10 Мамыр, 12:58 649 0 Қауіпсіздік Ахмет ӨМІРЗАҚ

СОҒЫС ТУДЫРАТЫН ҚИЫНДЫҚ – БҮЛІНУ, ҚИРАУ, ЖОҒАЛТУ

Адамзат тарихындағы ең шулы оқиғалар соғысқа байланысты. Сәл нәрсенің сылтауынан басталып кететін соғыс өрті оңайлықпен сөне қоймайды. Себебі әділдіктің сөзін сөйлегенсіп, өздеріне керек «шындықты» даулаған зұлымдықтар соғысты тоқтатудан гөрі, өршітуге мүдделі.

Алты жылға созылған алапат соғыс

Адамзат тарихында Екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен таңбаланған соғыс 1939 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталды. Бұл соғыс – әлемдік екі әскери-саяси коалицияның арасындағы қарулы қақтығыс еді. Өріс алуы жағынан бұрын-соңды болмаған үлкен көлемдегі бұл соғысқа сол кездегі әлемнің 73 елінің 62-сі қатысып, жер шары халқының 80 пайызы зардап шеккен-ді. Әскери іс қимылдар Еуропа, Азия, Африка құрылығында, теңіздерде, мұхиттарда жүрді. Сонымен бірге, ядролық қару қолдану да осы соғыстың еншісіне тиді...

1938 жылдың 29-30 қыркүйек күндері Германияның Мюнхен қаласында Чехословакия жерін бөліп алу жөнінде жасалған Мюнхен келісімі болашақ соғыстың алғышарты болды. Өзге мемлекеттің тұтастығын бұзып, оны бөлшектеп алу жөніндегі бұл келісімге қол қойғандар – Англия премьер-министрі Н.Чемберлен, Франция премьер-министрі Э.Даладье және Германия мен Италияның басшылар А.Гитлер және Б.Муссолини қол қойды. Аталған келісімге орай Англия және Франция Гитлердің Батыс Еуропаға шабуыл жасаудан бас тартқаны үшін Чехословакияның 30 пайыздай жерін алып жатқан және немістер көп тұратын Судет аймағын Германияға қосуға келісті. Және бұл келісім негізінде Чехословакиямен аумақтық мәселеде дауы бар Польша мен Венгрия да өздеріне тиесілі деп санайтын аймақтарды иеленді. Солайша, аталған келісім Германияның Чехословакияны түгел жаулап алуына жеткізді.

Германия мұнымен де тұрмай, енді Польшаға ауыз салуға сылтау іздеді. Сөйтіп, тарихта Гляйвице оқиғасы деген атпен қалған арандату әрекетін жасады. «Консервы» операциясы деп аталған бұл арандату бойынша Польшаның Гляйвице қаласындағы неміс радиостанциясына шабуыл жасалуы тиіс болатын. Операция 1939 жылдың 31 тамызы күні кешкі сағат 20.00-де басталды. Радиостанцияға басып кірген поляк әскерилерінің киімін кигендер бейберекет оқ жаудырып, радиостанция қызметкерлерінің аяқ-қолын байлап, ғимараттың жертөлесіне тастады. Одан басып кіргендер радиостанцияның микрофонын тауып алып, поляк тілінде халықты немістерге қарсы көтерілуге шақырып, сөз сөйледі. Олар кетіп бара жатқанда жерде поляк әскерилері киімін кигендердің мәйіті жатты. Бұл радиостанцияға шабуыл жасаған поляктар екенін дәлелдейтін нәрсе еді.

Келесі күні неміс халқына арнап сөйлеген сөзінде Гитлер Польшаның Германия аймағына шабуыл жасағанын, осыдан бастап соғыс екі ел арасында соғыс басталғалы тұрғанын айтты. Ал рейхстагтағы мәлімдемесінде Гитлер Польшамен шекарада 14 жерде қақтығыс болғанын баяндады. Осының ертесіне 1939 жылдың 1 қыркүйегінде, таңғы сағат 5-тен 30 минут өткенде гитлерлік Германия ешқандай алдын ала талап-тілексіз, соғыс жарияламастан Польшаға шабуыл жасады. Арадан 10 минут өткенде Адольф Гитлер радиодан сөйлеп, өз әскерлеріне жасаған үндеуінде Польша үкіметі екі ел арасындағы дауларды бейбіт түрде шешуден бас тартқаны, сол үшін қарулы күш қолдануға мәжбүр болғанын айтты. Бір мезгілде вермахт қарулы күштері Польшаға шығыс Пруссия, Померания, Познан және Словакия жағынан шекараны бұзып өтіп, герман авиациясы елдің ірі қалаларын бар күшімен бомбалады. Осылайша екінші дүниежүзілік соғыс басталды.

