УЕФА Ұлттар лигасы: Үздіктер бақ сынайды

УЕФА Ұлттар лигасы: Үздіктер бақ сынайды

УЕФА Ұлттар лигасы: Үздіктер бақ сынайды
ашық дереккөзі

Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңінде ойнайтын құрамалар анықталды. Аталмыш бәсекеде – Англия, Голландия, Швейцария және Португалия чемпиондық үшін таласады. Алдын-ала белгілі болғандай футболдан УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңі Португалияда өткізіледі. Ойындар Порту және Гимарайнш қалаларында болады. 5-9 маусым аралығында жоспарланға финалдық бәсекелер тартысты болғалы тұр. Төрт құраманың төртеуі де чемпиондық атақтан үмітті.

Жалпы бұл байрақты бәсеке өткен жылдан басталған. УЕФА құрамындағы 55 құрама төрт лигаға бөлініп, оның әрбіріне төрт топ кірді. Қазақстан құрамасы бұл тартысқа түсті. Д лигасының А тобында ойнаған отандастарымыз Латвия мен Андоррадан басым түсіп, Грузияға есе жіберді. Жалпы ойынға тоқталатын болсақ, А лигасында топ үздіктері атанған құрамалар финалдық кезеңге жолдама алды. А лигасының бірінші тобында Голландия  Франция мен Германияны артқа тастап кетті. Сарапшылар алдын ала Франция мен Германия суырылып шығуы мүмкін деп болжағанмен, Голландия құрамасы басымдық бермеді. Швейцария Бельгия мен Исландияны орта жолда қалдырды. Португалия үшінші топтың үздігі атанып,  Италия мен Польшаны артқа тастады. Төртінші топта Англия Испания мен Хорватияға дес берген жоқ.

Аталмыш құрамалар арасында Англия, Голландия мен Португалия толайым табыстарға қол жеткізген. Англия 1966 жылы әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, 1968 және 1996 жылдары Еуропа біріншілігінде қола жүлдегер атанған. Ал Португалия 2016 жылы Еуропа чемпионы болса, аталмыш біріншілікте бір мәрте күміс (2004), үш мәрте қола (1994, 2000, 2012) медальге қол созды. Ал Голландия құрамасы 1988 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алса, аталмыш бәсекеде төрт мәрте қола (1976, 1992, 2000, 2004) жүлдегер болды. Олар әлем чемпионатында үш мәрте күміс (1974, 1978, 2010), бір мәрте қола (2014) медаль алды. Ал Швейцария құрамасы әзірге мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Әлем және Еуропа біріншіліктерінде ширек және 1/8 финал сатысынан аса алмай жүр.

Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының финалдық кезеңі бүгін Порту қаласында Португалия мен Швейцария құрамалары арасындағы кездесумен басталады. 6 маусымда Гимарайнш қаласында жасыл алаң төрінде Голландия мен Англия құрамалары бақ сынайды. Портуда чемпион есімі белгілі болса, Гимарайншта қола жүлде табысталады. Болжам бойынша Англияның бәсі жоғары. Дегенмен өзге құрамалар да қарап қалмасы анық.