ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ӘБЖІЛДІК ТАНЫТҚАН ӘКІМ КІМ?

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ӘБЖІЛДІК ТАНЫТҚАН ӘКІМ КІМ?

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ӘБЖІЛДІК ТАНЫТҚАН ӘКІМ КІМ?
ашық дереккөзі
Бүгінде жұрт өмірін әлеуметтік желісіз елестете алмайды. Шын мәнінде, желіге байланған заман туды. Себебі жаңа технологияның қарыштап дамуы соны талап етуде. Оның үстіне кез келген шұғыл ақпарат пен төтенше оқиғалар, күн тәртібіндегі күйіп тұрған түйткілдер әлеуметтік желіде жиі талқыға салынады. Әсіресе, желі арқылы шалғайдағы өңірде нендей мәселе болып жатқанынан да әп-сәтте хабардар боламыз. Осыны ескерген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ әкімдерінің халыққа жақын болуын және халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білу керектігін ескерткен еді. «Кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады», – деген-ді Қ.Тоқаев. Президент бұл үрдісті өзі әлдеқашан бастаған. Барған жерінен түйген ойларын үнемі әлеуметтік желіге жазып отырды. Және өңір әкімдерінен де соны талап етті. Осылайша, президент пәрмен берген соң, шенеуніктер жаппай әлеуметтік желіге тіркеліп, әрдайым ашық екенін білдіре бастады. Алайда, бұл науқаншылдыққа ұласып кетпесе болғаны.
Соңғы кезде шенеуніктер әлеуметтік желіге жаппай тіркеліп әлек. Осыны пайдаланып, әкімдердің белсенділігін анықтау мақсатында бәрнеше әкімге сауал жолдап көрдік. Соның ішінде әбжілдік танытқан әкім Ералы Тоғжанов болды.
Сонымен, президенттің тапсырмасынан кейін әлеуметтік желіде парақша ашқан әкімдердің қайсысы белсенді? Олар желі арқылы халықтың мұң-мұқтажын шешуге қаншалықты көңіл бөлуде? «Матрица» интернет-порталы желіге тіркелген әкімдердің екі аптадағы белсенділігі туралы арнайы рейтинг жасапты. Көштің басында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, екінші орында – Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, үшінші орында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұр. Соңғы бір айда парақшасы оқылымды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов та алғашты бестікте. Әрине, қалған әкімдер де тіркелгені болмаса, көбінесе қойылған сауалдарға басқарма және бөлім басшылары, баспасөз қызметі өкілдері жауап береді. Себебі әлеуметтік желіде белгілі бір мәселе туралы жазып, өңір әкімдерін белгілесек те, «мәу» демейтіндері баршылық. Ал олар парақшаларын аймақта болып жатқан соңғы жаңалықтар мен ақпаратқа толтырып тастауға шебер. Бәлкім, мұндай әкімдіктер жұмыс істеп отырғанын осы арқылы көрсеткісі келетін шығар, кім білсін? Рейтинг түзушілердің айтуынша, жағымсыз жаңалық аз болған сайын сол өңірдің әкімі де үздіктер қатарында. Дегенмен әкімдердің жалпы рейтингінде бірінші орында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, екінші орында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, үшінші Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, төртінші орында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, ал бестікті Маңғыстау облысы Ералы Тоғжанов аяқтап тұр. Біз де әлеуметтік желідегі әкімдердің белсенділігін анықтау мақсатында бірнеше әкімнің парақшасына (жекесіне) жаздық. Соңғы кезде жол апаты жиі тіркелген өңір Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімдеріне ажал аждаһасына айналған жолдардың мәселесі және «жол апаты дерегін қалай азайтуға болады?» деген сұрақты қатар қойдық. Себебі ай мен күннің аманында бір мезетте бірнеше адамның өмірін қиып жатқан жол апаты оқиғасы жиілеп кетті. 