Жалпы әлем тарихында ең көп зерттеліп, ең көп жазылған, ұзақтығы алты жылға созылған ІІ дүниежүзілік соғыс қимылдарының басты оқиғаларының хронологиясын қысқаша шолып өтсек төмендегіше болады:

1939 жылдың 3 қыркүйегінде Ұлыбритания мен Франция Германиямен соғыс басталғанын жариялады. Ол кезде Германиямен одақтас КСРО болса 1939 жылдың 16 қыркүйегінде өзінің батыс аймағындағы, Польшаның құрамына кіретін Белоруссия мен Украинаны өз бақылауына алатынын мәлімдеді.
1939 жылдың 6 қазанында поляк армиясы немістерге берілді, ал Гитлер ағылшындар мен француздарды бейбіт келісімге шақырды. Бірақ Германияның өз әскерлерін Польша аумағынан шығармағаны үшін олар келісімнен бас тартты.

1940 жылғы наурыз айында бес айға созылған КСРО-Финляндия соғысы алғашқысының жеңісімен аяқталып, екі ел ортасында бейбіт келісім жасалды.

1940 жылы сәуір-мамыр айларында Германия Дания, Норвегия, Нидерландтарды, Люксембург пен Бельгияны басып алды.
Италия Францияның оңтүстігін оккупациялады, ел аумағының қалған бөлігі немістердің қолына өтіп, осының нәтижесінде неміс-француз келісімі жасалды.

1940 жылдың тамызында КСРО Литва, Латвия, Эстония, Бессарабия, солтүстік Буковинаны әскери іс-қимылсыз-ақ құрамына қосып алды.
1940 жылдың шілде-қазан айларындағы авиациялық соғыстың нәтижесінде британдықтар өз елін қорғай алды және және Германиямен бейбіт келісімге келмеді.

1940 жылдың маусымы мен 1941 жылдың сәуірі аралығында ағылшындар мен француз құтқару қозғалысы африканы азат ету үшін соғыс жүргізіп, бұл соғыста біріккен әскери күш жағы жеңіске жетті.
1941 жылдың наурызында Греция итальян басқыншыларын жеңді.
1941 жылдың сәуірінде немістер Югославияны басып алып, біріккен неміс-испан қарулы күші Грецияға шабуыл жасады.
1941 жылдың мамырында немістер Крит аралын оккупациялады.
1939-1941 жылдардағы соғыс нәтижесінде Жапония Қытайдың оңтүстік шығыс жағын басып алды.

Соғыс жылдарында қарама-қарсы екі одаққа қатысушылардың құрамы өзгерді, бірақ бастысы мыналар:
Антигитлерлік коалиция: Ұлы-британия, Франция, КСРО, АҚШ, Нидерландтар, Қытай, Греция, Норвегия, Бельгия, Дания, Бразилия, Мексика;
«Ось» елдері (нацистік блок): Германия, Италия, Япония, Венгрия, Болгария, Румыния.
Франция мен Англия Польшамен одақтас болғаны үшін соғысқа қосылды. Ал 1941 жылы Германия КСРО-ға, Жапония АҚШ-қа шабуыл жасап, соғысушы тараптардың күштік жағынан тепе-теңдігін өзгертті.

