241
ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМА
ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМА
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы да еліміздің ауыл шаруашылығы саласында едәуір ілгерілеу байқалады. Өйткені бағдарлама қабылдануына байланысты үкімет отырысында Елбасымыз ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмаларды атап өткен болатын. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобаны іске асыруды тапсыра келіп, « Ең алдымен Үкімет әкімдер мен маслихаттармен бірлесе отырып, болашағы бар ауылдарды іріктеп алуы тиіс. Сол жерде әлеуметтік саланы дамытып, интернаттар салу қажет. Ауылдарды тұрақты даму ошақтарына айналдыруымыз керек. Осы орайда Қытай Халық республикасының тәжірибесіне сүйеніп, ауылда халық тұтынатын тауарларды шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және басқа да шараларды қолға алған жөн. Ондай ауылдарда баспана мен жолдарды салып, шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Ал болашағы жоқ елді мекендердің тұрғындары сол ауылдарға көшуге тырысады. Осыған байланысты Үкіметке «Ауыл– ел бесігі» деген арнайы жобаны іске асыруға қатысты ұсыныстарды әзірлеуге тапсырамын. 2019-2021 жылдары оған 90 миллиард теңге бөлу керек.Соның арқасында жастарды ауылда ұстеп қалуға мүмкіндік бар»,– деді Елбасы Н.Назарбаев.
Осындай тапсырмалармен жұмыс істей бастаған еліміздің әр өңірінде еңбектің нәтижесі де жаман емес. Үкімет тарапынан шағын несие беру аясы кеңейіп, өзін өзі жұмыспен қамтитындардың алпыс пайыздан астамы ауылдарда тұратындықтан, ауыл экономикасына да жан кіре бастағандай. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті әкімдер ауылшаруашылық жерлерді тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуді күн тәртібінен түсірмей, қадағалап отыруды басты назарында ұстап келеді. Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидияларды тоқтату және өнімділікті арттыруға баса назар аудару қажет екендігін бақылауда. Соның арқасында еліміздің мал шаруашылығындағы мал өнімдерін өңдеу мен сату ісіне жүргізілген талдауларға сүйенсек, балық, құс еті, шұжық, ірімшік, сүттен алынатын мау өнімдері жөнінде импорттың басым екені белгілі болады. Ал қой, сиыр, шошқа еті жөнінен де еліміз өзін өзі толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты қазіргіден де әлдеқайда арттыру мүмкіндігіне ие болса, өсімдік шаруашылығының өнімдері – макарон, өсімдік майы, көкөніс және жеміс-жидек консервілері жөнінде де импорт көлемі әлдеқайда жоғары. Оның ішінде қант импортының көлемі 97 пайызға жетіп отыр. Астық өнімдері – ұн және бірқатар өнімдер дайындап шығару да әлемдік деңгейде өз орнын толтырып келеді. Десек те, оған қанағаттанарлықпен қарап, тоқырап қалмаудың де жолдары қарастырылып жатқаны қуантады. Елбасымыздың тапсырмаларына байланысты еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасын» әзірлеу барысында ауыл кооперативтік қозғалысын дамыту мәселесі ерекше аталып өтті. Бұл мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының да басқосуында ел өңірлерін кеңінен қамтыған онлайн режімінде жүргізілді. Премьер-министрдің орынбасары– Ауыл шаурашалығы министрі А.Мырзахметов қатысқан бұл жиында агроөнеркәсіптік кешеннің қандай салалары мемлекеттік қолдауға ие болатындығы, алдағы бес жылда ел аграршылары мемлекеттік қолдаудың қандай шаралары күшін жоятындығы, сонымен қатар, ішкі рынокты отандық ауылшаруашылық өнімдері және азық-түлік түрлерімен толтыру мақсатында қандай жоспарлардың әзірленіп жатқандығы нақты айтылды.