! Ал қазақ мәдениетінің бесігі болған жерде жарылыс жасау – жиырмасыншы ғасырда үш рет: 1904 - 1905-жылдарғы, 20-жылдарғы тауқыметке және отызыншы жылдарғы қасақана жасалған аштыққа ұшыратылған халықты ақыл-есінен тағы бір тандыру...

Мырзалар, мені дұрыс түсінгейсіздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түглен жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс. Сөз ыңғайына қарай айта тұрайын: әлгібір әзірде мен атаған жазушы Әуезов пен ғалым Сәтбаев радиация улаған сол жерлерде 50-жылдары бірнеше рет болды, жерлестерінің хал-ахуалын біліп, әңгіме-сөздерімен жұбатып бақты және, әрине, онымен тынбай, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірді. Олар сол үшін «ұлтшыл» деген жалған айыпқа ұшырап, қуғын көрді, ақырында қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болды...

Ақыл-ой жаппай оянып: «Тоқтаңдар!» деп жар салуға кірісті. Ажал себетін албасты қару-жарақты шығару жарысын дереу тоқтатуға шақыруда. Полигондарды жабуды, жаппай қырғынға ұшырататын қару атаулыны түгел жоюды талап етуде. Бүгін – Еске алу күні. Конвентридің өткен соғыста қиратылған ғибадатханасы алдына таң ата жиналған жұртшылыққа сөз арнаған Кентербери архиепископы осы талап жайында айтты. Бейбітшілікті жақтаушы көпшілікпен Лондонның Вестминстер аббаттығында, Трафальгар алаңындағы Нельсон бағанасы алдында болған кездесулерімізде де сөзіміз осы болды...

 Осы ғасырдың соңына дейін тек Ақыл-сана жолымен жүруге күш сала бірігейік! Тоталитарлық идеологияны лақтырып тастап, Берлин дуалын қиратқан, Батыс пен Шығысты табыстырған Уақыт, біздің назарымызды жалпыадамзаттық құндылықтарға бұрған, біздің жеріміз үшін, келер ұрпақтарымыз үшін ядролық қару-жарақсыз бейбіт өмір орнатуға мүмкіндік берген Уақыт бізден осыны талап етуде. Қазақ парламентінің өкілі ретінде өз атымнан ғана емес, атом жарылыстарынан шексіз зардап шегуші қазақ халқының атынан сіздерді бейбіт өмір үшін күш біріктіруге шақырамын! Чернобылін радиация күйдіріп-жандырған белорустар мен украиндардың, Жаңа жерді мекендеуші солтүстік жұртшылығының да айтар сөзі осы дей аламын.

 Ақылдылық – бірбеткейлік емес, Уақыттың қадір-қасиетін түсіне білу. Уақытты өткізіп алар болсақ, ұлыдержавалық абырой-беделімізден айрылып, атом күліне көміліп қаламыз.

 Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991-жылдың қаңтарында ядролық қару-жарақ мәселесін талқылайды, соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін Ақыл-сана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!».

Әнекең: «Мен бүйттім! Мен сүйттім!» деп кеуделемейтін қарапайым жаратылысты Азамат еді. Мына ой толғамдарының толық нұсқасы «Полигон жабылуға тиіс! – Полигон должен быть закрыть!», «Атом күліне көміліп қалмайық! – Чтоб не остаться под атомным пеплом!» деген тақырыптармен қазақ, орыс гәзет-журналдарында жарияланса да, кітаптарда шықса да, Семей полигоны туралы сөз қозғалған жерде ешкім оларды аузына алмайды. Әлде сауатты, талғампаз, әділетшіл оқырманымыз азайды, әлде «көрмес, – түйені де көрмеске» айналдық.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, Жазушы