Міне осы кезден бастап алапат соғыстың екінші кезеңі басталды. Оның хронологиясы мынау:
22 маусым 1941жыл. Германия КСРО-ға басып кірді. КСРО үшін Отан соғысы басталды.
Маусым, 1941 жыл. Немістер Литваны, Эстонияны, Латвияны, Молдавияны, Белоруссияны, Украинаның бір бөлігін (Киевті ала алмады), Смоленскіні иеледі.
Ағылшын-француз әскерлері Ливанды, Сирияны, Эфиопияны азат етті.
Тамыз-қыркүйек, 1941 жыл. Ағылшын-Кеңес әскерлері Иранды оккупациялады.
Қазан, 1941 жыл. Қырым, Харьков, Донбасс, Таганрог қалалары үлкен шығынмен немістердің қолына өтті. Кеңес әскері тек Севастопольді ғана ұстап қалды.
Желтоқсан, 1941 жыл. Неміс әскері КСРО астанасы Мәскеу қаласы үшін болған соғыста жеңіліс тапты. Дәл сол айда Жапония АҚШ-тың Перл-Харбор атты әскери базасына шабуыл жасап, Гонконгты иеледі.
Қаңтар-мамыр, 1942 жыл. Жапония Оңтүстік Азияны басып алып, неміс-итальян біріккен күштері Ливияда ағылшындарға қысым жасады. Британ-африка күштері Мадагаскарды иеледі. Кеңес әскері Харьков түбінде жеңіліске ұшырады.
Маусым, 1942 жыл. Америкалық флоты Мидоу аралдары үшін шайқаста жапондықтарды тас-талқан қылды.
Шілде, 1942 жыл. Севастополь қолдан кетті. Сталинград шайқасы басталды (1943 жылдың ақпан айына дейін). Ростов жау қоластында қалды.
Тамыз-қазан, 1942 жыл. Британдықтар Мысырды, Ливияның бір бөлігін жау қолынан азат етті. Немістер Краснодарды басып алды, бірақ Кавказ бөктерінде, Новороссийсктен Кеңес әскерлерінен жеңілді. Ржев үшін шайқаста екі жақ та бір жеңіп, бір жеңіліп жатты.
Қараша, 1942 жыл. Британдықтар Тунистің батыс бөлігін, немістер шығыс бөлігін басып алды, Соғыс үшінші кезеңі (1942 жыл, қараша –1944 жыл маусым) басталды.
Қараша-желтоқсан, 1942 жыл. Ржев үшін екінші шайқаста кеңестік әскерлер көп жоғалтуға ұшырады.
Тамыз, 1942 – ақпан 1943 жылдар арасында өткен Гуадалканал шайқасында америкалықтар жапондықтарды жеңді.
Ақпан, 1943 жыл. КСРО әскері Сталинград шайқасында жеңіске жетті.
Ақпан-мамыр, 1943 жыл. Ағылшындар Тунистегі соғыста неміс-итальян әскерлерінің күл-талқанын шығарды.
Маусым-тамыз, 1943 жыл. Немістер Курс соғысында жеңіліске ұшырады. Одақтастар әскері Сицилияда жеңісін тойлады. Ағылшын, американ авиациясы Германияны бомбалады.
Қараша,1943 жыл. Кеңес әскері жапондық Тарава аралын иеледі.
Тамыз-желтоқсан, 1943 жыл. Кеңес әскері Днепр жағасында көптеген жеңістерге жетті. Украина солтүстік жағы азат етілді.
Қыркүйек, 1943 – маусым 1944 жж. Ағылшын-американ армиясы Италияның оңтүстігін иелеп, Римді жаудан тазартты.
Желтоқсан 1943 жыл сәуір – 1944 жыл. Немістер Украинаның оң жақ бөлігін тастап шықты.
Сәуір-мамыр, 1944 жыл. Қырым азат етілді.
Маусым, 1944 жыл. Нормандиядағы одақтас күштер тоғысты. Соғыстың төртінші кезеңінің басы (маусым, 1944 – мамыр, 1945). Америкалықтар Мариана аралдарын басып алды.
Маусым – тамыз, 1944 жыл. Одақтастар әскерлері Белоруссияны, Францияның оңтүстігін, Парижді жау қолынан азат етті.
Тамыз-қыркүйек, 1944 жыл. Кеңес әскерлері Финляндияны, Румынияны, Болгарияны басқыншылардан құтқарды.
Қазан, 1944 жыл. Лейт аралындағы соғыста жапондар америкалықтардан жеңілді.
Қыркүйек, қараша 1944 жыл. Балтық бойы, Бельгияның бір бөлігі құтақарылды. Германияны қайта бомбалау басталды.
Қараша, 1944 жыл ақпан – 1945 жж. Францияның солтүстік-шығысы азат етілді. Германияның батыс шекарасы бұзылды. Кеңес әскерлері Венгрияны азат етті.
Ақпан-наурыз, 1945 жыл. Қарсы жақ батыс Германияны басып алды, Рейнді өту басталды. Совет армиясы Польшаның солтүстігіндегі Шығыс Пруссияны босатты.
Сәуір, 1945 жыл. КСРО Берлинге шабуыл жасады. Англо-канада-америка әскерлері Рукр аймағында немістерді жеңіп, Кеңес әскерімен Эльбада кездесті. Италияның соңғы қорғанысы құлады.
Мамыр, 1945 жыл. Одақтас күштер Германияның солтүстігі мен оңтүстігін басып алды, Данияны, Австрияны азат етті. Америкалықтар Альпі арқылы өтіп, солтүстік Италиядағы одақтастарға қосылды.
9 мамыр, 1945 жыл. Германия берілді.
15 мамыр, 1945 жыл. Югославияның азат ету күштері Словенияның солтүстігіндегі неміс армиясының қалдықтарын жойды.
Мамыр-қыркүйек, 1945 жыл. Соғыстың бесінші – шешуші кезеңі.
Маусым 1945 жыл. Индонезия, Үндіқытай аралы Жапония әскерлерінен құтқарылды.
Тамыз-қыркүйек, 1945 жыл. Кеңес-жапон соғысы: Жапонияның Квантугун армиясы қирады. 6, 9 тамыз: АҚШ Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастады.
02 қыркүйек, 1945 жыл. Жапония берілді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.

