Қазақстандық туристер Мысырдан толық қайтарылды

Қазақстандық туристер Мысырдан толық қайтарылды

Қазақстандық туристер Мысырдан толық қайтарылды
ашық дереккөзі

Египетке саяхаттап кеткен қазақстандық туристер елімізге дін аман оралды. 300-ге тарта отандасымыз мінген соңғы рейс түнде Алматы әуежайына қонды, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Қауіпті аймақтан шығарылған қазақстандықтарды туған-туыстары күтіп алды. Саяхатшылардың айтуынша, Мысыр Ресей ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қазір қауіпсіздік шарасы күшейткен. Тіпті туристерді демалыс орындарына әскерилер арнайы күзетпен апаратын көрінеді.Тіпті тәртіп сақшылары көшелерде күндіз-түні кезекшілікке тұрып, барлық жерлерге бақылау бекеттерін орнатқан. Шарм-әл-Шейх қаласынан аман оралған азаматтардан аса бір алаңдаушылық байқалмайды. Барлығы демалысты ойдағыдай өткізіп келгендеріне риза. Әйтсе де, ресейлік ұшақ апатқа ұшырағаннан кейін қала көшелерінің қаңырап, жағажайлардың жым-жырт болып қалғаны отандастарымызды  бейжай қалдырмаған. “Турист қалмады. Азайып жатыр. Украина, Польша келіп жатыр. Қалған елдердің бәрін тоқтатып жатыр”, – дейді Серік Әбдірахманов.

Светлана Литвинаның айтуынша, Мысырдағы демалысының әбден берекесі кеткен: “Шындығын айтсам, ұшаққа мінер сәтте біраз қобалжыдым. Демалыс деген аты болмаса, барлық жағдайға дайын жүрдік”, – дейді  турист.

 Ресейлік А321 ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін көптеген шетелдіктер бұл елге барудан бас тартып жатыр. Тіпті біздегі әуе компанияларының да Мысырға ұшуына уақытша тыйым салынды. Мұндай қадамға  тағы бірқатар мемлекеттер де баруға мәжбүр. Сондықтан қазір Египетке ағылып жататын туристер тасқыны саябырлап тұр.