21 сәуірде Жамбыл облысындағы жантүршігерлік апаттан 11 адам көз жұмып, 31 адам ауыр жарақат алған еді. Ал осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау облысындағы Шетпе-Бейнеу тас жолында бір күнде екі көлік апаты орын алып, төрт адам бақилық болды. Осы аптада Шығыс Қазақстан облысындағы Семей-Қарауыл тас жолында екі көлік қақтығысып, алты адамның өмірі қиылды. Бейбіт заманда адамдардың ажал құшуына не себеп? Кім кінәлі? Жасыратыны жоқ, басқа өңірлермен салыстырғанда Шығыс Қазақстан облысына қарасты күре жолдардың жағдайы сын көтермейді. Діттеген жеріңе жетем дегенше шұрқтесік жолдан зәрезап боласың. Сол баяғы кеңестік кезеңдегі тас жолдың әбден тозығы жеткен. Республикалық маңызы бар жолды жөндеуге неге құлықсыздық танытатынымыз түсініксіз. Отандық туризмді дамытамыз дейміз, бірақ соны әуелі жолды жөндеуден бастауды ескере бермейтініміз өкінішті. Осыдан 300 жыл бұрын Майқы бидің «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегеніндей, өлімі темірден болған талай адамның қаны қара жолға сіңді, талай арман қара жолда үзілді. Дерек бойынша, автокөлік әлемдегі ең қауіпті тасымал құралы көрінеді. Соңғы уақытта ұшақ та жиі құлап, пойыз да жиі қақтығысып жатқанымен, автокөліктің соқтығысуынан болған апаттардан қаза тапқандар әлдеқайда көп. Міне, біз осы мәселе бойынша қандай шара қолға алынып жатқанын үш облыс әкімінен білгіміз келген. Соның ішінде сауалымызға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қана селт етті. Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бір тәулік өтсе де хатымызды оқыған да, жауап берген де жоқ. Сонымен, көптің көңілін күпті еткен жол апаты мәселесі бойынша тұшымды жауап берген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың жауабын беруді жөн деп таптық. «Маңғыстау облысы республикалық маңызы бар «Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе» автожол учаскесінің ұзындығы 308 шақырымды құрайды. 2018 жылдың қараша айында қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін, «Сай-Өтес – №10 бекет» (514-574 шқ.) соңғы жол учаскесі пайдалануға берілді. Ұзындығы 60 шақырым. Бүгінгі күні «Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе» жол учаскесі нормативтік талаптары мен жол қауіпсіздігі талаптарына сай келеді. Жол көлік оқиғаларының сараптамасы көрсеткендей, 2018 жылы аталған жол учаскесінде 7 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2017 жылмен салыстырғанда – 16 апат, яғни оқиғалар саны 56 пайызға төмендеді. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері автокөлік құралдары жүргізушілерінің қозғалыс жылдамдығы, қарсы трафикке түсу салдарынан болуда. Маңғыстау облысының республикалық маңызы бар жолдарында жол-көлік оқиғалары жағдайы жол нашарлығына байланысты деуге негіз жоқ. 2018 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша шаралар кешенінде келесі жұмыстар атқарылды: 1. Ағымдағы жылдың қазан айында жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында облыс әкімдігі, жергілікті полиция қызметі және фермерлік шаруашылық басшыларына жануарларға жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, түнде жолдан өтетін жануарларға тосқауыл болу үшін 1529 үй жануарына жарық шағылыстырғыш жолақ тағылды. 2. Көпірлер мен жол өтпелерінің жолдарында, сондай-ақ, жолдардың басқа учаскелерінде автокөлік құралдарын тоқтауға және тұруға тыйым салу үшін 3 419 м2 көлемінде сары бояумен жол таңбалар сызылды. 