Әлемді шарпыған соғыстың әсері

Сонымен алты жыл, бір күнге созылған соғыс та аяқталды. Алайда оның салдарының адамзат үшін орасан зор зардабы болды. Соғыс жалын әлемнің 62 елін шарпып, 71 миллионнан аса адамның өмірін жалмады. Ондаған мың елді мекендері түгі қалмай қирады.

Әділетсіз соғыста Германия мен оның одақтастары жеңіліс тауып, елдердің басып алынуы және нацистік режимнің таралуы тоқтатылды. Әлемдік көшбасшылар өзгеріп, КСРО және АҚШ мемлекеттері ең ірі державаларға айналды, Ұлыбритания мен Франция бұрынғы күшінен айырылды. Мемлекеттердің шекаралары өзгеріп, жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Германия мен Жапонияда әскери қылмыскерлер сотталды.
Біріккен Ұлттар ұйымы (БҰҰ) құрылды (24 қазан,1945 жылы). Жеңімпаз елдердің әскери қуаты артты.

Тарихшылар герман фашизміне қарсы күресте қарулы қарсылық көрсетіп, жеңіске жеткен КСРО-ға америкалық әскери техникалардың және Англия мен францияның әскери әуе күштерінің көп көмегі болды деп есептейді. Қалай дегенде де, әлем елдерінің фашизмге қарсы бірлесе күресуі – ортақ дұшпанды күйретуді тездеткені анық.

II Дүниежүзілік соғыстағы мемлекеттер шығыны (млрд есебімен)

Соғыста ең бірінші көзге түсетін нәрсе – адам шығыны. Ал ол жоғалтудың нақты саны әр кезде әр түрлі айтылып, нақты бір санға тоқталуға біраз уақыт кеткені бар. Мәселен, 1946 жылы «Больщевик» журналында КСРО 7 миллион адамынан айырылғанын жазды және ол сол кездегі КСРО басшысы И.В. Сталиннің баяндамасында да айтылды.

Ал 1961 жылы Н.С. Хрущев Швецияның премьер-министріне жолдаған хатында өз елінің соғыста 20 миллион адамынан айырылғанын жазған. Оны 1965 жылы жеңістің 20 жылдығы тұсында КСРО басшысы Л.И. Брежнев те растаған болатын.

