Ақышев: жинақты теңгемен сақтаудың тиімділігін арттырамыз

Ақышев: жинақты теңгемен сақтаудың тиімділігін арттырамыз

Ақышев: жинақты теңгемен сақтаудың тиімділігін арттырамыз
ашық дереккөзі

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев қазақстандықтарға жинақты теңгемен сақтауға кеңес берді.

Төрағаның айтуынша, Ұлттық банк Қазақстанның басты валютасы теңге екендігін қоғамға дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Ол ел ішіндегі ірі мәмілелермен қатар барлық баға құрылымдары теңгемен жүргізілуі қажеттігін ескертті: «Бұл тек қана мәмілелерге ғана емес, сонымен бірге баға құрылымдауға, баға көрсетулерге де қатысты. Біз Қазақстанда тұрамыз  және біздегі баға теңгемен болуы тиіс. Меніңше, бұл дұрыс құбылыс әрі бұған азаматтарымыз қарсы болады деп ойламаймын», – деді Д.Ақышев.

Ұлттық банк жинақты шетелдік валютадан гөрі теңгемен сақтаудың сенімді әрі тиімді екеніне ел азаматтарының көзін жеткізбек: “Біздің арсеналымызда болатын экономикалық ынталандыру тетіктерін біздер қолдануға дайынбыз. Яғни, шетелдік валютаға қарағанда  теңгемен сақтау тартымдылығын арттыратын тетіктер бар.  Біз бұл тетіктерді ілгерілетуге, күшейтуге және мүмкіншілігінше оны жақын арада жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Мұнымен қоса, Данияр Ақышев еліміздегі жеке валюта айырбастау пункттері жабылуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. «Бұл нарықтағы делдалдардың, айырбас пункттердің  қызметін шектеу бойынша әкімшілік шараларға қатысты айтарым, меніңше, қазіргі уақытта біздер қандай да бір түбегейлі іс-қимылға  дайынбыз деп ойламаймын. Олар қоғамның да, бизнестің де тарапынан қабылданбайды. Меніңше, олар Ұлттық банкке тұрақтылыққа қол жеткізуге көмектесе алмайды», – деді төраға. Ол наты қандай шаралардың қолға алынатыны нарық қатысушыларымен ақылдаса отырып шешілетінін жеткізді.