3. Тораптар, көпiрлер мен өтпелi жолдардың бөлiну осьтерінде, бұрылыс алаңдарында 64 дана жол буферлері орнатылды. 4. Жолдардың аса қауіпті учаскелері бойында 2 дана жылдамдықты өлшеу аспаптарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. 5. Жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттыру үшін 16 дана шамдардағы жарықдиодты белгілері орнатылды. 6. Жолдардың пайдаланушылары, сервис ұйымдары және жолдардың пайдаланушылары барлық қызығушылық тудыратын мәселелермен байланыса алатын менеджерлердің байланыс деректері туралы ақпаратпен 10 дана панельді орнату бойынша жұмыс жүргізілді. 7. Әкімшілік полиция басқармасымен, жергілікті полиция қызметі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен республикалық жолдарда апаттың алдын-алу шаралары өткізіліп, онда қозғалыс қауіпсіздігі бойынша материалдармен жол жүру ережелерін сақтау қажеттілігі туралы көлік жүргізушілеріне түсіндірме жүргізілді. 2019 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында келесі іс-шаралар жоспарланған: - «шу жолақтары» құрылғысы – 144 м2; - жарықдиодты жол белгілерін орнату – 6 дана; - шағылыстырғыштарды орнату (катафоттар) – 100 дана; - жол аралықтарын (буферлер) орнату – 190 дана; - қозғалыс жылдамдығын өлшеу үшін аспаптарды орнату – 2 дана. Жалпы, Маңғыстау облысында пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2798,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағы – 1049 шақырым, облыстық және жергілікті маңыздағы – 1749,7 шақырым. Облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 92 пайыз. Биыл «Шетпе-Қызан», «Шетпе-Ұштаған», «Тұщықұдық ауылына кірме жол», «Ақтау-Форт-Шевченко-Қаламқас кен орны» салынады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 1 жаңа жоба іске асыру жоспарланған, ол: «Басқұдық» елді мекенінен мамандандырылған ХҚКО-на дейінгі ұзындығы 4,3 шақырым. Республикалық маңыздағы «Жаңаөзен – Кендірлі – Түркіменстан шекарасы» (164 км) және «Құрық-Жетібай» (64 км) жолдарының құрылысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тарапынан жоспарланған. Сонымен қатар, Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе, Баянды, Маңғыстау-4 және Ақтау – ХГМЗ арасындағы ауылішілік жолдарының жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда облыстағы көлік инфрақұрылымын дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 10 жоба іске асырылуда, оның ішінде 2018 жылы 3 жоба толығымен аяқталды, олар: Республикалық маңыздағы «Бейнеу-Шетпе» 60 км автомобиль жолын қайта құрылымдау (Сай-Өтес – №10 бекеті, 514-574 км, құрылыс мерзімі: 2017-2018 жж.); Аудандық маңыздағы «Қияқты-Тұщықұдық» 22,5 км автомобиль жолын қайта құрылымдау (құрылыс мерзімі: 2017-2018 жж.); Облыстық маңыздағы «Ақтау-Қаламқас» және «Таушық-Шетпе» автомобиль жолдарындағы 20 дана жасанды ғимараттарды қайта құрылымдау (құрылыс мерзімі: 2017-2018 жж.). Иә, есеп үшін әлеуметтік желіге тіркелу бар да, ондағы жұрттың сауалына елең етіп, жауап беру бір басқа. Соған қарағанда өңір әкімдері әлеуметтік желінің де қарым-қатынас құралы екенін сезініп, дұрыс пайдалануды меңгере алмай жатқан сияқты. Әрине, «әкімдердің қолы бос емес қой, ерігіп жүр ме?» деген уәж айтушылар табылады. Дегенмен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов та солар сияқты жұмыс істеп жүріп, жауап беруге уақыт тапқанына ризашылық білдірсек дейміз. Қазір жаңа технологияның мүмкіндіктерін қалт жіберуге болмайды. Егер ол кез келген адамның мәселесін жедел-ғабыл шешуге атсалысса, тіптен жақсы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