1988-1993 жылдары генерал-полковник Г.Ф. Кривошеев басқарған әскери тарихшылар ұжымы мемлекеттік органдардағы архив мәліметтерін пайдалана отырып, соғыста КСРО-ның жоғалтқан адамы 8 668 400 деп көрсетті. Бірақ ол тарихшылар тарапынан сынға ұшыраған еді.
1989 жылдың наурызында КОКП Орталық комитетінің тапсырмасы бойынша құрылған мемлекеттік комиссия Отан соғысы жылдарындағы адам шығынын зерттеп, қаза тапқандар санын 26,6 млн адам деп жариялады.
2017 жылдың 14 ақпанында Ресей парламент тыңдауында КСРО Госпланының құпияландырылған мәліметтері көрсетуі бойынша, Кеңестер Одағы соғыста 41 миллион 979 мыңнан аса адамынан айырылғаны мәлімделді.

Қалай болса да, екінші дүниежүзілік соғыста соншама адамның ажал құшуы – бұрын соңды болмаған өте үлкен жоғалту. Соғыста 600 мыңнан аса қазақстандық қаза тапты. Жарты миллионнан аса қазақ ұлт өкілі қатысып, оның 70 пайызы қайтып оралмаған. Биылғы жылдың 1 мамырына дейінгі есеп бойынша елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1425 адам ғана қалыпты.

Әлемдегі ірі он соғыстың қысқаша мәліметтері

Адамзат тарихы, көп жағдайда, соғыс тарихы секілді көрінеді. Оны тарих ғылымынан хабары бар адамның бәрі біледі. Швейцариялық зерттеуші Жан-Жак Бабельдің айтуынша, күллі адамзат тарихында, яғни, біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдан біздің дәуірімізге дейін адам баласы, бар болғаны 292 жыл ғана тыныш өмір сүріпті. Қалғанының бәрі соғыспен өткен.

Осы орайда, әлемдегі ең көлемді он соғысты алып, ондағы адам шығынын есептер болсақ (аздан көпке қарай), мынадай көрініс береді екен:
Наполеон соғысы. 1799 – 1815 жылдар. Он алты жылдай уақыт Франция патшасы Наполеон Бонапарттың бірнеше елмен жүргізген соғысында 3,5 милллион адамның өмірі қиылған екен. Ал көптеген тарихшылар бұл санды екі есеге дейін көтеріп көрсетеді.

Ресейдегі азамат соғысы. 1917-1923 жылдар. Қазан төңкерісі орын алып, мемлекет басына большевиктер келгеннен кейін Ресейде орын алған бұл соғыста 5,5 миллионнан аса адам өлді деп есептеледі, бірақ көпшілік зерттеушілер адам шығынын 9 миллиондай деп көрсетеді. Азамат соғысы 1920 жылы Қырым халқын эвакуациялағаннан бітті деп есептеледі, бірақ Приморьедегі соғыс ошағын большевиктер 1923 жылы ғана жоюға қол жеткізді. Ал орта Азиядағы басмашылармен күрес 30-жылдардың соңына дейін жалғасты.

Дүнгендер көтерілісі. 1862 жыл. Қытайдың солтүстік-батысында Цин империясына қарсы пайда болған бұл көтеріліске дүнген, ұйғыр, салар секілді мұсылман дініндегі халықтар қатысқан. Бүлік жасағандарға Ресей империясы қолдау білдірген көрінеді. Бірақ Қытай тарапынан қатал басып-жаншылған көтерілісте қайтыс болған адамдар санын зерттеушілер 8-12 миллион аралығында деп көрсетеді.

Ай Лушань көтерілісі. Біздің дәуіріміздің VIII ғасыры. Тан империясы тұсында күшейген Қытайда болған бұл көтеріліс Ай Лушань есімімен байланысты. Оның қолында елдегі 10 шеrаралық өлкенің 3-еуін қорғап тұрған үлкен әскери күші болған. 755 жылы бүлік шығарып, өзін жаңа Янь династиясының императоры деп жариялаған оны 757 жылы қасында жүрген сенімді әтек қызметшісі инемен шаншып өлтірген. Алайда ол бастаған көтеріліс 763 жылы ғана басылып, қан-қасап басталып кетеді. Соның себебінен 13 миллион адам ажал құшқан. Ал кейбіреулер сол кезде Қытайда 36 миллион адам қырылған деп санайды екен. Егер оған сенер болсақ, 36 миллион сол кездегі әлем халқының 15 пайызы екен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі ең үлкен адам шығыны болып шығар еді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс. 1914-1918 жылдар. 4 жылға созылған Бұл соғыста 15 миллион адам көз жұмған деп айтылады. Соғысқа ат берген «Таймс» газетінің әскери шолушысы полковник Чарлз Репингтон екен. Және сол тұста жұқпалы індеттерден тағы 50 миллиондай адам ана дүниеге аттанған көрінеді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың себебінен жер бетінде төрт империя жойылды: Олар Ресей, Осман, Герман, Австро-Венгрия империясы.
Темірлан соғысы. ХIV ғасыр. Орта Азиядан шыққан ұлы шығыс қолбасшысы Темірлан 45 жыл бойы өзге елдерді жаулау үшін жорықтар жасап, ХV-ғасырдың екінші жартысында әлем тұрғындарының 3,5 пайызының ажалына жеткен көрінеді. Азы 15, көбі 20 миллион адамның қаны төгілуіне себеп болған қаһарлы қолбасшы Закавказьеден Пенджабқа дейінгі ұлан ғайыр елді билеп-төстеген.

Тайпиндер көтерілісі. 1850-1864 жылдар. Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын қытай-крестяндары Хун Сюцюань басшылығымен Қытайдағы Цин маньчжурлар династиясына қарсы көтерілген-ді. Оңтүстік Қытайда Таипиндер патшалығын құрған олардың саны 30 миллионға жеткен. Алай Қытай елі көтерілісшілер құрған мемлекетті ағылшын, француздардың көмегімен 14 жылдан соң қырғынға ұшыратып, 20 миллион адамның қаны төгілген. (Кейбіреулер оны 100 миллионға дейін жеткізеді. Ал егер солай болса, сол тұстағы жер шарының 8 пайызы жойылған деп саналады).
Моңғол империясының соғысы. ХIII-ХV ғасырлар. Тарихшылар ХIII ғасырда Шыңғысхан құрып, кейін оның ұрпақтары басқарған мемлекет тұсында адам қаны судай аққанын жазады. Дунайдан Жапон теңізіне, Новгородтан Оңтүстік-шығыс Азияға дейінгі алып аумаққа әмірін жүргізген Шыңғысханның әскері жүргізген жаулаушылық соғыстары, расында, адам жаны түршігетіндей қатал және ауқымды болған. Оның әскерінің қылышынан өткен және өз әскерлерінде болған шығындарды қосқанда 30 миллиондай (кейбіреулер 60 миллион дейді, ол сол кездегі жер бетіндегі адамның 17 пайызы) адамды бассыз қалдырған ханның әрекеті тарихтағы ең қанқұйлы оқиғалардың бірі болып қала береді.

Екінші дүниежүзілік соғыс. 1939-1945 жылдар. Бұл туралы жоғарыда толығырақ баяндалғандықтан қысқа ғана тоқталып өтеміз. Бұл соғыста бұрын-соңғы тарихта болмаған қан-қасап орын алған. 71 миллионнан аса адамды қара жер құшағына алды.

P.S: Адамзат тарихында ешқандай ақтауға келмейтін әрекет – соғыс. Тірі жан иесін аямайтын, миллиондаған жазықсыз адамдардың қанын төгіп, талай адамның мезгілінен бұрын көктей солдыратын, елдерді бүлдіріп, табиғатқа орасан зор зиянын тигізетін, бір елдің еңбегімен тапқан байлығын тонап, зұлымдықтың қандай түрінен де қайтпайтын соғысқұмарлықтан асқан жауыздық жоқ.

Ең мықты ел – соғыстан аман, іргесі бүтін, халқы аман ел! Сондықтан азат Қазақстанның әлемде мерейі үстем, бағы артық.
Жаратқан Мәңгілік Елді мәңгілік мұратына жеткізсін!

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Соңғы жаңалықтар